Түлектер ҰБТ тапсырмасынан 140 қате тапқан

Түлектер ҰБТ тапсырмасынан 140 қате тапқан
Фото: lada.kz

ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 2016 жылғы 2-9 маусым аралығында өткен ҰБТ тестілеуіне қорытынды жасады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, тестілеу республиканың барлық облыс және басым көпшілігі аудан орталықтарындағы 165 тестілеуді өткізу пунктерінде өткізілді. Тестілеуге өтініш берген 86 999 түлектен 84 079 бітіруші қатысты, соның ішінде қазақ тілінде - 61 739, орыс тілінде - 22 340 бітіруші.

Сонымен қатар, тестілеудің нәтижесі бойынша шекті 50 баллды 14 252 түлек (16,95 пайызы), оның ішінде қазақ тілді оқыту бойынша 10 267 түлек болса, орыс тілді оқыту бойынша 3 985 оқушы жинай алмады. Ал бес пәннен 100 баллдан жоғары жинаған түлек саны - 16 565. Айта кетейік, биыл мүмкін болған 125 балды 19 бітіруші жинаған болатын.

Сонымен қатар, тестілеудің жеті күнінің нәтижесінде тыйым салынған заттарды қолданған және аудиторияда тәртіп бұзған үшін 38 бітіруші тестілеуден шығарылып, нәтижелері жойылды. Ал тестілеудің барлық 8 күні бойынша (3-10 маусым аралығында) Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына барлығы 547 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 141 тест тапсырмасы қанағаттандырылды, яғни жалпы тестілеудің сегіз күнінде қолданған тест тапсырмаларының 0,14 пайызын құрайды.

Ведомствоның мәліметінше, келіп түскен өтініштерді қанағаттандырудың мынадай себептері бар: әртүрлі авторлардың оқулықтарындағы оқылудың айырмашылығы мен техникалық себептер, ал оның ішінде баспалық қателер.

Айта кетейік, тестілеу аяқталғаннан кейін барлық ҰБТ қатысушыларына пәндер бойынша жинаған балдары көрсетілген сертификаттар берілді. Осы сертификаттың негізінде олар нормативтік құжаттарда белгіленген қажетті ең төменгі баллды жинаған жағдайда жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуге және білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құқылы.

Дереккөз: tengrinews.kz

Е. Жұмабайұлы