Білім беру үрдісі дамыған үздік 5 ел

Білім беру үрдісі дамыған үздік 5 ел
Фото: freepik.com

Шетелде білім алу әлемді танып, жақсы мансап құруға көмектесетіні рас. Massaget.kz сіздерге (АҚШ пен Ұлыбритания елдеріне басқа) әлемдегі білім беру үрдісі дамыған 5 ел туралы кеңінен баяндап береді.

Сингапур

Қаншалықты жас мемлекет болса да, аяғына нық тұрған сәтінен бастап білім беру жүйесіне дендеп мән берген ел – Сингапур. Сингапурлық білім беру жүйесі меритократияға негізделген, демек, басқарушы қызметте адамның шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайына емес, оның қарым-қабілеті мен жеткен жетістігі аса маңызды рөл ойнайды. Сол үшін де оқушылар мен студенттердің үлгеріміне көп көңіл бөлінеді.

Мектептер мен жоғарғы оқу орындарының оқу жоспарын мемлекеттік деңгейде дайындайды. Сингапурдағы бастауыш сыныпты оқытатын мектептер мемлекет қарамағында, сол себепті оқу ақысы арзан. Мектептерде нақты ғылымдар мен тілдерге ерекше назар бөлінеді. Сабақтардың басым бқлігі ағылшын тілінде өтеді. Оған қоса, елдегі ресми деп бекітілген үш тілдің бірін оқиды. Ол қытай, малай не тамиль тілі болуы мүмкін.

Қызық естілетін болар, бірақ бұл елде ұзақ каникул ұғымы жоқ – оқу жылы екі семестрге бөлінеді. Алғашқысы қаңтардың басында басталып, маусымда аяқталады. Екінші семестр шілдеде басталып, желтоқсанда аяқталады. Сырт көз Сингапурдың білім беру жүйесін креатив жоқ әрі тым қатал деп сөгеді. Дегенмен де білім бәріне ортақ берілгендіктен, бұл елдің оқушылары бәсекеге қабілетті болғысы келеді. Жақсы жоғарғы оқу орнына немесе шетелге алмасу бағдарламаларына ілінгісі келетіндер саны көп. Сондықтан, оқушылар сол тәртіпке үйренген. 

Сингапурда шетелдіктер ақылы негізде білім алады. Барлық оқу бағдарламасын ағылшын тілінде алуға болады. Бұл елде менеджмент, бизнес, математика мен жаратылыстану ғылымдары саласында құндырақ білім алуға мүмкіндік бар. Оған қоса, Сингапурда еуропалық және америкалық университеттердің филиалдары көп. Бұл жерде соған лайықты дипломды аз қаржыға оқып алуға болады. 

Финляндия

Егер фин білім беру жүйесі туралы ақпарат іздесеңіз, әлемдегі идеал орта ретінде қабылдар едіңіз. Бұл елдің ұстаздар қауымы түнімен сабақ оқытып, ереже жаттатпайды, – зорлықпен оқытпайды. Керісінше. Оқушылардың жасы кіші екеніне қарамастан, жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасайды. Сабақ үлгерімі нашар оқушыларға, ең болмағанда, орташа бағаға үміткер болсын деп, ерекше көңіл бөлінеді. "Екілік" қойылмайды.

Шет тілін терең меңгеруге ден қойған. Финдіктер 3-сыныптан бастап ағылшын тілін үйретеді. Ал 6-сыныптан бастап швед тілін оқыту міндеттеледі. Сонымен қатар, оқушылар француз, неміс, қытай тілдерін факультатив ретінде таңдап оқи алады. 

2016 жылдан бері бұл елдің мектептерінде "phenomenon based learning" жүйесін енгізуді қолға алған. Математика, әдебиет сынды дәстүрлі пәндерді жүйеден алып тастап, оның орнына белгілі бір тақырып аясында ғылымды қоса үйретуді жолға қойған. Мәселен, бір ел туралы тақырып алынса, сол елдің географиясымен қатар социологияны да оқытып кетеді. Тарих пен әдебиетті де ұштастыра алады. 

Финдік білім беру жүйесінің бір кемшін тұсы – орташа оқитын оқушыларға аса мән беру және математиканы кеш үйретуі. Азия оқушылары интеграл ұғымымен есеп шығарып жатса, Финляндия бұған асықпайды.

