Морфолог-ғалым, ұлағатты ұстаз – кафедра түлегі әрі мақтанышы

Морфолог-ғалым, ұлағатты ұстаз – кафедра түлегі әрі мақтанышы

85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің қабырғасынан ғылым мен білімнің көптеген саласы бойынша мыңдаған түлектер шыңдалды. Әр жылғы түлектердің арасында алыс, жақын шетелдерде, республикамызда елге есімі танымал азаматтар болды және қазіргі күнде де бар әрі дайындалуда.

Университетпен бірге білімге құмар жастарға есігін айқара ашқан Биология факультетінің (қазір биология және биотехнология) түлектерінің арасында өздерінің қажырлы еңбегімен есімдері Әлемге жайылған аға буындар қаншама десеңізші. Республикамызда ғылым мен білімге ерен еңбектері сіңген азаматтарымыз бен азаматшаларымызда баршылық. Солардың арасында барлық саналы ғұмырын ғылымға, жас мамандарды тәрбиелеуге арнаған, өмірін Университетпен байланыстырған биология факультетінің түлектерінің бірі – биология ғылымдарының кандидаты, биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының жетекші доценті Саиндина Серікбайқызы Көбегенова.

Саиндина Серікбайқызының еңбек кітапшасында жұмысқа қабылдау бойынша бір ғана жазу бар. Ол – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті. Себебі Саиндинаның (Саиданың) орта мектепті бітіргеннен кейінгі өмір баспалдақтары тек қазіргі қызмет жасап жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты.

Алғашқы жылдары Саида Серікбайқызы кафедрада, Биологиялық мұражайда түрлі қызметтер атқарды. Қызмет жасай жүріп, ол ғылыми жұмыстарға мойын бұрды. Жас маман жануарлардың, солардың ішінде балықтар мен амфибиялардың, салыстырмалы морфологиясына қызығушылық танытты.

Жануарлардың морфологиялық құрылысын зерттеуде көп уақыт пен қажырлылықты талап ететін гистологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ол амфибиялар мен шеміршекті және сүйекті балықтардың асқорыту жүйесінің ерекшеліктерін зерттеуде көп еңбек жұмсады.

Көп жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Саиндина Серикбаевна 1991 жылы Мәскеу қаласындағы ССРО ҒА-на қарасты А.Н.Северцов атындағы «Жануарлар экологиясы және эволюциялық морфология» Институтының Ғылыми Кеңесінде «Сравнительная морфология и морфогенез пищеварительной системы некоторых хрящевых и костных рыб» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғап, Отандық морфолог-ғалымдардан бірауыздан қолдау тапты. Диссертациялық жұмысқа биология ғылымдарының докторы, профессор В.П.Митрофановтың жетекшілік еткенін айта кеткеніміз орынды деп ойлаймын. Сонымен қатар Саиндина Серикбаевнаның морфолог-ғалым болып қалыптасуына сол жылдары кафедрада қызмет жасаған танымал морфологтар, биология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Марат Ельтокович Дильмухамедов пен Махамбет Қажымович Жұмалиевтың да үлкен ықпалы болғанын шәкірті әруақытта естен шығарған емес.

Саиндина Серикбаевна 1989 жылы оқытушылық қызметке ауысты. Оқытушылық қызметпен қатар ғылыми жұмыстармен де ойдағыдай айналысты. Ол көптеген ғылыми жобаларға қатысып, негізгі орындаушылардың бірі болып, ғылым саласында да абыройды қызмет атқарды.
Іргелі (фундаменталды) ғылым саласында Саида Серикбаевнаның қызығушылығы ихтиопсидтердің салыстырмалы және эволюциялық морфологиясы, салыстырмалы эмбриология мен асқорыту жүйесінің морфогенезі болып табылады.

