Бала асырап алу үшін не істеу керек?

Бала асырап алу үшін не істеу керек?
Фото: yandex.kz

Жетім көрсең, жебей жүр. Жетімнің басынан сипаудың өзі – сауап. Ал жетімге ата-ана болып, қамқорлық танудың қандай ізгі іс десеңізші.

Бала асырап алғысы келетіндер көп, бірақ оның жолы қандай, қайда барып, қай құжаттарды жинау қажет, талаптары мен міндеттері қандай – соның бәрін білмей жататындар бар. Білмесек, таныса отырайық.

Қайда жүгінеміз?

Жетім балаларды мемлекеттік көмекпен қамтамасыз ету Білім министрлігінің құзіретінде. Министрліктің әр өңірде басқармалары бар. Білім беру басқармасы жетімдер үйін ұйымдастырып, соның координациялық жұмыстарымен айналысады. Мұны басқаша балалардың құқығын қорғаумен айналысатын қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар деп те аталады. Яғни, қалалық және аудандық білім бөлімдері. Міне, бала асырап алу үшін осы органдарға жүгінген жөн. Бұл – бірінші жолы.

Екінші жолы – электронды үкімет порталы арқылы бала асырап алуға есепке тұру. Мұны электронды үкімет арқылы да, білім беру министрлігі арқылы да жасауға болады. Яғни, бала асырап алу жөнінде өтініш жазасыз. Бұл өтініш Республикалық деректер банкіне тіркеледі, бала асырап алғысы келген жандар құжаттарын да осы жерге жинап өткізуі қажет. Деректер базасына тіркелген соң, үміткер өзінің парақшасына кіріп, бүкіл мемлекет төңірегіндегі балалардың тізімін көреді. Өзіне лайықты деп таныса, кез келген облысқа барып, бала асырап ала алады.

– Бір айта кететін мәселе бар. Бала асырап алу біршама үрдіс. Уақыт кетеді. Сондықтан республикалық деректер базасына тіркеліп, жолдама ала салып, балалар үйіне бірден жетіп келуге болмайды. Балалар үйімен байланыс орнатып, басшылығымен сөйлесіп, балалар жайлы ақпарат жинауы қажет. Мәселен, біз ағайынды балаларды ажыратып, екі жанұяға бере алмаймыз. Екеуін де бір отбасына бергіміз келеді. Одан бөлек, балаларды ең алдымен өзінің туған-туыстарына беруді жөн көреміз. Осындай мәселелерді алдын-ала ақылдасып, шешім алған жөн, – дейді Шығыс Қазақстандағы «Үміт» балалар үйінің директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлжан Салықбаева.

Ал Қазақстандағы балалар үйінің тізімі мен байланыс деректерін мына сілтемеден алсаңыз болады.  

Қандай құжат қажет?

Жоғарыда айтқанымыздай, республикалық дерек банкіне өтініш жіберген бала асырап алғысы келген азамат келесідей құжаттарды қоса жүктеуі қажет:

1. Жеке басын куәландыратын құжат;

2. Баланы асырап алуға арналған жақын туыстарының жазбаша келісімі;

3. Табыс көлемі туралы анықтама;

4. Отбасы жағдайы туралы анықтама, бала болған жағдайда олардың туу туралы куәліктері;

5. Денсаулық жағдайы туралы, соның ішінде есірткіге, уландырғыш заттарға тәуелдігі жоқтығы туралы анықтама;

6. Соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама;

7. Тұрғын үйі бар екенін растайтын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығы туралы құжат.

Өтініш 10 күнтізбелік күн ішінде қаралып, жауабы беріледі.

Бала асырап алудың талаптары

Мемлекет жетім балаларды «толық адам ретінде» сезінуіне мүмкіндік беру үшін асырап алуға рұқсат береді. Сондықтан жетім бала барған жанұя оған психикалық, физикалық, материалдық, рухани жағынан қолдау көрсетуге қауқарлы болуы қажет. Егер қауқары бұған жетпесе, баланы бақытты ету екіталай болмақ.

Ең алдымен, бала асырап алғысы келген азаматтар отбасылық жұп болуы қажет. Бала толыққанды жанұяда тәрбиеленгені абзал. Егер ерлі-зайыптылардың бірі еңбекке қабілетсіз болса, мұндай жанұяға бала берілмейді, өкінішке қарай. Егер жалғызбасты әйел мен жалғызбасты ер адам баланы қамтамасыз ете алатындай жағдайда болса, онда бала асырап алу құқығы берілуі мүмкін.

ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде келесідей азаматтардың бала асырап ала алмайтыны айтылады:

1) сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе әрекеті шектеулі деп танылған адамдар;

2) сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекеті шектеулі деп танылған ерлі-зайыптылардың бірі;

3) сотпен ата-ана құқығынан айрылған тұлғалар немесе ата-ана құқығы сотпен шектелген адамдар;

4) ҚР заңдарымен оған жүктелген міндеттерді тиісті емес орындау үшін қамқоршы немесе қорғаншы міндеттерінен шеттетілген адамдар; 5) егер асырап алу олардың кінәсі бойынша сотпен жойылса, бұрын бала асырап алғандар;

6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар;

7) тұрғылықты жері жоқ адамдар;

8) дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды ұстанатын адамдар;

9) асырап алу сәтінде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар (соттылықтың болмауы туралы онлайн анықтама алу);

10) азаматтығы жоқ адамдар;

11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқығынан айрылуына байланысты үш жылдан кем емес баланы нақты тәрбиелеу жағдайларын қоспағанда тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ер адамдар;

12) асырап алу сәтінде ҚР заңнамасымен белгіленген, асырап алынатын балаға ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;

13) наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар.

Бала асырап алу қалай жүреді?

Жалпы баланы асырап алуға құқық беретін, шешім жасайтын – бұл сот. Ал мамандардың айтуынша, бала асырап алу үрдісі бас-аяғы екі-үш айға созылады екен.

Республикалық деректер банкінен жолдама алған, бала асырап алғысы келген азаматтар жетімдер үйіне барып, балалардың сауалнамасына қарап, таңдау жасайды. Олар таңдап алған баламен кемінде екі аптадай жұмыс жасауы, жанында болуы қажет. Мінез-құлқымен, әдетімен танысады, жақындасады. Байланыс орнатылғаннан кейін бала туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады. Баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысқандығын жазбаша растайды.  Баланың денсаулығын тәуелсіз мекемеге тексертеді.

Содан кейін барып сотқа өтініш береді.

- Асырап алған ата-ана сотқа жылына бір рет келіп, баланың денсаулығы, білімі мен тәрбиесіне қатысты деректер беріп отырады. Әрі білім басқармасы баланың жағдай жайлы тексерістер жасаған кезде, оған рұқсат беруі қажет, - дейді сот орындаушысы Фарида Слямова.

Қ. Слямбек