Германия

Бастауыш сыныптарында үй тапсырмасы берілмейді. Мектеп формасы да арнайы бекітілмеген, оқушы емін-еркін қалаған киімінде келе алады. Бағалау жүйесі де басқаша: олардың "алтылығы" – біздің "екілік", ал бір алғаны – өте жақсы көрсеткіш деп есептеледі. Білім алу Германияда бәріне міндеттеледі, үйде оқу қарастырылмаған.

Баланың ЖОО-на түсу-түспеуі орта буынға ауысқанда-ақ белгілі болады. Нашар оқитын оқушылар  Hauptschule-ге, орташа оқитындары – Realschule, ал жақсы оқитындары Gymnasium-ге түседі. Realschule-ден гимназияға жақсы оқып ауысуға мүмкіндік бар. Университетке қабылдануға 13 жыл оқыған гимназияның түлектері үміткер бола алады. 

Шетел азаматтарының балалары, германиялықтар секілді тең дәрежеде мемлекеттік мектепті тегін оқиды. Егер оқушы неміс тілін мүлдем түсінбесе, тіл үйрететін арнайы сыныпқа жібереді. 

Германия мектептерінде қоқысты ажырату, велосипед тебу, тіпті, достасуды да сабақ деңгейінде үйретеді. Қоғамға сіңісу, өз орныңды табу деген сынды құндылықтарға да мән беріледі. 

Нидерланд

2013 жылы UNICEF нидерландық балаларды әлемдегі ең бақытты балалар деп таныған

Голландықтар балаларын мектепке 4 жастан бастап береді. 10 жасқа дейінгі балаларға үй тапсырмасы берілмейді, ал 12 жасқа дейін емтихан, тестпен сынамайды. Сол себепті де балалар мектептен "қашпайды" әрі жақсы көрсеткіш үшін бір-бірімен таласпайды. Оған қоса, ата-аналар балаларды қатты қинап оқытпайды, қосымша үйретуші ұстаздарға жүгінбейді. 

12 жастан кейін балаларды үш бағыт бойынша бөлетін арнайы тесттен өткізеді: VMBO  (ең жеңіл деңгей), HAVO (орташа деңгей), VWO (күрделі деңгей). VMBO деңгейін бітіргендер маман бола алады, HAVO деңгейін бітіргендер мектеп мұғалімі атана алады, ал VWO тәмамдағандар ғылыми мансапқа бет бұрады. 

ЖОО-на түсу Ұлыбританияға қарағанда әлдеқайда жеңілірек әрі қолжетімді. Түлектерге жақсы мүмкіндіктер молынан беріледі. Мысалы, магистратура бітірген соң Orientation Year аталатын қосымша бір жыл беріледі. Бұл аралықта түлек жұмыс тауып, зерттеу орталықтарында қажетті зерттеуін жүргізуіне болады.

Дания

Даттық білім беру жүйесінде базалық білім берумен қатар, баланың жеке тұлға ретінде дамуына көмектесу жүзеге асырылады. Сондықтан да оқытушылар балаларға тест нәтижесінен гөрі оқуға деген қызығушылықтары мен ниеттері маңызды екенін жиі айтады. Оқу бағдарламасы голландық жүйеге ұқсас – бәрі берілге білімді игере алуы қажет.

Даттық жазушы Малин Рюдаль "Happy as a Dane" кітабында жазғандай жаттап алу мен сабаққа атүсті дайындалу қабылданбайды. Оқушының оқылған параграфты толық түсінгені, тақырып туралы еркін әңгіме айта алуы маңызды. Сыни ойлау мен өздігінен тың идея ұсыну қабілеті құндырақ.

Болашақта кім болғысы келетінін шеше алмай жүрген оқушыларға арнайы мектеп те бар. Efterskole аталады. 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер сол мектепте бір жыл оқып, ары қарай кім болуын шеше алуына септігін тигізеді. Бұл мектепте көбіне шығармашылыққа, спортқа, қолөнерге зейін бөлінеді.

Сырт көзге бұл елдің білім беру жүйесі тым қарапайым, жеңіл секілді көрінгенімен, Дания әлемдік білім беру рейтингі бойынша ТОП-10-дыққа кіреді. Эмоционалды "тоқтық" аса білімді болумен теңдей көрінеді.

Даниялықтар үшін жұмыс іздеу барысында жоғары жалақы маңызды фактор саналмайды. Бұл елдің салығы да әлем бойынша қымбаты саналады. Сәйкесінше, халықтың өмір сүру деңгейі де жақсы. ЖОО-да білім алу даттар үшін тегін. Оларға шәкіртақы да беріледі.

Г. Берік