Флегматиктерге қай мамандық сай келеді?

Флегматиктерге қай мамандық сай келеді?

Холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик сынды төрт темперамент туралы естіген шығарсыз. Темперамент дегеніміз – адамның жүйке жүйесінің ерекшелігімен байланысты табиғи қасиеті. Туа біткен қасиетті өзгерту қиын болғандықтан, оны мамандық таңдайтын кезде де ескергеніміз жөн.

Интернет беттерінен темпераментімізді анықтауға арналған арнайы тестілерді табуға болады. Мұнымен қатар, төмендегі психолог мамандардың зерттеуінің көмегімен темпераментімізге сай мамандықты таңдай аламыз.

Флегматик

Бұл – темпераменттердің ішіндегі ең тұрақты тип. Эмоцияға көп берілмейтінімен, күйзеліске қарсы тұра алатындығымен, салмақтылығымен ерекшеленеді. Өте баяу қозғалады. Өзіне берілген тапсырманы жақсы орындайды. Араласатын достары көп емес, әңгімелесу барысында аз сөйлейді. Шешім қабылдамас бұрын көп ойланады. Алайда қабылдаған шешімінен еш уақытта бас тартпайды. Бастаған ісін үнемі соңына дейін жеткізеді. Шулы ортада көп жүре алмайтындықтан, айналасында тек тәртіп болғаны жөн. 

Оқу мен экзаменге дайындалу. Іске бірден кірісіп кете алмайтындықтан, жылдам мерзімде дайындалуы тиіс тапсырмаларды орындай алмайды. Сол себепті уақытты барынша дұрыс жоспарлауы керек. Тақырыпты түсіну үшін, өзектілігін анықтап алғаны жөн. Мысалы, физика пәнінен он оңай тапсырмадан, бір қиын тапсырманы детальды түрде шешу.

Флегматиктерге арналған мамандықтар. Жұмыс істеу қабілеті өте жоғары десек те болады. Бір бастаған ісімен бірнеше жыл бойы айналыса алады. Тұрақтылықты талап ететін жұмыстарға икемі бар.

Флегматиктер диспетчер, зартханашы, дәрігер, есепші, агроном, инженер, мал дәрігері, әкімгер сынды мамандықтарды таңдау арқылы табысқа жетеді. Жылдамдықты талап ететін жұмыстарға орналаспағаны дұрыс. Ал шоу жүргізушісі, хатшы болу сынды қызметтерге тіпті жоламағаны жөн. Мұнымен қатар, нақты күн тәртібі болған кезде ғана дұрыс жұмыс істей алады.

Мамандық таңдау барысында әсер етуші факторларды ескеруіміз керек. Қазіргі заманда мамандық түрінің көптігі соншалық, қалауымызға сайын оңай табамыз.

Ал Сіз өзіңізге ұнайтын мамандығыңызды таңдадыңыз ба?

Сурет: arnapress.kz 

Қ. Бүйенбай