Көлік салонынан сіріңке лақтырған жүргізуші 1,6 млн теңге төлеуге міндеттелді

Астанада автотұрақта болған өртке байланысты сот жүргізушіден 1,6 миллион теңгеден аса ақша өндіру туралы шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 2025 жылғы мамырда елордадағы автотұрақтардың бірінде болған еді. Іс материалдарына сүйенсек, ер адам көлігінде отырып темекі тұтатып, жанбай қалған сіріңкені терезеден сыртқа лақтырған. Арада көп уақыт өтпей, газ баллонмен жабдықталған Audi A6 көлігі өртеніп кеткен.

Сыртқы бейнебақылау камералары өрт шыққан сәтті тіркеген. Тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес келтірілген шығын көлемі 2,9 миллион теңгеден асқан.

Қылмыстық іс ер адамның әрекетінде қасақана ниет болмағандықтан тоқтатылған. Сондай-ақ, әкімшілік іс жүргізу де мерзімі ескіруіне байланысты жабылған. Дегенмен сот бұл жағдай оны келтірілген шығынды өтеу міндетінен босатпайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, сот өртенген көліктің иесі де абайсыздыққа жол бергенін анықтады. Ұзақ уақытқа тұраққа қойған кезде газ баллонмен жабдықталған көлікке қатысты өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған, соның салдарынан газ кеткен.

Сот өрт шығуына екі фактор - терезеден лақтырылған жанбаған шырпы мен газ жабдығын пайдалану талаптары бұзылуы себеп болған деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден материалдық шығын мен сот шығындарын өтеу үшін 1,6 миллион теңгеден аса қаражат өндірілді.