Мектеп куәлігінің қыр-сыры

Мектеп куәлігінің қыр-сыры
Фото: Хабар

Мектеп бітіргеннен кейін берілетін куәлігіміздің жоғарғы оқу орнына  түсерде маңызы зор. Мемлекеттік гранттың шектеулі екені де бәрімізге аян. Соған қарамастан, бағаға мән бермейтін тұстарымыз өте көп. Мектеп қабырғасындағы әр пәннің бағасы – сіздің білім көрсеткішіңіздің нәтижесі. Куәліктің түсі қызыл және көк болып бөлінетіні белгілі. Ресми атауы – аттестат.

Бұл екі түстен бөлек "Алтын белгі" иегерінің жеке аттестаты болатыны тағы бар. Бұлардың бір-бірінен басты ерекшелігі он бір жыл білімнің бағалық көрсеткішінде. Оқуға түсерде екі адамның нәтижесі бірдей болса, міндетті түрде аттестаттың орташа көрсеткіші жоғары түлек оқуға бірінші болып түседі. Қызыл аттестат немесе ерекше аттестат иегерінің орташа баға көрсеткіші – 5 болатыны белгілі. Дегенмен, "Алтын белгі" иегерінің  аттестаты мен ерекше аттестат қатар бәсекеге түссе, міндетті түрде "Алтын белгі" иегері оқуға бірінші болып түседі. Олардың жеке-жеке өзіне тән ерекшеліктері бар.

Көк түсті аттестат – он бір жыл бойы алған бағаларыңыз аралас болса, яғни "3", "4", "5" деген бағаларды қатар алып жүрсеңіз қарапайым көк түсті куәлік аласыз. Алайда, бағалардың барлық жиынтығын есептеп, ортақ көрсеткіш шығарылатынын ұмытпаңыз. Сондықтан, үштік бағаның көп болмауын қатаң бақылауға алыңыз.

Қызыл түсті аттестат – көбіне бұл құжат оныншы және он бірінші сыныптағы үлгеріміңізге қатысты болып келеді. Аталмыш екі жылда барлық пәннен тек қана бестік баға алсаңыз, оған қоса кей-кездері "Алтын белгіге" ұсыныла отырып, бір балл жетпей қалып жатса да, осы ерекше аттестты ұсынады. Бұл аттестаттың баға көрсеткіші – 5,0 шкаласын көрсетеді. Алайда, осы құжатпен кез келген мамандыққа жол тарту өте қиын. Есеп және аудит, халықаралық қатынастар, екі шет тілі, экономика, құқық, кеден ісі сынды мамандықтарға ерекше аттестатпен де түсе алмай жатқандар жетіп артылады. Сондықтан, мамандық таңдағанда салыстыра кетуді ұмытпаңыздар.

Алтын белгі аттестаты – бұл аттестатты алу үшін он бір жыл бойы үздік бағаға оқуыңыз керек. Әр тоқсанның өзінде төрттік баға болмау керек. Орташа баға көрсеткіші – 5,0. Көп жағдайда мемлекеттік грантты бірінші болып иеленуге толықтай құқылы. Бұл құжаттың жатақхана алар тұста да маңызы зор. Дегенмен, кей мамандықтарға грант шектеулі екенін ескерсек, "Алтын белгі" иегері бола тұра да шеттетіліп қалу шарттары бар. Сондықтан, бұл жерде де мән беру қажет.

Осындай куәліктердің сыртқы формасы маңызды болмаса да, ішіндегі бағаларға лайық болайық.

Ә. Жутаева