Кәсіпкерлікке бастайтын кітаптар

Кәсіпкерлікке бастайтын кітаптар
Фото: massaget.kz

Жеке кәсіп ашу – жауапты әрі психологиялық тұрғыдан қарағанда күрделі бастама. Бастапқы қаражат, инвестор, білім ғана емес, шабыт пен ынтаның зор болғаны маңызды. Ол үшін табыскер кәсіпкерлердің еңбек жолы, басынан өткен оқиғалары құлшындырып, асқақ арманын жүзеге асыруға бір қадам жақындата түсері хақ. Бизнеспен айналысуды ойластырып жүрген жандарды ынталандыратын кітаптармен таныстырайық.

Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» Думай и боготей») атты кітабы өз заманының ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа қызмет ететін туындыға айналды. XIX-XX ғасырларда өмір сүрген әйгілі Америка жазушысы Наполеон Хиллдің 1937 жылы жазып шыққан кітабы. Ғасырға жуық уақыт өтсе де маңызын жоймаған, қайта жыл өткен сайын халықтың сұранысына ие болған бұл туындыны қазақ тілінде де оқуға болады. Бұл кітапта Н.Хилл оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады.

Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» («Путь к финансовой независимости») кітабында қалың оқырманға кәсіп құру мен қолда барды сақтаудың, табысты еселеп өсірудің құпияларын ашады. «Қазақстанның жас кәсіпкерлері» қауымдастығы XX ғасырдың орта тұсында жазылған бұл кітапты жастардың табысты болуына бастайтын әлемдік деңгейдегі кітаптардың қатарына енгізіп, қазақ тіліне аударып, олардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттырды.

«Шағын бизнеске арналған 100 жоба» – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті басқару үдерісінің анықтамалығы нұсқаулықтан гөрі, шығармашылыққа жақын жұмыс. Өз кәсібін бастаймын деген кәсіпкерлер үшін жол сілтейтін бағдар, жеке кәсіппен айналысқысы келетін, бірақ бизнес-идеясы жоқ жандарға арналған көмекші құрал. Әр алуан бағыттағы шағын бизнестің жобалары байлық пен табысқа жол бастайды. Дайын бизнес-жобаларды жүзеге асыра отырып, көздеген мақсатқа жетуге жетелейді.

Майк Микаловицтің «Қаражатсыз стартап» («Стартап без бюджета») кітабы. Түпнұсқада The Toilet Paper Entrepreneur деп аталатын басылымда танымал кәсіпкер, бірқатар марапат иесі Майк Микаловицтің басынан өткен оқиғалары, бизнес-модельдер мен идеялар баяндалады. Жеке кәсібін бастаймын деушілерге 3 нәрсе ғана керек дейді: өзі идеясына сену, талмай еңбек ету мен мақсатқа көз тігу. Микаловиц бестселлері кез келген кәсіпкер қомақты қаражатсыз, осы қасиетпен-ақ табысқа жетуге ынталандырады.

Майк Микаловицтің  тағы бір кітабы «Асқабақ тәсілі. Өз салаңда қаражатсыз көшбасшы болу» («Метод тыквы. Как стать лидером в своей нише без бюджета») ұсынылады. Бұл кітап ерекше бизнес-идеялар туралы жазылған. Орта бизнесте жарнама мен қызметкерлер штатына ауқымды қаражат жұмсамай-ақ табысқа жетудің құпияларын ашады. Туризмнен заңға дейінгі индустрияның түрлі саласынан мысал келтіре отырып, дәлелдейді.

