Ақыл мен жүректің қайсысын тыңдаймыз?

Ақыл мен жүректің қайсысын тыңдаймыз?

Болашағымыздың жарқын болуын қалайтындықтан, әркез таңдауды дұрыс жасауға тырысамыз. Адамның болмысына махаббат сезімі тән болғандықтан, жүректі тыңдауды ұйғарсақ, енді бірде ақылға бой алдырамыз. Ал екеуінің қайсысын тыңдаған дұрыс?

ҰБТ-ға дайындық барысында алдымызда материалды игеру мәселесі тұрады. Есіңізде болсын! Өзімізді қинау арқылы ешбір материалды меңгере алмаймыз. Адамның психикасы кез келген нәрсені сүзгіден өткізіп, оны жүрегіне дейін жеткізетіндей құралған. Сол себепті кез келген істі бастамас бұрын адам өзінің жүрегіне оның не үшін керек екенін түсіндіруі қажет. Әдетте мұнымен айналысуға уақыт таппаймыз. Еш пайдасы жоқ деп ойлаймыз. Мысалы, сіз экономист болғыңыз келді делік. Ақылыңыз аталған салада табыстың көп екенін айтса, жүрегіңіз өзге бір нәрсені қалайды. Ал экономиканың қыр-сырын білгісі келіп, оның жұмыс істеу механизмін ұнататын адам бұл саланы бірден меңгеріп кетеді.

Таңдау жасамас бұрын болашағыңызға көз салыңыз. Мен бұл пәнсіз өмір сүре алмаймын деген ойда болып, өзіңізді қызға қолы жетпеген жігіттей сезінуіңіз керек. Сіз намысты жігіт болғандықтан, өзіңізді жүгіртіп жүрген қыздың алдында тізерлегіңіз келмейді. Бірақ ол қызбен мәңгілік бірге болуды армандайсыз. Ақырында тізе бүгіп, сүйген қызыңызға үйленесіз. Өйткені сіз үшін болашағыңыздың маңызы зор. Осы секілді кез келген нәрсені жүрекпен сезіне біліңіз. Қалау жоқ жерде нәтиже де болмайды.

Білім алудың екі тәсілі бар. Адам баласының физикалық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, барлығына үлгермейді. Сол себепті үнемі таңдау жасауына тура келеді. Білім алу мәселесінде де солай. Маңызды және жартылай маңызды деген категориялар болады. Аталған катериялардың екіншісін ысырып, зер салмауыңызға да болады. Тіпті үштік баға алып-алмайтыныңыз да маңызды емес.

Студенттердің көп бөлігі диплом алу үшін терлеп-тепшіп жүгіреді. Шындығында жұмысқа тұрар кезде дипломыңызға емес, тәжірибеңізге назар аударады. Ал біз пайдалы материал меңгерудің орнына дипломдағы бағаны реттеумен боламыз. ЖОО-ны тәмамдайтын кезде пара беріп, бағамызды түзететін де әдетіміз бар.

Егер бір нәрсенің өзіңізге қатты қажет екенін сезсеңіз, бар уақытыңызды соған арнаңыз. Ал сапасыз біліммен ұзаққа бармайтынымыз анық.

Ал Сіз кімді тыңдайсыз?

Сурет: voxpopuli.kz 

Қ. Бүйенбай