Меланхоликтерге қай мамандық сай келеді?

Меланхоликтерге қай мамандық сай келеді?

Холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик сынды төрт темперамент туралы естіген шығарсыз. Темперамент дегеніміз – адамның жүйке жүйесінің ерекшелігімен байланысты табиғи қасиеті. Туа біткен қасиетті өзгерту қиын болғандықтан, оны мамандық таңдайтын кезде де ескергеніміз жөн.

Интернет беттерінен темпераментімізді анықтауға арналған арнайы тестілерді табуға болады. Мұнымен қатар, төмендегі психолог мамандардың зерттеуінің көмегімен темпераментімізге сай мамандықты таңдай аламыз.

Меланхолик

Ол өте сезімтал, өміріндегі болмашы оқиғаларға байланысты уайымдайды. Ұжым арасында үнсіз жүретіндіктен, оның уайымшылдығы сырт көзге білінбейді. Таныстары көп болмаса да, мәңгілік достықты сақтай алады. Жалғыздықты оңай өткереді. Әңгімелесу барысында қарсы алдында отырған адамды мұқият бақылайды. Бейтаныс адамдармен сөзі жараспайды. Сынды дұрыс қабылдай алмайтындықтан, үнемі жақындарының қолдауына зәру болып жүреді. Детальдарға қатты мән беретіндіктен, берілген тапсырманы мұқият отырып орындайды.

Оқу мен экзаменге дайындалу. Оларға белсенділікті арттыратын істер өте қажет. Сол себепті белгілі бір тақырыпты меңгеру барысында кеңістік пен уақытқа мән беріңіз. Алаңдататын ойлар мен ыңғайыссыз киімінің де болмағаны дұрыс. Егер осылардың барлығын ретке келтірсеңіз, берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шығасыз. Тақырыптардың арасында логикалық байланыс іздеңіз. Экзаменге дайындалу барысында барлық қиындығыңызды естен шығарыңыз. Сізге бойыңызға деген сенімділіктен артық көмекші жоқ.

Меланхоликтерге арналған мамандықтар. Олар бақылағыштық пен детальдарға үңілуді талап ететін салаларда қызмет ете алады. Таңдаған мамандықтарының барынша қарым-қатынаспен байланысты болмағаны жөн. Техника, ақпарат, көркем образдарды жұмыс істеу барысында жақсы пайдаланады.

Меланхоликтер жазушы, суретші, кино сыншысы, бағдарламашы, есепші және сәулетші сынды мамандықтарды таңдағандары жөн. Талантты ғаламдардың көбісі табиғатынан меланхолик болып келеді. Аз ғана күйзеліс оларды жайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Жоғарыда аталғандардан өзге тексеруші, талдаушы, редактор сынды мамандықтар сай келеді. Мысалы, индивидуалды психологтың қызметін атқара алады. Яғни оларға саннан сапа маңыздырақ. Меланхолик таңдаған мамандық бірсарынды болса да, оның шығармашылық қабілетін жетілдіріп отыруы тиіс. Ал жарнамалаушы агент сынды мамандардың рөлін атқара алмауы да ғажап емес. Бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста болу, үнемі қозғалу сындыларды мүлдем көтере алмайды.

Ал Сіз өзіңізге ұнайтын мамандығыңызды таңдадыңыз ба?

Сурет: palata.kz 

Қ. Бүйенбай