Лейси «Арманда, жаса, өзгерт!» («Мечтай, создавай, изменяй!») кітабында кәсіпкерлікті өзгеше қырынан танытқан. Автор кәсіпкерлік туралы туғанынан білетін әрі кәсіп ашуға барлық жағдайы жасалған Американың тұрғындары жайлы емес, Израиль, Үндістан, Қытай мен Инденезия, Бразилия, Руанда елдеріндегі кәсіп туралы баяндады. Аталған елдердің халқы дамыған мемлекеттердің тұрғындарына беймәлім қиындықтарға тап болады. Олардың көпшілігі жоғары білім алмаған. Дегенмен, әлемді өзгертуге деген сенімі, құлшынысы мен қалауы артып тұрғанда, алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдей білді. Жігер мен сенімнің жетелеуімен нағыз табысты компания құрып, өз өмірлерін ғана емес, қоршаған ортасын да өзгерте білгендер жас кәсіпкерлерге үлгі болады.

Майкл Эллсбергтің «Дипломсыз миллионер» («Миллионер без диплома») кітабы жетістік пен айтулы жоғары оқу орнының дипломын қатар қоюға болмайтынын дәлелдеуге тырысқан. Тіпті МВА дипломы да керемет бизнеске кепілдік бермейді. Эллсберг кез келген жағдайда табысқа жетелейтін білім мен машық жайлы мағлұмат береді. Кәсіппен айналысуға қажетті машық пен икемді 5 жыл бойы оқып, игерудің қажеті жоқ екенін, миллионердің «міндетті бағдарламасына» не кіретінін Майкл Эллсбергтің кітабынан табуға болады.

Роберт Тору Кийосаки «Бай әке, жарлы әке». Р.Кийосаки – америкалық кәсіпкер, инвестор, жазушы, мұғалім. Аталған бестселлерді 47 жасында  жазған. Автор ақшаның жұмсай білу заңдылықтарын үйрете отырып, жетістікке жетудің әдістемесін үйретеді. Бизнеспен айналысқанда қаржыны дұрыс үйлестіре білу керектігі ең басты шарттардың бірі. Әлемдік бестселлерді қазақ тілінде «Массагет» сайтынан оқи аласыздар.

Тони Шейдің «Бақытқа бөлей отырып...» («Доставляя счастье») кітабынан аяқ киім сататын Zappos интернет-дүкенінің негізін қалаушы Тони Шейдің бизнестегі жолы туралы мол мағлұмат алуға болады. Компанияның құрылған сәтінен бастап, 10 жылдың ішінде айналымдағы қаражатты 1 млрд долларға жеткізгені туралы баяндалады. Бұл кітап сенетін, ұнататын бренд жасауға, тұтынушыны да, қызметкерді де бақытқа бөлейтін компанияны қалай құру керектігіне арналған. Дегенмен, Шей Zappos компаниясының жағымды жақтарын ғана емес, қателіктері жайлы да айтады. Бұл қателіктерді білген кәсіпкер өз тәжірибесінде қайталамайтыны анық.

Блейк Майкоски «Өз ізіңді қалдыр» («Оставь свой след») кітабы интернет арқылы аяқ киім сатуға бағытталған тағы бір компанияның бизнес жолын ашып көрсетеді. Блейк Майкоски TOMS компаниясының табысы жақсы. Сонымен қоса, компания өзгеше стратегияны ұстанды: әрбір сатып алынған аяқ киім үшін балаларға аяқ киімді тегін сыйлайтын. TOMS компаниясы How қағидасының иллюстрациясын пайдаланған, әлеуметтік жауапты бизнестің тамаша үлгісіне айналған. Кітап әлемді өзгертуден қорықпаған адам жайлы баяндайды.

Джейсон Фрайд, Дэвид Хайнемайер Хенссон «Rework». Бұл кітапта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тәжірибелі мамандардың бизнесті құру туралы кеңестері берілген. Жеке кәсіпті негізгі жұмысты тастап немесе сонымен қатар алып жүруге қатысты пікірлер де қамтылған. Бизнесіңіз бар ма? Авторлар жобаны қалай жетілдіру керектігі жайында баяндайды. Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерде туындайтын сауалдарға жауап берілген. Бизнес сан түрлі болады – кітапта мұның айқын дәлелі келтірілген.

М. Ақан