Каникулда отбасымен істеу керек қызықтар

Каникулда отбасымен істеу керек қызықтар
Фото: freepik.com

Жазғы, ұзақ мерзімді демалыс ашық деп жарияланды. Үйде зерігіп, іш пысып кетпес үшін ата-аналар мен балаларға арнап қызық ойындар мен үйде ұйымдастыруға болатын іс-шараларды топтастырып назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

Үйдегі сахналық қойылым

Не үшін қызық? Көңіл көтеріледі, отбасылық қарым-қатынас беки түседі, эмоционалды интеллект пен шығармашылық ойлау қабілет артады.

Күнделікті естіп жүрген, отбасы мүшелерінің бәріне таныс, аңыз не ертегілердің бірінен бастауға болады. Қойылымға ересектерден балаларға дейінгінің барлығы қатысуы керек. Егер бір әртіс аса белсенділік танытпаса, оған эпизодтағы қарапайым рөлді берсе болады. Уілдеген жел, нұрын шашқан күн, жауған қар не жаңбыр, ұшып өткен құс секілді. 

Сахналық қойылымның бірнеше түрі бар: үлкен сахнаға шыққыларыңыз келмесе, қуыршақ театры секілді қойылым қоюға болады. Қуыршақты арнайы тігіп не сатып алудың қажеті жоқ. Үйдегі кез келген нәрсеге үкілеп атын жазып қойсаңыз, әлдеқайда күлкілі қойылым көресіз. Болмаса, көлеңкемен үйымдастырып көріңіз. Керек кейіпкерді қағаздан ойып не балалардың ойыншықтарынан жасасаңыз, кейін жарық пен көлеңкеге ойнатуға болады.

Табиғаттану

Не үшін қызық? Қоршаған ортаны танып-білуге көмектеседі, балалар таза ауада серігеді.

Өсімдік көп өсетін алқапқа, бау-бақшаға немесе ботаникалық саябақтарға баруға кеңес береміз. Әрине, маусымдық және флораға аллергиясы бар адамдарға қиын болуы мүмкін. Мұндай жерлерде квест ұйымдастыруға болады. Немесе балалардың қолына қалам мен қойындәптер ұсынып, тапсырма беру керек. Мысалы, кім көп гүл тауып, атауымен зерттеп танып келеді? Бұл гүлдің атауы қандай, қандай емдік қасиеті бар, бояуы шыға ма, улы ма, шай дайындауға келе ме? (Бұл әдіс АҚШ-та кеңінен таралған). Сый ретінде зообаққа саяхат секілді келесі турға жолдама берсеңіз жақсы. Келесі табиғаттану сабағына жақсы ынтамен барады.

Жәрмеңкеге не базарға бару

Не үшін қызық? Балалар түрлі тағамдардан дәм татады, сауда жасауды үйренеді.

Апта не ай басында балаларға азын-аулақ ақша жинауды ескертіп қойыңыз. Жәрмеңкеге не базарға бірге барып, қызықтап қайтатындарыңызды да айтыңыз. Қалалық жерлерде сенбі-жексенбі сайын жәрмеңке өтіп тұрады. Сол жерден түрлі тамақтардан дәм татсын, үйге керек, кешкі ас дайындауға қажет заттардың тізімін беріңіз, өздері де сауда жасап үйренсін. Үйге келген соң, заттарды жуып, орын-орнына орналастырып, кешкі асқа дайындықты бірге жасап көріңіздер.

Тыныштықта болу

Не үшін қызық? Белгілі бір уақытқа ұялы телефон, әлеуметтік желіден босау, өз-өзіңмен қалуға көмектеседі.

Адам өте аз жүретін саябақ не орман, тау, өзен-көл жағасы секілді табиғат аясына шығып кетіңіздер. Ұялы телефонды үйге қалдырыңыздар, немесе, сіздерге кедергі келтірмейтін етіп бір жерге тастап кетіңіздер. Табиғат аясында тіскебасарларыңызды алып алыңыздар. Жеке қалып, әңгіме дүкен құрыңыздар. Анасы мен қызы, әкесі мен қызы, анасы мен ұлы не әкесімен ұлы деп бөлініп алсаңыздар болады. Әрқайсыңыз жеке отырсаңыздар да, көп ақпарат ағынынан детокс жасап қайтасыздар.

Мұражайға бару

Не үшін қызық? Әсіресе, қазіргі мәдениетпен танысы креативтілікті арттырады, сол туралы ой алмасыңыздар.

Алдын ала үйде сурет не мүсін өнері көрмесін ұйымдастырыңыздар. Бір-біріңізді бағалаңыздар. Кейін мұражайға барыңыздар. Классикалық жанрдан гөрі әлі жетеғабыл зерттеліп үлгерілмеген заманауи сурет, мүсін өнерлерімен танысуды ұсынамыз. Тек танысып қана қоймай, сол туынды туралы ойларыңызды бөліңіздер. Кім қалай бағалайды, автор нені жеткізгісі келді, түстері ұнап тұр ма, не сезіндіңіз деген секілді сауалдарға жауап іздеп көріңіздер. Кейін сол туындыларды көргеннен кейінгі әсермен үйдегі сурет көрмесін тағы ұйымдастырыңыздар. Жаңа дүниенің жаңа идеяларға түрткі болатынын осылай мысалмен түсіндіре аласыз.

Қамал құрастыру

Не үшін қызық? Отбасы құндылығын сақтауға көмектеседі, сол ұғымды ашады, сыйластықты арттырады.

Жаз уақытында жағажайда, болмаса, үйге (жер үйлерге мүмкіндік) аз-кем құм әкеп бірге қамал құрастырыңыздар. Әр отбасы мүшесі қамалдың әр қалыбын кезек-кезек жасап қалағаны дұрыс. Және әр қаланған қалып үшін жақсы ой, жөнді ниет-тілек, немесе бір-біріне деген сыйластық, махаббатын айтып отырса, сірә, жақсы. Бұл ойынды қыста, қар, мұзбен, не үйдің ішінде құрастырғыштармен жасаса болады.

Үй кинотеатры

Не үшін қызық? Отбасымен бірге көруге болатын әлемдік хит туындылармен танысу, пікірталастыру.

Бұл әдісті отбасылық достарыңызды шақырып бірге көрсеңіздер болады. Алдын ала тіскебастар даярлап, отыратын орынды дайындап, көретін фильм тізімінде алдын ала әзірлеп қойыңыз. Дауыс беру арқылы сол фильмді бірге көріп, кейін бірге талқылаңыздар. Егер алдын ала сол фильм туралы ізденіп, біраз ақпарат жинасаңыз, тіпті жақсы болмақ, қызық деректер мен тарихын не осы өмірмен байланысын айтып түсіндіріңіз. Чарли Чаплиннің "мылқау" туындыларынан бүгінгі "Дюнге" дейінгі кез келген туындыны алсаңыз болады.

"Do it yourself" ("DIY") 

Не үшін қызық? Қолдан бұйым жасау баланың сипап сезу қабілетін арттырады, моторикасы дамиды. 

Қолыңыздан мұндай іс келмесе, баланың алдында ұялудың қажеті жоқ. "Мен де білмеймін, бірге жасап көрейік!" деп айтудан жасқанбаңыз. Ағаштан, ине-жіптен, сазбалшықтан, темірден, қағаздан. Кез келген дүниеден жасауға болатын қолөнерді бірге дайындап көріңіздер. Әкесі шынымен де оқ жонбаса да, анасы тон пішпесе де, сондай өнерді сырласып отырып, жасаған әлдеқайда жақсы.

Есіңізде болсын! Баланың балалық шағының бақытты өтуі ата-анасымен бірге өткізген уақытымен өлшенеді. Естелік ретінде жадында ескірмей жаңғырып тұрады. Кейін де ұрпағына айтары, көрсетер үлгі-өнегесі болады. 

Г. Берік