Ляйля Султанкызы
Совместный проект

"Микрофонмен мектепте жүретін".

Ләйлә Сұлтанқызының қабілеттері жайында ұстазы айтады
Бұл танымал өнер иелерінің мектеп табалдырығында білім берген ұстаздары жұлдызды шәкірттерінің мектептегі құпиясын ашатын Мұғалімдер мерекесіне арналған арнайы жоба. Жоба арқылы жұлдыздардың бала кезінде қай пәнді жақсы көргенін және олардың тұлға болып қалыптасуына не әсер еткенін біле аласыз!
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы оқыған білім ордасы осы – Шымкенттегі №47 мектеп-гимназия. Сырттан қарағанда еш ерекшелігі жоқ, әдеттегі мектеп. Алайда ішіне кіргенде бұл қарапайым көзқарастан ештеңе қалмайды. Өйткені бұл мектептің жылдар бойы жинаған беделі өз алдына, ұстаздық пен оқушылық дәуреннің атмосферасын сезінбеу мүмкін емес. Мұндағы мұғалімдер дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, олардың өмірде өз жолын табуына ықпал етіп келеді. Бүгін біздің әңгіме кейіпкері – жарқын түлектер тізіміндегі Ләйлә Сұлтанқызы. Ол туралы айтып беруге ұстазы Шаризада Шораева бірден келісті. Ғұмырын ұстаздыққа арнаған адам зейнетке шықса да, мектебін қия алмай жүрген сыңайлы...
1 қыркүйек "сәлеметсіздер ме, балалар!"
деп кіріп келгім келіп тұрады...
Ұстаздың бұл сөздері кез келген адамның жүрегін шымыр еткізетіні сөзсіз. Мұғалімнің мектепке деген сағынышын оқып отырған сіз де сезінген шығарсыз?! Одан бөлек, мектептегі ұстаздардың осылай сыныпқа кіріп келетін сәті де көз алдыңыздан жалт еткені тағы бар...

Ал оның көз алдында 90-жылдар... Кезінде еккен ағаштары сап түзеп, жасыл желегін жайып, қуана қарсы алып тұрғандай, бірден оқушылармен әр сенбі сайын сенбілікке шыққан сәттерін көз алдына әкелсе керек: "Бәрі кезінде кіп-кішкентай көшет еді, саялы бәйтерекке айналыпты" деп мейірлене қарады. Мектеп ауласы тып-тыныш – демалыс күні болатын. Шаризада апаймен бірге Шымкенттегі Төлеген Тәжібаевтың есімін иеленген №47 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттадық. "Зейнетке шыққаныма 20 жылға таяды. Мектептің іші біршама өзгеріп кетіпті" дейді әр бұрышына үңіліп.

Шаризада апай үшін мектеп әншейін ғимарат емес, өзіндік рухы бар киелі орын. Оның пікірінше, бұл – оқушының тағдырына әсер ететін орда. Себебі мектептегі орта баланың болашағын айқындап береді. "Бұл мектепке талай дарынды бала келді, солардың бірі – Ләйлә", – деп еске алды ол.

Ләйлә жаңа құрылған мектептің таңдаулы оқушылар тізіміне қалай ілікті?
90-жылдары қалада жаңа мектептер ашылып, мұғалімдер дарынды балаларды іздеп, қаладағы барлық мектептерді аралады. Сол кезде №47 мектеп-гимназия жаңадан құрылған еді. "Мектепке белсенді, дарынды оқушыларды жинау керек болды" деп еске алады Шаризада апай. "Біз сол кезде қаладағы әр мектепті аралап, талантты балаларды іздедік. 8-сыныпқа ауысып келген бір топ оқушының ішінде Ләйлә да болды".
Ләйләнің мектеп кезіндегі фамилиясы – Сеңгірбекова. Құжатта "Сеңгірбекова Ләйлә Сұлтанқызы" деп жазылған екен. Сол кезде сынып жетекшісі болған Шаризада апай оны осылай таниды. Танымал болатынын байқау қиын болмаған екен. Өйткені Ләйләнің икемі тек қаламды игерумен шектелмеген.
"Сыныпішілік, мектепішілік концерттер, кештер, байқаулар, кездесулердің бәрін Ләйлә жүргізетін. Басқа пән мұғалімдері "Ләйләні жібере тұрыңызшы,осындай іс-шараны жүргізіп берсінші" деп жиі сұрап алатын. Ләйлә да ерінбейтін. Ләйлә ә дегеннен-ақ өзінің сыңғырлаған дауысымен, жүргізушілік, ұйымдастырушылық қырымен ерекше көзге түсті", – дейді ұстазы.
Ерекше көзге түскен Ләйлә ұйымдастырудағы шеберлігімен мектептен тыс шараларды да шешіп тастайтын деп әңгімесін жалғастырды.
"Қолына микрофон ұстап, өзін тележүргізуші сезінетін"
"Кейде сабақ үстінде бір мәселе туындап, директор шақырып қалады, басқа шақырып қалады. Сондай кезде сыныпты Ләйләға тастап кететінмін. Ол бірлі-жарым тентектердің өзін сабасына түсіріп, дыбысын шығармай, сыныпты жым-жылас қылып ұстап отыратын. Олардың қашан, қайда "вечер" ұйымдастырғанын білмей қалатын едік".
Шаризада апайдың әр сабағы пікірталасқа, қызықты мәліметтерге, пайдалы ақпараттарға толы болатын. Оқушылар топ-топқа бөлініп, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, пікірталастырып, "қырғын" болып жататын. Көпшілік алдында өз ойын қысылып-қымтырылмай еркін жеткізу, әдемі сөйлеу, ұзақ мәтінді тез жаттау сынды қабілеттер, осылайша, Ләйләнің бойында оқушы кезінен қалыптасты.
"Микрофонын көтеріп ап, кездесулерге келген қонақтарға өзінің сұрақтарын жаудырып, жүгіріп жүретін. Сол кездің өзінде-ақ журналист, тележүргізуші болып, телевизияда жарқырап жүретін бала ғой деп айтатын едік. Өзінің де арманы – журналист болу еді. Кейін мектеп бітірген соң "апай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім" деп хабарласқанда, нәп-нәзік, биязы, арманы асқақ қызымның дұрыс таңдау жасағанына қуандым", – дейді Шаризада апай.
"Есімде қатты қалғаны – Ләйлә сабақтан бірде-бір күн кешігіп көрген емес. Олар Қайтпас шағынауданында тұратын. Қайтпас қайда, мектеп қайда? Арасы ұзақ жол. Ол кезде қазіргідей қоғамдық көліктер ағылып жүріп жатпағаны белгілі. Бірақ сонда да сағат 8:15-те басталатын сабаққа Ләйлә мен сол маңнан бірге келетін әзербайжан құрбысы екеуі бірінші келіп отыратын. Тиіп тұрған жерден кешігіп келетін балаларға үнемі Ләйләны үлгі ететін едік", – деп ұстаз еске алады.
"Сосын тағы бір айтатын нәрсе, Ләйләнің ата-анасы, әсіресі әкесі мектепке жиі келетін. Сынып жиналыстарынан бөлек, ары-бері өткенде "апай, қандай көмек керек? Ләйләнің сабағы қалай?" деп сұрап, соғып тұрушы еді. Ол заманда кабинеттерді өз күшімізбен жөндеп, әрлеп, безендіретін едік ғой. Сынған шкаф, парталарды жөндеу, әрлеу сынды жұмыстардың бәріне Ләйләнің әкесі көмектесіп, жүгіріп жүретін еді", – дейді Шаризада апай.
"Оқушылардың бәріне "сіз" деп сөйледім"
"Сіз қандай ұстаз болдыңыз?" деп сұрадық Шаризада апайдан. "Менің қандай ұстаз болғанымды шәкірттерімнен сұрау керек шығар" деді күліп, сосын:
"Керек кезде қатал, керек кезде мейірімді, керек кезде талапшыл ұстаз болдым. Сабақ кезінде 45 минуттың 5 минутын да мұғалімнің орындығында отырып көрмеппін. Баланың бар назары менде, сабақта болғанына қатты көңіл бөлдім. Тақырыпты дәл, түсінікті, ұғымына жеңіл жеткізуге тырыстым. Оқушылардың бәріне "сіз" деп сөйледім. Оларды өзіммен теңдей көрдім, дос болдым. Үйімнің есігі кез келген уақытта ашық еді. Сондықтан мектепте оқып жүрген немесе бітіріп кеткен балалар үйге келіп, шай ішіп, есіктің алдындағы жүзімді жеп, жүре беретін", –деді ол масаттанып.
Өмірлік жолдасы да педагог болған екен. Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орнында дәріс берсе керек, үйлері оқушылар мен студенттерден босамайтын болған. Тіпті олардың ата-аналары да әбден сенетінін айтып, сөзін жалғастырды ол: "Мені өз шешелеріндей көретін еді. Аналары келіп, "мына балаңыз бізді тыңдамай жатыр, сөйлесіңізші немесе мына мамандықты таңда десек, көнбейді, ақылыңызды айтыңызшы" деп жиі келетін".
Еңбегінің еш кетпегенін ұстаз қазір жақсы түсінді. Балаларының бойына білім мен бірге рухани құндылықтарды қатар дарытқан Шаризада ханым жемісін көріп келеді. Оқушылары осы күні өнеге болудың үлгісін көрсетіп жүрсе керек, ұстаз естеліктері таусылар емес:
"Осы кезде бір естелік айтып берейін. Бір жылдары Байтұрсынов көшесінде екі жыл табиғи газ болмай қалды. Күйеуім өмірден өтіп кеткен. Отын жағып көрмеген басым, көмір түсірдім. Оны көшенің бойына төгіп кеткен. Көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп тұрды. "Не істесем екен?" деп ойланып тұрсам, бір оқушым өтіп барады екен. Мектеп бітіріп кеткеніне қанша жыл болған. "Апай, не істеп тұрсыз?" дейді. Жағдайымды айтқан едім, бес минуттың ішінде сау етіп, он бес балам кіріп келді. Бес тонна көмірді жарты сағаттың ішінде сарайға кіргізіп беріп кетті. Көңілім толқып, көзіме жас келіп, қобалжып қалдым".
Шаризада Шораева – 1966 жылы мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Ол өзінің жүрек қалауымен Шымкенттегі педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі.

