Қазір теңгенің болашағы қазақстандықтарды қатты алаңдатып жатыр. Теңгемен депозит ұстап отырғандар ұтты ма, әлде ұтылды ма? Бағамның жылдам құбылуына не себеп? Доллар күшейді ме, әлде теңге әлсіреді ме? Экономист Айбар Олжаев Massaget.kz тілшісіне бұл сұрақтардың жауабын айтты.
"Кеше Астана уақытымен сағат 15:12 кезінде Форекстегі теңгенің долларға шаққандағы кросс-құны 515-ке жетті. Негізі біз Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық нәтижелеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек", - деді ол.
Бірақ кеше KASE-дегі сауда сессиясы аяқталмағандықтан, нақты нарықтық курс бойынша ақпарат болған жоқ. Сондықтан валюта айырбастау бекеттері өз курсын Форекстегі бағамға сүйеніп қойды.
"Ең алдымен бізге осы 2024 жыл бастала салғанда курс қандай болды, соны анықтап алу керек. Қор биржасы өз жұмысын бастаған 3 қаңтарда, яғни 2024 жылдың алғашқы жұмыс күніндегі сауда-саттық нәтижесінде теңге курсы бір долларға 457,06 көрсеткен. Бүгін бағам 510 болады деп топшыласақ, онда теңгенің 11 ай ішінде долларға шаққанда 11,6 пайызға арзандағанын байқаймыз. Биыл банк депозиттеріндегі орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,6 пайыз болғанын ескерсек, онда теңгелік депозит ұстағандар қазір 2 пайыз плюсте. Долларлы депозиттің орташа сыйақысы 0,9-1 пайыз деңгейінде болды. Онда доллар ұстағандар 1 пайыз плюсте деп айта аламыз. Демек, инфляция факторын ескермесек, онда теңгелік депозит кірістілігі бойынша долларлы депозитке қарағанда тиімдірек болды. Бірақ бұл инфляциясыз есеп қана. Егер инфляцияны қоссақ, онда картина өзгереді", - деді ол.
Экономист инфляция есебімен теңгемен депозит ұстап отырғандар қанша пайыз минусқа кеткенін есептеп берді.
"Биылғы теңгедегі инфляцияның қазіргі жылдық мәні 8,5 пайыз. Онда 11,6+8,5 = 20,1. 20,1-13,6 = 6,5. Теңгедегі инфляция факторымен есептесек, биыл теңгелей депозит ұстағандар 6,5 пайызға минусқа кетті. Ал қазір АҚШ-та доллардың орташа инфляциясы 3 пайыз деңгейінде. 3-1 = 2. Сонда доллармен депозит ұстағандар 2 пайыз минуста", - деді ол.
Экономист сөзінше, құлап бара жатқан рубль өзімен бірге теңгені де төмен тартып жатыр. Себебі Форекстегі рубльдің кросс-курсы "Газпромбанкка" санкция салынғалы бері күрт құлады. Қазір Форекстегі бағамы - 109,9. Рубль/теңге паритетін 5 деп санағанда ол 549,5 кросс-курсына, ал 4,7 деп санағанда ол 516,53 кросс-курсына тіреп тұр. Демек, Форекс қазір теңге рубль паритетін 4,7 деңгейінде қабылдағанын анықтай аламыз.
"Газпромбанк" газ контракттары бойынша Еуропа және басқа да елдерден валюта әкеліп тұрған Ресейдегі жалғыз ресми канал болатын. Оның бұғатталуы нарықта ажиотаж туғызды және инвесторлардың рубльден тезірек құтыла бастауына әкелді. Қазір биржаларда барлығы жаппай рубль сатып жатыр және Ресейде басқа валюталарды айтпағанда тіпті юань тапшылығы қатты сезіледі.
Дәл осындай жағдайда АҚШ керісінше долларды күшейтуге барын салды. DXY индексі 106,2-ге жетіп отыр. Бұл - доллар барлық әлемдік валюталардың "мұрнын қанатып жатыр" деген сөз. Трамп антиглобалист және ол доллар инфляциясын болдырмауға уәде берген. Бұл инвесторлардың әлсіз валюталардан кетіп, доллардың айналасына қайта топтаса бастауына жол ашады. Шындығын айтсақ, теңгеге ауырлау заман келе жатыр. Оны осы қарашадағы КАSЕ-дегі сауда-саттық көлемінен байқауға болады. Бір күндік орташа сауда көлемі рекордтық 240 миллион долларға жетейін деп қалды. Демек инвесторлар теңгеден долларға жаппай ауысып жатыр", - дейді ол.
"Дәл қазір айырбастау бекетіне жүгірмеңіз. Қазір доллар спекулятив, эмоционал толқында өсіп тұр. Ертең спекуляция көбігі басылғанда, сіз ұтылып қаласыз. 2022 жылы Ресей соғыс ашқанда долларды 512 теңгеге сатып алған адамдарды жеке танимын. Олар екі жыл күтіп, сол курсқа енді ғана келіп отыр. Ұлттық банктің конвертациялы және интервенциялық жұмысының әсері келесі аптада анық байқалатын болады. Қатты доллар алғыңыз келіп бара жатса, құрығанда келесі аптаны күтіңіздер деп айтар едім", - деді ол.
Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.
Алматыда америкалық валютаны 512,87 теңгеге сатып, 507,50 теңгеге сатып алды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.
Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді.
Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз