Оқушы мен ұстаз: Сабақтың бөлінбеуіне қалай қол жеткізуге болады?

Оқушы мен ұстаз: Сабақтың бөлінбеуіне қалай қол жеткізуге болады?

Уақыт құстай зымырап, жыл сайын жаңа түлектер ЖОО-ны бітіруде. Сол бітіруші студенттердің арасында болашақ мектеп мұғалімдері бар. Олар желтоқсанда емтихандарын тапсыра салысымен, мектептерге аттанады. Алғаш рет тәжірибе жинақтап, оқушылармен қарым-қатынасқа түседі. Өкінішке орай, барлығы да оқушылардың тілін таба алмайды. Сондықтан кезекті материалымыздың тақырыбы осы орайда болмақ.

Ең алдымен, шәкірттерінің алдында сөйлеп тұрған ұстаздың даусы анық болуы тиіс. Бұл педагогтардың, спорт жаттықтырушыларының ең үздік қасиеттерінің бірі десек, қателеспейміз. Әдетте, сапалы ұстаздарды ең шулы деген сыныпты басқаруға жібереді.

Сөздің қысқалығы мен ойдың нақты айтылуы. Сөз аз болған сайын әсері күшейе түседі. Ал, сөзшеңдік жүйкенің шаршағандығын, өзіне деген сенімсіздікті білдіреді. Шешім қабылдай алатын адамдар әрдайым қысқа да нұсқа сөйлейді. Сондықтан артық сөз айтпауға тырысыңыз. Әсіресе, қобалжып тұрған кезде. Өте қарапайым синтаксистик құрылымдарды пайдаланыңыз. Бір сөйлемде бір ғана нақты әрі қарапайым ой болуы тиіс.  

Оқушылармен жарысып сөйлемеңіз. Сөзіңіздің салмақты екенін танытып, тек барлығы тынышталған кезде ғана сөйлеңіз. Сізбен ешкімнің сөз жарыстырмауына қол жеткізген кезде кімнің қай кезде сөйлейтіндігін өзіңіз шешетіндігіңізді танытасыз. Бұл мақсатқа жету үшін ойламаған жерден тоқтап, оқушылардың түгелдей дерлік назар аударуын күтуіңізге тура келеді.

Мысалы, «Балалар, күнделіктеріңізді алып, үй тапсырмасын жазыңыздар» деп айтқан сөзіңізді толық тыңдамаса, «Балалар, күнделік...» деген сөздерден кейін пауза жасап алыңыз. Егер шудың тым көп екенін байқасаңыз, «Балалар» деген сөзден кейін пауза жасауыңызға болады. Және пауза барысында еш қозғалмаңыз. Олар тынышталмайынша еш нәрсенің жалғаспайтындығын білдіріңіз.

Қажетсіз диалогқа кіріспеңіз. Бір тақырыпта сөз бастап, артынша өзгенің әңгімесіне араласпаңыз. Бұл қағидат біреуге ескерту жасап жатқан кезде өте маңызды. Мысалы, Ардақ Анардың орындығын итеріп отыр делік. Сіз: «Ардақ Анардың орындығын итерме» деп айтасыз. Ал Ардақ: «Ол да мені итеріп жатыр!», «Ол менің бөлігімді алып қоймақшы болды» сынды жауап қайтаруы мүмкін. Көп ұстаз қателесіп, «Мені оның итерген, итермегені қызықтырмайды», немесе «Анар, расымен де, осылай болды ма?» сынды сауалдар қояды. Бұл – дұрыс емес. Орнына: «Ардақ, мен сенен орындықты итермеуді өтіндім. Айтқанымды дереу орында» деп жауап берген дұрысырақ.

Ал Сіз сабақтың бөлінбеуіне қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?

Жалғасы бар...

Сурет:voxpopuli.kz

Қ. Бүйенбай