Том Сойер немесе Изумруд қаласының сиқыршысы: қазіргі балалар қандай кітап оқиды?

Том Сойер немесе Изумруд қаласының сиқыршысы: қазіргі балалар қандай кітап оқиды?

Қазіргі балалар – ақпараттық технология, қысқа жаңалықтар дәуірінің ұрпағы. Толассыз ақпарат ағыны адам зейінін шашыратып, ұзын мәтінге деген ынтаны басып тастайды. Бұл ой өрісі енді қалыптасып келе жатқан балаларға кері әсер етуі мүмкін.

Кітаптар немесе "лонгрид" жазбалар қазіргі мектеп оқушыларына қызық па? Қазіргі балалар қандай кітап оқиды? Бұл сұрақтарға "Замандас" отбасылық аула клубының тәрбиеленушілері жауап берді.

Санжар, 15 жас:

"Маған жапон мәдениеті ерекше ұнайды. Сондықтан жапон әдебиетін көбірек оқимын. Сүйікті жанрларым – детектив пен мистика, олар үнемі ойды шиеленістіріп, ойлануға себеп болады.

Жазушылар ішінен Говард Лавкрафтты атап өтер едім, өйткені ол кітапта болып жатқан барлық қасірет пен атмосфераны жеткізе алады, оқып отырып денем тітіркеніп кетеді! Сондай-ақ маған Мэрилин Мэнсон ұнайды. Сіз таңғалатын шығарсыз, ол жазушы емес. Ия, ол әнші, бірақ өз өмірбаянын қызық қылып жазған.

Мен интеллект пен сөздік қорымды дамыту үшін оқимын және кітап кейіпкерлерінің сөздерін дауыстап оқыған ұнайды. Бұл әсіресе актерлік салада қажет. Болашақта актер болуды армандаймын. Сценарист атансам да болады. Менің достарымның арасында кітап оқитындар жоқ. Бірақ менің кітаптан басқа қызығушылықтарым бар, сондықтан мен олармен сөйлесетін тақырып таба аламын".

Темірлан, 12 жас:

"Барлық жанрлардың ішінен мені ғылыми-фантастикалық кітаптар қызықтырады. Тарих, мәдениет және жануарлар туралы энциклопедияларды оқимын. Мен палеонтолог болуды армандайтындықтан, сүйікті тақырыбым – динозаврлар. Маған Джей Джей Барридж жазған "Суперзаврлар" кітаптар сериясы қатты ұнайды.

Бұл кітаптың сюжетінде метеориттің жерге қалай құлағанын, бірақ динозаврлар тірі қалып, адамдар әлеміндегі өмірдің бір бөлігіне айналғанын сипаттайды. Оқиғалар өткен ғасырдың 20-30 жылдарында болған. Автор жануарлардың заманауи құқықтарын сипаттайды және оқиғаны эмоциялармен толтырады. Біздің динозаврлармен бірге өмір сүргенімізді елестетіп көріңізші! Бұл керемет нәрсе! Мен төрт бөлімді оқып шықтым және бесіншісін тағатсыздана күтіп жүрмін!

Жақында "Нарния шежіресін" оқып бастағанмын. Тек жартысын ғана оқи алдым, содан кейін қызықсыз болып кетті, өйткені оқиғасы болжап, тауып алу оңай. Жалпы егер мені кітап қызықтырмаса, оны оқу қиын болып кетеді".

Ризана, 15 жас:

"8 жасымда мен Хәрри Поттердің сиқырлы әлемін алғаш рет аштым, кітаптарын үлкен әпкем туған күніме сыйлаған. Оны үзбей оқыдым, қатты ұнаған. Шығарманың барлық бөлімін оқыдым, фильмдерін көріп шықтым. Мен сиқырға сенемін және әр адам аздап сиқыршы деп ойлаймын.

Жалпы кітаптарға деген сүйіспеншілігімді әжем оятқан, ол кісі – мұғалім. Біз "Пеппи Длинный чулок", "Том Сойердің оқиғалары", "Изумруд қаласының сиқыршысы" және басқа да балалар шығармаларын бірге оқыдық. Сондай-ақ менде "Әлем халықтарының ертегілері мен аңыздары" деген қызық кітап бар. 

Қазір Шыңғыс Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн" романын оқып жатырмын, оны мектептегі мұғалімдерін оқуға ұсынған. Шынымды айтсам, бұл роман мені қатты қызықтырды, күніне екі-үш сағат бөліп оқимын.

Кітап оқу сөздік қорын байытуға көмектеседі, мәдениетті сөйлеуге үйретеді, паразит сөздерді жояды. Сонымен бірге қиялды дамытады. Егер дауыстап және мәнермен оқысаңыз, дикцияны да жақсартуға болады".

Бұл оқушылар бес досымен бірге "Замандас" отбасылық аула клубтарында шешендік өнер үйірмесіне қатысады. Сыныпта балалар көркем шығармалармен жұмыс істейді, рөлдерді талдайды және оған енуді үйренеді. Сондықтан олардың мұғалімі Ләззат Сүлейменова кітапты серік етуге шақырады, сол арқылы шығармашылық ойлау мен сөйлеу дағдыларын дамытуды көздейді.

Ләззат Сүлейменова қазіргі балалар күн өткен сайын кітап бетін ашудан қалып жатқанын, тіпті жиі оқудан бас тартатынын айтады. Кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ. Мұнда мәжбүрлеуге де болмайды. Балаға кітап оқу азап, ойын-сауық болуы керек. Біз оларға қызық тақырыптарға жазылған кітаптарды алып беріп ынталандыра аламыз, ал одан жақсысы – бірге оқып бастау.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда 5 "Замандас" отбасылық аула клубы жұмыс істейді, онда 2500-ге жуық бала қосымша білім алып жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ықпалымен жұмыс істейтін клубтың білім беру бағдарламасында әртүрлі бағыттағы 20-дан астам секция бар, олардың арасында спорт, шығармашылық және тіл секциялары бар.

Massaget