Жоғарғы сынып сабақтары толықтай ағылшын тілінде өтеді

Жоғарғы сынып сабақтары толықтай ағылшын тілінде өтеді

Елбасымыз жоғарғы сынып пәндерінің ағылшын тілінде өтілуі керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесін естіген ата-аналар қатты алаңдап, балаларының сабақты ағылшын тілінде оқи алатындығына күмәнмен қарауда. Президентіміз мәлімдеме барысында әрбір қазақстандық тұрғынның қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруі тиіс екенін қайталап айтты.

- Ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап меңгеретіндей жағдай жасаймыз. Ал 11-12 сыныптардағы барлық пән тек ағылшын тілінде өтілуі тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Енгізілетін өзгеріске байланысты облыстық басқарма алаңдап отырған жоқ. Себебі Шекспирдің тілінде нақты қашан сабақ өткізетіндері әзірге белгісіз.

Мекеме басқарушысы Асқар Нұрғазиев: «Пәндердің ағылшын тілінде өткізілетіндігін растайтын құжаттар әзірге жоқ», - деп толықтырды.

Педагог мамандар ағылшын тілін меңгеріп кетуге ШҚО оқушыларының мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екендігін айтады.

- Аймақ бойынша 500 педагог математика мен жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өткізеді. Мұндай сабақтар Назарбаев Зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде және осы секілді өзге де мектептерде жүргізіледі, - дейді Асқар Қисайұлы.

Сурет: zhasorken.kz

Қ. Бүйенбай