Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #12

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #12

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Ерболат Қанатбек.

ҰБТ-ға дайындықты 11 сыныптан бастадым. Техниканың қыр-сырын меңгеруге ынтыққандықтан, сабақ оқуға ықыласым болмағанын жасырмаймын. Көбінесе концерт ұйымдастырып, мәдени іс-шараларға қатысуды жөн көретінмін. Алайда теориялық білімнің қай кезде де керек болатынын ұғындым. Жастайымыздан фундамент қалыптастармағандықтан, арада әттең-айлар да болды. Кезінде жіберіп алған мүмкіндіктер мен уақытты қайтарғымыз келді.

ҰБТ-ға барымды салып дайындалсам да, өзіммен бірге телефон, шпаргалка алып кірдім. Бұл сынақтың оқушы психологиясына айтарлықтай әсер ететіні бәрімізге аян. Оның үстіне біз тапсырған жылы сұрақтар базасы ауысты. Олар толықтай жаңарып, балымыздың төмен болуына әсер етті. Әрине төмен бал алғанымызды мұнымен байланыстырғым келмейді. Себебі, білетін бала сұраққа мүдірмей жауап қайырады. Осы орайда бізді дұрыс жауап табуда ұқсас нұсқаларымен аздап шатастырғандарын айтқым келеді.

Ұстаздарымыз сұрақтар базасы өзгергенін ҰБТ-ға аз күн қалған кезде айтты. Лүпілдеген жүрегіміз сыртқа шығардай болып, күні-түні дайындалдық.

ҰБТ болатын күні ерте оянып, аудан орталығына келдік. Межеленген жерге жеткен кезде таң да атып қалған еді. Сағат төртке дейін күтіп, бесте тұрып киімімізді дайындадық. Құдды жаумен күресуге бара жатқандай алдымыздағы сынаққа аттандық. Тігіп алған түрлі қалтамызға шпаргалкілерімізді салып алдық. Аудиторияға кіргенімде ортаңғы орындардың біріне жайғастым. Алдымен нақты білемін деген сұрақтарымды белгілеп, артынша қалғанын шпаргалкадан қарауға тырыстым. Бір-екі қыз ұсталып, аудиториядан шығарылғандықтан, жүрексініп те қалдым.

Арада үш жарым сағат өткен соң бұл қиын сынақты да өткеріп, сыртқа шықтық. Өзімізді күтіп тұрған автобусқа мініп, ауылға жол тарттық. Автобус ішінде сыныптастарым үнсіз отырды. Барлығы нәтиженің қандай болатындығынан қорқып келе жатқан еді.

Адамды болашаққа жетелейтін бала арманы емес пе?! Менің де алға ұмтылуыма сол арманым септігін тигізген секілді. Мамандығымды да өзім таңдадым. Үнемі биология пәнінен жақсы балл алып жүрдім. Алғашында ақ халатты абзал жандардың қатарын көбейткім келді. Қаннан қорқатын әдетім болғандықтан, бұл арманым жүзеге аспады.

Көп жағдайда дайындыққа уақыттың жетіспегенін айтамыз. Алайда бар күш-жігерді бір іске бағыттаса, кез келген қиындықты жеңуге болатынын түсіндім. Осы кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да туған ағам оқыды. Мені қалаға ертіп келіп, 10 күн бойы қазақ тілі пәнінен дайындады. Осының арқасында 23 баллды еншіледім. Оқушы болсам да, ағамның жатақханасында студенттік өмірдің дәмін таттым. ЖОО өміріне деген қызығушылығым арта түсті. Бір шетінен үнемі қамқор болып жүретін ата-анамның үмітін ақтағым келді.

Өнер академиясына түсу үшін қазақ тілі мен тарих пәндерінің баллдары ғана маңызды екеніні білетінмін. Сол себепті, бар уақытымды шығармашылық емтиханға дайындалуға арнадым. Бос уақытымда көлік, моторлы қайық құрастырдым. Ал ҰБТ нәтижесі бойынша жетпістің төңірегіндегі балл алдым.

Баласы бәйге шапса, ата-анасы үйде отырып тақымын қысады демекші, ол кісілердің де тарапынан үлкен қолдау көрдім. Базаның өзгергенін естіп, көңіл күйіміз болмаған сәтте те демеу болған осы кісілер.

Ербол Молдажанов (ағасы): Бауырым дүниеге келген кезде мен небары екі жаста едім. Оның соңымнан еріп, бірге ойнайтыны, не істесем, соны қайталайтыны еміс-еміс есімде. Есейе келе өзіме ұқсаған жанның мен үшін орны бөлек екенін түсіндім. Анашымның түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдап оянғанында мен де ұйықтамайтынмын. Айтқанын екі етпей орындауға тырысатынмын. Бірге түрлі ойын ойнап, әкемізге қолғабыс еттік. Өзім ҰБТ тапсырғаны жылы ол өз тарапынан үлкен көмек көрсетті. Маған үй шаруасын мүлдем істеткізбей, бар уақытымды дайындыққа арнауыма мүмкіндік берді. Қарындастарымызға да қарайлап жүрді. Мен Ерболат дайындалған уақытта қалада болғандықтан, оған мұндай мүмкіндік сыйлай алмадым. Бауыр дегенде ет жүрегіміз елжірейтін қазақпыз ғой. Оның қысылтаяң сәтте демеу бола білгенін еш ұмытпаймын. 

Атам қазақ «Ат шаппайды, бап шабады, бап шаппайды, бақ шабады» деген екен. Мектеп қабырғасында қоғамдық өмірге араласуды ұнатып, оқуға аз көңіл бөлдім. Алайда ҰБТ-дан жүзден асырып балл жинамасам да, бала күнімнен аңсаған мамандығымның иесі атандым. Өнер саласына қадам бастым. Әрине қажырлы дайындық қашан да қажет. Алайда ойдағыдай дайындалуға, немесе алдыңызға қойған мақсатыңызға жетуге аз уақыттың еш кедергі болмайтынын біліңіз. Ештен кеш жақсы демекші, қашан да сағыңыз сынбасын. 

Арманы бар адам биік шыңдарды бағындырады. Құлап қалса, еш ойланбастан қайта тұрып жүгіреді. Мен де әрбір қазақ баласының көкейінде тау мен тасты қопаруға дайын жүрек болса екен деймін. Әрқайсыңызға ҰБТ-дан 125 балл алу бақыты бұйырсын. Қалаған ЖОО-ға түсіп, өз мамандықтарыңыздың майталмандары болыңыздар!

Сурет: Massaget.kz

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?# 6
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 7
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 8
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 9
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 10
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 11

Қ. Бүйенбай