ҰБТ: Математика

ҰБТ: Математика
Фото: www.setwalls.ru

Көпшілігі ҰБТ жауапкершілігін оқу жылы басталған сәттен бастап сезінеді, ал кейбіреуі кешігеді. Өзіне сенімді болып, уақытын үнемді пайдалана білген адам 125 ұпайды да жинай алады. Анау дайындалмай жүр ғой, әлі уақыт бар ғой деген ойларды миыңыздан шығарып тастаңыз да, математикаға дайындықты дәл қазір бастаңыз.

Мектепте не қосымша сабақта берілген тапсырмаларды ерінбей сол күні орындаңыз. Бұл сізге уақыт ұтуға әрі дайындықтың нәтижелі болуына көмектеседі. Формуланың барлығын түсінбесеңіз де, жаттап алыңыз. Күн сайын қайталап, есеп шығаруда оны қолданып үйреніңіз. Өздігіңізден түсінбесеңіз, мұғалімнің не қатарлас, сыныптасыңыздың көмегіне жүгініңіз. Есіңізде қалған формулаларды қағазға жазып, сосын кітаптан қарап дұрыс-бұрыстығын тексеріңіз. Формулада жіберген қателікті өз қолыңызбен түзесеңіз, жадта жақсы сақталады. Тестке бір күн қалғанда жазған формулаларыңызды түгел қарап, қайталап шығыңыз.

Білегіңізді сыбанып, күніне белгілі мөлшерде есеп шығарыңыз. Алғаш бастағанда бір күнде 5-10 сұрақты шешуге болады, кейін 15-20 етіп көбейте бересіз. «Менің қолымнан бәрі келеді» деп өзіңізге жиі айтыңыз. Тек өзіңіз белгілеген есеп мөлшерінен аз шығармаңыз. Сіздің күнделікті неше есеп шығарғаныңызды тексеруді біреуге (ата-ана, дос, қыз-жігіт) тапсырып қойсаңыз болады.

Өткен жылғы тест жинақтарын алып, қай есепке осал екеніңізді анықтаңыз. Есептерді нақты жазыңыз. Кейін басқа есепті шешуде үлгісін көруге ыңғайлы болатындай түсінікті жазылуын қадағалаңыз. Берілген есепті асықпай, мұқият оқыңыз. Сұрақтарды ретімен шешіңіз. Қиындық келтірген есепті тастап кетіп, барлығын аяқтаған соң қайта оралыңыз.

Шықпаған есепке бас қатырып, жүйке жұқартып, уақыт жоғалтпаңыз. Есепті шығарған соң сіздің жауабыңыз берілген нұсқадағы жауаптармен сәйкес келмесе, есептен қате іздеп әлек болмаңыз, одан да қайта шығарыңыз. Шимай қағазыңызға есепті дұрыс көшірдіңіз бе, таңбадан қателік жіберген жоқсыз ба – осыны анықтаңыз. Дұрыс шығарғаныңызға сенімді болсаңыз, есепке жүйрік басқа адамға көрсетіңіз.

Миыңызды қоректендіріңіз – өзіңізді дамытыңыз. Ойлау жүйеңізді жетілдіріңіз. Бір тақырыптағы есептен үнемі қате жіберіп, шығару жолын есте сақтай алмайтын болсаңыз, миға шабуыл жасаңыз. Әдетте бітіруші сыныптар миға шабуыл жасау үшін көптеген өлең жаттайды, бұйығып жатқан ми іске қосылған соң, есеп шығаруға да қабілеті артады. Өзіңізге сұрақ қойып, сол сұрақтың жауабын іздеңіз.

Сынақ тестен төмен ұпай жинасаңыз өзіңізден өзге кінәліні іздемеңіз. Нағыз тест кезінде сан соғып отырмас үшін күн құрғатпай дайындалыңыз.

@. @assel_assanova