Бұл – танымал өнер иелерінің мектеп табалдырығында білім берген ұстаздары жұлдызды шәкірттерінің мектептегі құпиясын ашатын Мұғалімдер мерекесіне арналған арнайы жоба. Жоба арқылы жұлдыздардың бала кезінде қай пәнді жақсы көргенін және олардың тұлға болып қалыптасуына не әсер еткенін біле аласыз!
Димашты жұлдыз еткен оның бойындағы құдай берген талант пен тектілік пе, тәрбие мен тәртіп пе деген сауал көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Өнерге ғана емес, еліне деген сүйіспеншілік оның жүрегінде қай кезде, қалай пайда болды? Бұл сұраққа оның алғашқы ұстазы Клара Жанұзаққызы жауап берді. Болашақ жұлдызды тәрбиелеген маман ойлары мен кәсіби жолы жайында айтады.
Міне, танысыңыздар! Мына суреттегі әдемі ханымның есімі - Клара Жанұзаққызы. Иә, ол - әлемге танымал жұлдыздың алғашқы ұстазы. Мектеп табалдырығынан қарсы алып, баланың бойына өмір, білім мен еңбек сияқты құндылықтардың базасын бекіткен сынып жетекшіcі. Клара ханымның даналығы да Димаштың қалыптасуына ықпал еткені сөзсіз.
Міне, танысыңыздар! Мына суреттегі әдемі ханымның есімі - Клара Жанұзаққызы. Иә, ол - әлемге танымал жұлдыздың алғашқы ұстазы. Мектеп табалдырығынан қарсы алып, баланың бойына өмір, білім мен еңбек сияқты құндылықтардың базасын бекіткен сынып жетекшіcі. Клара ханымның даналығы да Димаштың қалыптасуына ықпал еткені сөзсіз.
Димаштың ұстазбен кездескен сәті
Димаш отбасының алғашқы немересі болғандықтан, ешкімнің назарынан тыс қалмаған. Клара Жанұзаққызы оны бірінші көрген кезде байқаса керек: "Алғашқы қоңырауға ата-әжесі, ата-анасы, нағашы әжесі келді", - деп еске алды Клара Жанұзаққызы. Ал тоқсан сайын болатын жиналысқа міндетті түрде атасы мен әжесі келіп тұрған екен. Димашқа қатысты әр нәрсеге мұқият қарайтынын байқадық. Оның ерекше қабілеттілігі ғана есінде қалмаған, оқыған жылдары туралы да ойланбай жауап берді.
"Димашқа 2001-2005 жылдар аралығында 1-4 сыныпта мен сабақ бердім. Өте тәртіпті, білімді, ақылды, өнерлі, ақжарқын бала болды. Тапсырмаларды мұқият орындайтын. Сабаққа да алғыр болды. Сабақты 5-ке оқыды. Кез келген пәнді тез меңгерді", - дейді ұстаз.
Мұндай оқушы – мұғалімнің арманы. Клара апай оған әріп танытуда қиналмаған. Димаштың ерек бала екенін бірден аңғарса керек, әсіресе тіл игерудегі қабілеті таңғалтқанын айтады. Ал, сабақ айту мәнерінде мән, кішкентай жүрегінде ән болғанын байқамау мүмкін емес болған сияқты.
"1-сыныпта Әліппені бірден оқып кетті, себебі әріп танып келді, 2-сыныпта орыс тілі мен ағылшынды қатар оқыды. Қосымша француз тілі жүрді. Сабаққа деген қызығушылығы жоғары болды. Димашқа жаттау берсем, ол әндетіп айтып беретін. Димаш бала кезден өнерлі бала болғандықтан Ана тілін пәнін ерекше ұнататын. Әліппені оқып бастағанда-ақ вокалға қатысып жүргенін білдім", - деп еске алды сынып жетекшісі.
Димаш 1-сыныпта "Әліппемен қоштасу" кешінде Абай Құнанбаевтың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындап отырған сәті.
Болашақ жұлдыздың күн тәртібі сол кезде-ақ тығыз болса керек, сабақтар кестесі тек вокалмен шектелмепті – 2-сыныпта домбыра қосылған екен. Сахнаның баласы екенін Клара Жанұзаққызының сөзінен аңғару қиын емес: "Түрлі мерекелік шараларда жүргізуші болды. Сыныптан тыс өткен байқауларда да белсенді болды".
Байқаулардағы белсенділік баланы ширатпаса, қиратпайды. Димаштың тектілігі бойынан ғана емес, ойынан да көрініп тұрады - биік.
"Бойы да ерекше. Мектепке ақ костюм мен ақ шалбар киіп жүргенді жақсы көретін. Мектепте қыздармен де, ұлдармен де дос болатын, адамды бөліп-жармайтын. Жалпы оның досы көп болатын. Димашқа мақтау айтқанда мақтанып кетпейді, керісінше ұялатын. Димаш оқыған сынып ерекше сынып болды. Себебі барлық баланың оқуға деген ынтасы жоғары, ұйымшыл сынып болған. Ол да әрдайым күліп жүретін, оның қатты дауыс көтеріп сөйлеген кезін байқамаппын", - дейді ол.
"Апай, сізді қатты сағындым..."
Жүректен шыққан осы бір қарапайым сөздер Клара Жанұзаққызының жүрегінде мәңгі қалыпты. Димаш музыкалық колледжге түсіп, жаңа өмірге қадам басқанымен, ұстазын ешқашан ұмытпағанын ол мақтанышпен еске алды. Өйткені, әр жыл сайын мектепке келеді. Оның себебі де өзі екенін біледі. Үнемі бір шоқ гүлмен бірге оған деген жүрегіндегі ризашылығын алып келетін ендігі қарапайым қатардағы азамат емес, аты әлемге танылған аңыз, қазақтың жарық жұлдызы – Димаш Құдайбергеннің өзі.
"25 мамырда мектепке келді. Қолында бір шоқ гүлі бар. "Апай, сізді қатты сағындым" деді. Үш жыл қатарынан дәл осылай гүл сыйлады", – деп еске алады ұстазы.
Бұл сәттер – нағыз шәкірттің ұстазына деген риясыз құрметінің белгісі. Димаштың аты көкте болғанмен, жүрегі мен заты әрқашан жерде екеніне ұстазының іштей разылығын сезіндік. Өйткені оның бойында Клара апайы дарытқан басты құндылықтар – қарапайымдылық пен шынайылық бар. Әлем жұртшылығын тамсандыратын да оның тек әндері ғана емес, осы қасиеттері. Сондықтан болар, Димаштың фанаттары арнайы елге келген кезде алымен әнін тыңдайды, содан соң міндетті түрде дарынды бала тәрбиелеудің мәнін Клара Жанұзаққызынан cұрайды. Бұл жолы да солай болды, дәстүрлі түрде 13-14 қыркүйекте Астанада өткен концерттің алдында тыңдармандары Ақтөбедегі білім ордасына соққан екен.
"9,10,11, тіпті 16 қыркүйекте де шетелден бірнеше тыңдарманы келіп, кездесіп кетті. Димаштың фанаттары мектепке келген сайын үнемі менімен хабарласып тұрады", - дейді ұстаз.
Шынайы еңбек пен шабыт: ұстаз жолы
Клара Жанұзаққызы Ақтөбе облысы Қайыңды ауылында дүниеге келген. Болашақ ұстаз нағашы атасы Нұрдаубай Абатов 1969 жылы салған Абай атындағы орта мектепке оқуға барады.
"Бұл мамандықты таңдауыма нағашы атам себепші болды. "Халық ағарту ісінің озық қызметкері", атам Абатов Нұрдаубай өзім оқыған Абай атындағы орта мектепті салды, оның әр ісінен үлгі аламын", - дейді мұғалім.
Мектепте озат болған Клара Жанұзаққызы сыныбында "староста" болған. Ал сүйіп оқыған пәні - математика. Білім ордасын тәмамдаған кейіпкер кейін Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Кейін арман қуып, Алматыға аттанады. Алайда әкесінің өтінішімен ауылға қайтады.
Клара Жанұзаққызының еңбек кітапшасында жазу көп емес. Ұстаздық жолындағы 35 жылдың 26 жылын ол Димаш оқыған еліміздегі алғашқы қазақ мектеп-гимназиясына арнаған. Еңбегі еш кеткен жоқ - "Қала құрметі" төсбелгісі және "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" атақтары бар. Мұндай жетістіктің сыры туралы ол былай дейді:
"Көп оқу, іздену, үйрену. Мұғалім мамандығын меңгерген адам көп оқып, білімді болуы керек. Осы мамандық бойынша қызмет етіп жүргеніме 35 жыл болды, осы уақыт ішінде 26 рет білімімді жетілдірдім. Мамандығым бойынша түрлі байқауларға қатыстым, тәжірибемді бөлістім", - дейді кейіпкер.
Клара Жанұзаққызы бұл мәртебелі мамандық иесі болғысы келетіндерге кеңес берді. Оның айтуынша, мықты ұстаз болудың формуласы қиын емес, бар болғаны - өзің таңдаған жолды, мамандықты сүю.
"Ұстаз болу – үлкен мәртебе. Ол үшін білімді, ақылды болып, әр ісіңе жауапкершілікпен қарау керек. Өз мамандығыңды сүю керек", - дейді ол.
Тек тәжірибесімен емес, Клара Жанұзаққызы шәкірттеріне жинаған басты байлығы — білімімен бөлісуден шабыт алады. Ол 400-ге жуық шәкірт тәрбиелеп, олардың әрқайсысына рухани азық пен білімнің жарығын сыйлады. Шәкірттерінің табысты жолдары Ұлыбритания, Франция және Қазақстан сияқты елдерде жалғасып келеді. Мақтаныштары қатарында Ұлыбританияда жұмыс істейтін Камила Кұлшаева, Айдана Берікқызы және хореограф Асия Диқанбаева бар. Алайда оның ұстаздық портфолиосындағы ең жарқын жұлдыз — әлемді мойындатқан өнер иесі, Димаш Құдайберген.
Сізде өз ұстазыңызды бүкіл қала көретіндей
етіп құттықтауға тамаша мүмкіндік бар.
Телеграм-бот арқылы сүйікті ұстазыңызға
ризашылығыңызды білдірсеңіз,
хабарламаңыз Алматы мен Астанадағы
медиабордта пайда болады.
Ұстаздарды Ferrero Rocher және
Rafaello-мен бірге қадірлеңіз!
Материал Ferrero Rocher және Raffaello-мен бірге "Ұстаздарды қадірлеңіз" арнайы жобасы аясында дайындалды
Сурет: Жеке архив Клара Кажгалиева, instagram.com/kudaibergenov.dimash
Учителя звезд:
Скоро...
Скоро...
Проект выполнен при поддержке ТОО «Ферреро Казахстан»
© TengriNews 2024