Мамандықтың бәрі жақсы: Беттеуші

Мамандықтың бәрі жақсы: Беттеуші
Фото: dljametrosexuala.ru

Біз тіке және өзге қырынан қарағанда, бәріміз де беттеушіміз. WORD бағдарламасында мәтін тергенде арақашықтықты, шрифтті, абзацты реттей отырып, мәтінді беттейміз, демек мәтін беттеу ісімен бәріміз де айналысамыз.

Беттеуші – компьютер көмегімен болашақ баспа өнімінің басылып шыққанға дейінгі макетін дайындаушы маман. Ол мәтінді тұтастырып, иллюстрация, кесте, графика – барлығын бір ретке келтіріп, болашақ кітап не журналдың сұлбасын жасайды. Жаңа өнімді қолға алғанда біртұтастық, үйлесімділік бірден көрінетіндей етіп жасау керек. Әдетте, бала күнінде құрастырғышты (мозайка) көп ойнаған адамдар бұл іспен жақсы айналысады.

Бұл жұмысты істейтін адамға қойылатын талаптар: техникалық және шығармашылық дарындылығы ұштасу, эстетикалық талғамы болу, түстер үйлесімділігінен, стильден хабары болу. Ұқыпты, табанды, өз-өзіне сынмен қарай білетін, шыдамдылық қабілеті болуы керек.

Верстка маманы суреттерді өңдеуге, беттеу жұмыстарына арналған компьютерлік бағдарламаларды игеріп, техникалық редакторлықты, полиграфиялық дайындық қағидаларын жетік білуі тиіс.

Бұл істі игеру үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Орталық Азия университеттеріндегі «Баспа ісі» мамандығын оқуыңызға болады. Сонымен бірге қосымша курстардан да дәріс ала аласыз. Тіпті интернеттегі тегін кітаптар мен видеолардан үйренуге болады.

Жұмыс орны: басылым редакциясы, жарнама агенттігі, баспа, интернет порталдары. Кей қызметкерлер тұрақты жұмысқа орналаспай, фрилансерлік іс істей береді, үйде отырып нақты тапсырыстар қабылдайды. Әдетте бір бет жасау шамамен 350 теңгемен бағаланады.

Жақсы беттеуші келушілерімен тату қарым-қатынас орнатып, тіл табыса білсе, оған жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Қызметіне зәру адамдар оны өздері-ақ іздеп табады.

@. @assel_assanova