Мектеп алдында баланы қандай тексеруден өткізген жөн? Маман жауабы

Мектеп алдында баланы қандай тексеруден өткізген жөн? Маман жауабы
Фото: ru.freepik.com

Оқу жылы қыркүйекте басталғанымен ата-аналар дайындықты тамыз айында бастап кетеді. Көпшілік ата-аналар балаларының құжаттарын, киімдерін және құралдарын дайындап қояды. Ал балаңыздың денсаулығы жайлы ұмытпадыңыз ба? Педиатр және невролог Шойбекова Гүлдана Орныншақызы өзінің instagram парақшасында мектеп алдында баланы қандай тексерістерден өткізу керегін айтты.

Ең алдымен бала негізгі анализдерді тапсыру керек. Себебі көпшілік маман дәрігерлік тұжырымын жасау үшін анализдердің нәтижелерін сұрайды. 

Тапсыру керек анализдерге келетін болсақ, ферритин, Д дәрумені, қанды жалпы талдау (ОАК), несепті жалпы талдау (ОАМ), тиреотропты гормон (ТТГ), Т4 бос фракциясы және құртқа нәжіс тексеруді ұсынар едім, - деді дәрігер.

Баланы міндетті түрде педиатрға көрсету керек. Педиатр баланы қарайды және анализдердің нәтижелерін тексереді. Қажет болса, басқа мамандарға жібереді. Дәрігердің айтуынша, баланың омыртқасына аса мән беру керек:

Оқу барысында балаларға ментальді және физикалық жүктеме түседі. Мысалы, ауыр сөмкелерді көтеруді ойлаңызшы?! Көбіне омыртқа қисаюы осы кезде болады. Әсіресе, сүйек жүйесі әлсіз болса... 

Мектепке баратын баланың көзін тексерту маңызды. Егер ол нашар көрсе, мұғалімнен баланы алдыңғы партаға отырғызуын сұрауға болады. Қажет болған жағдайда офтальмолог көзге арналған жаттығулар береді және тіпті, көзілдірік киюге кеңес беруі мүмкін.

Балалардың көз аурулары бірден біліне бермейді. Сондықтан көбіне көз ауруларын асқындырып алу қаупі бар. Сол үшін сабақтар басталғанша баланы офтальмологқа көрсетуге кеңес беремін, - дейді Дана Шойбек.

А. Жапатова