Сонымен қатар, шаруашылық келісімдер (хоздоговоры) бойынша қолданбалы (прикладная) биология саласында ол су қоймаларының ластануының ихтиофаунаға әсері, биоалуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау және т.б. мәселелер бойынша жұмыстар атқарды және атқаруда. Оған мысал, жақында ғана Жайық өзенінің атырауында құнды (бекіретәрізділер) және құнсыз балықтардың жаппай қырылып қалу себебін анықтауға эксперт ретінде шақырылуын айтсақта жеткілікті.
Өзінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Саиндина Серікбайқызы бір күндік емес, ұзақ ғұмырлы 90-нан астам ғылыми еңбек жариялады. Бұл ғылыми еңбектер республикалық, жақын және алыс шетелдердің басылымдарынан жарық көрді. Мысалы, кезінде »Виды фауны СССР и сопредельных стран», кейіннен «Виды России и сопредельных стран» деген сериямен 1979 жылдан бастап жарық көре бастаған басылымдардың бірі «Сибирский углозуб» (1994) монографиясының авторларының бірі болғанын ауыз толтырып айтуға болады. Бұл монографияда алғашқы рет Жетісу бақатісінің морфологиясы біршама толық және жан-жақты сипатталды. Монография кезінде академик Э.И.Воробьев бастаған редакция ұжымынан және герпетолог-мамандардан өзінің оң бағасын алды.

Осы сияқты 2016 жылы жарық көрген «Моделирование экологических рисков при нефтяном загрязнении акватории Северо-восточного Каспия» атты ұжымдық монографиясының авторларының бірі екендігін мақтанышпен айтуға тұрады.

Күнделікті оқу-тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар, студенттерге жетекшілік етумен қатар Саиндина Серикбаевна жоғары мектепке арналған оқулықтар жазуда да үлкен табыстарға жетіп жүрген ұстаздардың бірі. Мысалы, 2011 жылы жоғары мектеп қауымдастығының тапсырысымен «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Орнитология» оқулығы білім берушілер мен білім алушылар тарапынан жоғарғы баға алғанын білеміз. Ал 2010 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Қазақстанның амфибиялары мен рептилиялары» анықтағыш оқу құралы жылма-жыл сұранысқа ие. Оның айғағы - бұл оқу құралының 2013, 2015 жылдары қайтадан басылып шығуы, ал 2019 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарынан сұраныстар түсіп, оны баспадан қайтадан шығарылуға ұсынылғанын айтсақ та жеткілікті.

Міне біздің арамызда жүрген, ұлағатты ұстаз әрі белгілі ғалымның біз білетін ғылыми қызметі мен жоғары оқу орындарына оқулықтар жазуындағы еңбегі осындай. Бұл айтылғандар терең зерделемегендерге тым қораштау болып көрінуі де мүмкін. Бірақ атқарылған еңбектердің қаншама уақыт, денсаулықты алатынын естен шығармаған дұрыс.

Саиндина Серикбаевна осы ұжымға тұлымы желпілдеген жасөспірім маманнан ұлағатты ұстаз дәрежесіне дейін жетіп, биология, балық шаруашылығы, биотехнология, экология мамандықтарының әртүрлі салаларына мамандар дайындауда қажырлы еңбек етуде. Оның университетке бергенінен әлі де беретіні көп деп ойлаймыз. Ол ғылымда, оқу процесінде жоғары дәрежеде көрінетіні сөзсіз.
Сөз соңында Университет мерейтойымен қатар келген мерейтой иесіне зор денсаулық, үлкен шығармашылық табыстар, оқулықтар мен оқу құралдарын жариялауда, шәкірттер дайындауда жоғары деңгейде көріне беруіне тілектеспіз демекпіз.

Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы ұжымының атынан:
кафедра доценттері, биология ғылымдарының кандидаттары,
зоолог Б.Есжанов, ботаник Б.Тыныбеков, аға оқытушылар энтомолог Н.Баймурзаев,
гистолог И. Жаркова және ихтиолог С.Шарахметов.

Massaget