Холериктерге қай мамандық сай келеді?

Холериктерге қай мамандық сай келеді?

Холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик сынды төрт темперамент туралы естіген шығарсыз. Темперамент дегеніміз – адамның жүйке жүйесінің ерекшелігімен байланысты табиғи қасиеті. Туа біткен қасиетті өзгерту қиын болғандықтан, оны мамандық таңдайтын кезде де ескергеніміз жөн.

Интернет беттерінен темпераментімізді анықтауға арналған арнайы тестілерді табуға болады. Мұнымен қатар, төмендегі психолог мамандардың зерттеуінің көмегімен темпераментімізге сай мамандықты анықтай аламыз.

Холерик

Холерик қиындықтарға тап болған кезде, құрмалық сезімін бастан өткереді. Ол нар тәуекелге барғанды ұнатады. Уақыт өте келе өзінің мүмкіндіктерін тексеруден өткізіп отырады. Күш-қуаты артып тұрса да, істі соңына дейін жеткізбейді. Әңгімелесу барысында ұшқалақтық, сезімталдық, ашушаңдық секілді мінез танытады. Таныстары ауыз толтырып айтарлықтай көп болса да, барлығымен жақын араласпайды. Жылдам сөйлейді. Сөйлеу барысында қолын сермеп тұрады. Ұжым арасында үнемі көшбасшының рөлін ойнайды. Бір салада ұзақ жүре алмайды. Таңдаған мамандығын да жиі өзгертіп отыруы мүмкін. Шешімді жылдап қабылдап, артынша жиі өкінеді. Жұмыс істеу қабілеті өзгергіш мінезіне тәуелді келеді.

Оқу және экзаменге дайындалу. Холериктер іш пыстыратын жұмыстармен айналыса алмайды. Сол себепті оған ұсынылатын материал барынша қызықты болуы керек. Кітап оқуды сол тақырыпқа қатысты фильм көрумен, көрмеге барумен, пікір-таластарға қатысумен, қиын тапсырмаларды шешумен алмастырыңыз. Экзамен тапсыру барысында материалдарды тақырыптарға бөліп меңгеруге тырысыңыз. Әр блогтан бір-бірін байланыстырып отыратын негізгі ой табыңыз. Өзіңізді қызықтыратын сұрақтардың жауабын өзге адамдармен талқылаңыз.

Холериктерге арналған мамандықтар. Олардың адам баласымен тікелей қарым-қатынасқа түсуді талап ететін мамандықтарға икемі бар. Адамдармен тіл табысуды жақсы көреді. Жаңа салаға тез үйреніп, өзгерістерге де жылдам бейімделеді. Бірсарынды жұмыстардан жылдам жалығады. Холериктің бір салаға қызығушылығы сақталуы үшін үнемі жаңа идеялардың жетегінде жүруі тиіс. Күйзеліске қарсы тұра білетін қасиеттерінің арқасында жақсы басшы бола біледі.

Оларға репортер, радио және телевидение жүргізушісі, менеджер, PR маман, аудармашы, дизайнер, сақтандырушы және жарнамалаушы агент сынды мамандықтар сай келеді. Табысты бизнесмен, кәсіпкер де бола біледі. Қызметте өздерінің графиктеріне сәйкес жұмыс істеуді ұнатады. Жалпы құжат пен техникаға қарағанда басқа салаларда табысқа жету мүмкіндіктері мол.

Ал Сіз өзіңізге ұнайтын мамандығыңызды таңдадыңыз ба?

Сурет: fpp-mpsu.ru 

Қ. Бүйенбай