ОҚО-да 84 түлекке грант табысталды

ОҚО-да 84 түлекке грант табысталды
Фото: b-port.com

Оңтүстік Қазақстан облысында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 84 түлек жоғары оқу орындарына тегін жолдама алды.

Облыс әкімінің грантын иемденгендердің барлығы ҰБТ сынағында жоғары балл жинаған оқушылар. Олар өңірдегі 12 жоғары оқу орнында ақысыз білім алатын болады. Үрдіске айналған игі бастамаға іргелі оқу орындары осылайша қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, биылғы оқу жылында облыс бойынша қамқорлыққа мұқтаж 199 бала мектеп бітірген. Оның 100-і колледждерге оқуға ниет білдіріпті. 6 бала еліміздің өзге өңірлеріне барып білім алуға ықылас танытқан. Ал қалған 9 түлек жұмыс істеуге ниет білдіріпті. Жас түлектердің арасында балалар үйінде тәрбиеленген жастар да бар. Солардың бірі – Ольга Михайленко. Сайрамдағы №4 балалар үйінде білім алған жас қыз журналист болуды армандайды. Шымкенттегі мемлекеттік жоғары оқу орнына ұйымдастырушы мамандығына жолдама алған ол болашақта бала күнгі арманына қол жеткізетініне сенімді.

Ольга Михайленко, грант иегері:

- Болашаққа қадам басар алдында өздеріңіздің ыстық лебіздеріңізді есту бізге үлкен құрмет. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық деп қана білмей, сонымен қатар ол аса жауапты міндет екенін түсінеміз. Қазақстан Республикасының болашағы үшін қызмет ететін азамат боламыз деп уәде береміз. Еліміздің ертеңі үшін жасап жатқан істеріңіз жемісті болсын.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы