Жұмыссыздыққа жол бермеңіз

Жұмыссыздыққа жол бермеңіз
Фото: express-k.kz

Қай заман болсын кәмелет жасына жеткен әрбір азаматтың басындағы басты мәселе жұмысының болмауы. Білімі мен дипломы болса да, жұмыссыз жүрген жандар қатары көп. Күнкөрістің қамы үшін ауыр-ауыр жүк түсіріп, базар ішінде арба сүйрегендер де жетіп артылады.  Ал оның астарында, яғни неліктен осындай жағдайға жеткенімізді ойланып көрдік пе?

Мәселені таразыға салып, саралап көрейікші. Мектеп бітірген жас түлек ҰБТ тапсырады. Тест тапсырып бағы жанып түсіп кеткеннің өзінде де өзі қалаған мамандыққа қолы жеткеннің қатары аз. Жүрегімен қаламаған мамандықты оқып шыққан жастың әрине жақсы кадр болып жұмыс істеуі неғайбыл. Тіпті бітірген күннің өзінде де  өзінің қай салада қызмет ететінін білмейтін мамандар да жетіліп артылады. Осындай олқылықтың салдарынан жастардың көпшілігі жұмыссыз жүр.

Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің ресми деректері қазақ елінің 460 мыңнан астам тұрғындарының жұмыссыз екендігін растады. Осы мәселеге байланысты Астана қаласының жұмыспен қамту орталығына келушілер саны да көп. Орталыққа 2013 жылы 900 жас жұмыссызбын деп келсе, 2014 жылдың басынан бастап 3000 азамат тіркелген. Байқасаңыз, жұмыссыздар қатары артып барады.  Ал осы 3000 тіркелушінің 1500 ғана жұмыспен қамтылған. Қалғаны қайда? Не істеп жүр? Ал бұған нақты жауап айта алмаймыз.

Екі қолға бір күрек таппаған жастар саны неге көп?

Ал еліміздегі өткір мәселенің түп-төркіні білім десек, жұмыссыздықтың да басы осыдан шығатыны айқындалады. Біздің мемлекетте 4,5 миллион жас бар. Қалалықты айтпағанда, араларында ауылдан келіп оқитыны, кәсіпте жүргені бар 2,4 миллион жас дуы мен шуы көп қалада өмір сүріп жатыр. Ал 1,9 миллионы ауылда тұрады. Сол жастардың 117 мыңы екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыздық санын арттырып жүр.

Неге дейсіз?  Өйткені оқу орнын бітірген жас маман жұмыс іздеп жұмыс беру бөлімшелеріне барса "стаж бар ма?"деп сұрайды. Ал оқу орнын жаңа бітірген жастарда "еңбек өтілі" қайдан болсын. Осы күні жастарды діңкелетіп бітірген осы жайт екені шындық, оны жасыра алмаймыз.

Сонымен қатар, екі қолға бір күректің табылмауының тағы мынадай бір себебі бар. Қазіргі таңда орта мектеп оқушылары 11-сыныпты бітірмей, колледжге оқуға түсіп жатады. Ал, сол колледждер нарық сұранысына қажетті мамандарды дайындап жатыр ма?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір елімізде 849 колледж бар. Оның 472-сі мемлекеттік, 377-сі жекеменшік. Оларда саны 570 мыңға жуық студент оқиды. Оның 244 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Яғни, 40 пайызы. Соңғы 5 жылда орта білім беретін 33 оқу орны жабылған.

Кей колледждердің кәсіби маман дайындауға өресі жетпейді. Өйткені, қазір 849 колледждің тек 176-сында ғана дуальді оқыту енгізілген. Яғни, қалған 673-сінде теория мен тәжірибе ұштаспайды. Бұл- болашақ мамандарды қабілетсіз етеді. Қабілетсіз жастар, әрине, қоғамда сұранысқа ие емес.

Сонымен қатар, жастардың көпшілігі оқуды бітіре салысымен дайын орындыққа жайғаса салғысы келеді. Сол себепті, жастар заңгер, қаржыгер, менеджмент, экономика және несие мамандықтарын иеленіп жатады. Алайда, қоғамда осы мамандықты игергендердің толықтай 100% жұмысқа орналаса қоюы екіталай. Бізде қаржыгер, заңгер, банкир көп. Бірақ нарықта оларға сұраныс жоқтың қасы. Керісінше, тігінші, аспазшы, дәнекерлеуші мамандығын игергендер аз. Бірақ оларға жұмыс бар. Яғни, жұмыс нарығында осыған сәйкес тепе-теңсіздіктің барына көз жеткізуге болады. Сондықтан да, жұмыссыздыққа бой бермеу үшін сұранысқа ие, халыққа пайдасы зор, өзіңізге ұнайтын мамандыққа қарай жол тартыңыз.

Ә. Жутаева