Тестілеуден қорықпау керек - Білім және ғылым министрі

Тестілеуден қорықпау керек - Білім және ғылым министрі
Фото: bilimdinews.kz

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Құттықтап қана қоймай, өз алғысын жеткізді.

- Барлығымыз үшін биылғы 25 мамыр ерекше форматта өтіп жатыр.

Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті.

Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталады.

Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін.

Бүгін мен әрқайсыңызға жеке-жеке үндеу тастағым келіп отыр. Сіздер жаңа жағдайда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ерлік таныттыңыздар. 

Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіздер қиын жағдайға қарамастан, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқыту барысында тынымсыз еңбек еттіңіздер.

Сіздердің арқаларыңызда төртінші тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті, бұл – білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға.

Қиын кезде балаларына тіреу бола білген ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз.

Сіздердің қолдауларыңыз, балаларыңызға үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Иә, сын көп айтылды, дегенмен сіздер түсіністік танытып, жеңіл қабылдадыңыздар. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын.

Оқушыларға деген ризашылығым шексіз. Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді. Енді, міне, білімге деген құштарлықты жоғалтпай, оқу жылын ойдағыдай аяқтап жатыр. Бұл – шын мәнінде ересек адамдарға тән қасиет.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мамандық таңдау мен ҰБТ-дан қорықпауға шақырды.

- Құрметті мектеп бітірушілері, колледж бен университет түлектері! Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі мол, жақсы адам, биік тұлға болатындарыңызға сенімдімін.

Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы, мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар.

Тестілеуден қорқудың қажеті жоқ, бұл жай ғана сынақ, оның үстіне бұл өмірлеріңіздегі ең жеңіл емтиханның бірі болмақ.

Айналадағы адамдар қолдарыңнан ештеңе келмейді десе де, табандылық пен сабырлық, күнделікті қажырлы еңбек пен алға қойған мақсаттарыңыз белгілі бір нәтиже әкелетінін естен шығармаңыздар.

Нәтиже өз бетімен келмейді, ол қателікпен қатар жүреді. Кішкентай кезімізден бізді қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау – біздің санамызға құйылып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым қалыптасты. Алайда бәрі қателік жасайды, ең бастысы – одан сабақ алып, тәжірибе жинақтай білу қажет. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау керек, - деді.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты биылғы соңғы қоңырау онлайн өтті.

Н. Үсенова