2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бұл жағдай қарастырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге дейін артады. Қазіргі мөлшері - 62 771 теңге, яғни өсім 6 278 теңге болады.
Базалық зейнетақы да көбейеді. 2025 жылы ол 32 360 теңге болса, 2026 жылы 35 596 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім - 3 236 теңге.
Зейнетақы неден құралады?
Қазір Қазақстанда зейнет жасы - ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 61 жас (2028 жылға дейін осылай қалады). Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады:
- Ортақ зейнетақы - 1998 жылға дейін жұмыс істеп, бұрынғы жүйеге жарна аударғандарға мемлекет төлейтін бөлік.
- Базалық зейнетақы - барлық зейнеткер алатын мемлекеттік төлем. Оның мөлшері еңбек және сақтандыру өтіліне байланысты.
- Жинақтаушы зейнетақы - адамның өзі БЖЗҚ-да жинайтын қаражат, жалақысының 10 пайызы ай сайын жеке зейнетақы шотына аударылады.
2026 жылы индексациядан кейін ең төменгі зейнетақы мөлшері 104 645 теңге, ал ең жоғары зейнетақы мөлшері 238 412 теңге болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова