Нарықтағы индекс дегеніміз не?

Нарықтағы индекс дегеніміз не?
Фото: videoblocks.com

Кез келген қор нарығының құны мен ел экономикасының әл-ауқатын оның индексі көрсетіп отырады. Әдетте, бір биржада біреуден көп индекс болады. Индекс - сол биржадағы компаниялардың құнды қағаздарының ортақ бағасын шығарып отыратын индикатор. Мысалы, АҚШ экономикасының жағдайын көрсететін негізгі индекстер - Dow Jones Industries Average, Standard&Poor's 500 және Nasdaq.

Айта кетсек, Dow Jones еншісінде АҚШ-та құрылған ең үлкен 30 өндірістік компанияның құнды қағаздары саудаға қойылған. Ал S&P 500 индексінде АҚШ-тың орта бизнес секторындағы 500 компания бар болса, Nasdaq индексіне 3100 компания тіркелген.

KASE биржасында әзірге бір индекс бар. Цалюк мырзаның айтуынша, америкалық S&P 500 индексі сынды еліміздің қор нарығында да орта бизнес секторындағы компаниялардың акциялары бір индекске біріктірілмек. Ал негізгі индекс еліміздің әртүрлі секторын қамтитын 8 компанияның құнды қағаздарының ортақ бағасын шығарып отырады. Олар:

1. "Банк ЦентрКредит" АҚ 
2. KAZ Minerals PLC 
3. "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ 
4. "Кселл" АҚ 
5. "Электржелісін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) "KEGOС" 
6. "Қазақтелеком" АҚ 
7. "КазТрансОйл" АҚ 
8. "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ 

Тізімдегі компаниялардың акциялары құлдыраса, индекс те құлайды. Ал индекс құласа, қор биржасынан инвесторлар кетеді. Ал инвесторлар кетсе, нарықтағы валюта мен құнды қағаздарға сұраныс азайып, ел экономикасы зардап шегеді. Сондықтан елдегі алып компаниялардың дағдарысқа ұшырамауы мемлекеттік деңгейде маңызды.

Нью-Йорк қор биржасының жалпы капиталы - 21,1 триллион АҚШ доллары (Мамыр, 2017). Ал биржа саласында енді дамып келе жатқан Қазақстан қор биржасының жалпы капиталы 99,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Айта кетсек, биржаның жалпы капиталы оған ресми тіркелген компаниялардың құнымен есептеледі.

Ж. Өрісбай