42 жыл педагогика саласында қызмет атқарып, жүздеген, мыңдаған шәкірттердің өміріне бағыт-бағдар беріп, олардың болашақта өз жолын адаспай табуына көмектесті. Ол тарихты тек оқытып қана қоймай, шәкірттерінің санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, дұрыс өмірлік таңдаулар жасауға ықпал етті.

Отбасын құрып, сәбилі болған алғашқы жылдары Шораева кешкі мектепте сабақ берген. Алдымен – №35, кейін Ләйлә оқыған №45 мектептерде еңбек етті. Шаризада Шораеваның ұстанымы анық. Ұстаздық – мамандық емес, өмірлік миссия.

Сізде өз ұстазыңызды бүкіл қала көретіндей

етіп құттықтауға тамаша мүмкіндік бар.

Телеграм-бот арқылы сүйікті ұстазыңызға

ризашылығыңызды білдірсеңіз,

хабарламаңыз Алматы мен Астанадағы

медиабордта пайда болады.


Ұстаздарды Ferrero Rocher және

Rafaello-мен бірге қадірлеңіз!

Материал Ferrero Rocher және Raffaello-мен бірге "Ұстаздарды қадірлеңіз" арнайы жобасы аясында дайындалды


Сурет: Айгерім Бегімбет, Ләйлә Сұлтанқызының жеке архивінен