Балалықтан сыр шертер бес кітап

Балалықтан сыр шертер бес кітап
Фото: www.inform.kz

Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?! Вконтакте, инстаграм сынды әлеуметтік желілердің қызығы қалмады ма?!

Ендеше, сіз бен біз болып кітап оқиық. "Абай жолы" немесе "Көшпенділер" сынды ірі шығармаларға қадам баспай тұрып, өзіміздің жасымызға сай келетін шығармаларды таңдап, тізімін жасап алайық.

1. Бердібек Соқпақбаев                "Өлгендер қайтып келмейді"

2. Сайын Мұратбеков                   "Жабайы алма"

3. Бердібек Соқпақбаев               "Балалық шаққа саяхат"

4.Бердібек Соқпақбаев                "Он алты жасар чемпион"

5. Жюль  Верн                             "Су астындағы 80 000 км сапар"

Аталған шығармалардың барлығы дерлік орта буындағы оқушылардың өмірінен сыр шертеді. Оқи отырып, өз заманымызбен салыстыруға болады. Осы шығармалар жөнінде  қысқаша мазмұн беріп кетейін.

Бердібек Соқпақбаев шығармаларының тілі жеңіл. Оқиға желісі де ойдан шығарылмаған, өмірден алынған. Автор оқырманды кейіпкерлерімен баурап алады. Көркем шығарманы оқып бітіргеннен кейін кейіпкермен қоштасқың келмей қала береді. Неге?! Себебі, болмыс, мінез, іс-әрекет барынша шынайы. Мектеп бағдарламасынан "Менің атым  Қожа" шығармасын оқыдыңыздар ғой. Қаншалықты қызықты?! Ал, сіздерге дәл осы автордың өзге де шығармаларын ұсынып отырмыз.

"Өлгендер қайтып келмейді". Шығармада Еркін мен Ғалияның нәзік сезімдері бала махаббатың кіршіксіз шынайылығын аңғартады. Соғыстың сұрапыл кезеңі мен соғыстан кейінгі кезеңді қамтитын бұл шығарманың шытырман тұстары өте көп. Тақырыбы не үшін "Өлгендер қайтып келмейді" деп аталады?! Оны сіздердің оқырмандық көзқарастарыңыздың еншісіне қалдырайық.

Бердібек Соқпақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" шығармасы да оқуға ұмтылған ауыл балаларының өмірінен сыр шертеді. Автордың бұл шығармасы өз өмірінің көріністерінен тұратын бірден-бір туынды. "Он алты жасар чемпион" туындысын оқи отырып, спортқа деген қызығушылығымыз оянары сөзсіз. Әлжуаз Мұраттың жеңіске деген құлшынысының арқасында биіктен көрінуі қай-қайсымызды болса да бейжай қалдырмай, жетістікке жетелері анық. Бокстың күрделі спорт екенін де осы шығарма арқылы айқын аңғаруға болады. Ендеше, бір автордың үш шығармасын оқи отырып, ой бөлісейік. Өз өміріміздің қызық та қиын тұстарымен салыстырайық. Біз қандаймыз?! Олар қандай болған? Жауап іздейік.

Сайын Мұратбековтің де "Қылау" әңгімесімен мектеп бағдарламасынан таныспыз. Авторды одан әрі танығыңыз келсе, "Жабайы алма" шығармасын міндетті түрде оқыңыз. Қанаттың басынан өткен қызық күндерге куәгер болыңыз. Әжібектің әдепсіз қылықтарынан сабақ алыңыз. Дәл осы секілді кейіпкерлер біздің өмірімізден де табылатыны сөзсіз. 

Соңғысы, Жюль Верннің "Су астындағы 80 000 км сапар" шығармасы. Оқиға желісі шым-шытырық. Географияға қызығушылығыңыз болса, міндетті түрде оқыңыз. Жұмбақ нәрсені білгенше ынтығу адамзаттың үлесіне тиген ерекше қасиет. Ендеше,  іске сәт!

Ә. Жутаева