Миллионерлер ұстанатын басты 3 қағида

Миллионерлер ұстанатын басты 3 қағида
Фото: lifehacker.ru

Сара Стэнли Фаллоу – америкалық зерттеуші, сарапшы. Миллионерлердің жетістікке жету жолын, олар ұстанған қағида мен ережелерін ой елегінен өткізіп кітап жазған. Еңбегін жарыққа шығару үшін 600-ден аса миллионермен сұхбаттасқан.

Қаржыға қысылмай өмір сүру – кім-кімнің болсын басты бір мақсаты. Ал сол мақсатты бағындырғандар өз жетістігі жайлы не дейді? Сара Стэнли Фаллоу сұхбаттаса келе бай-бақуатты жандар ұстанатын қағидаларды тізе жүрген. Солардың ішінен негізгі үшеуін бастысы деп санайды.


innfinity.in

1. Тапқаныңнан жұмсағаның аз болсын

Табыс артқан сайын шығыс та көбейе түседі. Расында солай ма? Олай емес. Себебі артық тапқан қаржыны оңды-солды жұмсауға әдеттенгендер көп. Ал миллионерлердің көбі табысынан (ол айлық болсын, тоқсандық, болмаса жылдық) шығысын жоғары етпеуге тырысады.

"Қаржыны оңды-солды жұмсап, тапқаныңнан жұмсағаның көп болатын болса, онда қанша көп жалақы алсаң да байымайсың" - деп жазады Стэнли Фаллоу өз кітабында.

Кітап авторының сөзін миллионер Крис Рейнинг де қолдайды. Ол "байлық алған жалақының деңгейімен емес, оны тиімді жұмсау және үнемдеумен өлшенеді" деп санайды.

2. Қосымша табыс көзін ізде

Сара Стэнли Фаллоу жазғандай, миллионерлердің көбі бір ғана табыс көзімен шектеліп қалмаған. Мейлі кәсіпкер, мейлі қызметкер кезі болсын, олардың көбі қосымша жұмыстан бас тартпаған.

"Көптеген табыс көзін тапқан, хоббиін ақша табуға айналдыра алатын адамдар болашақта табысты миллионер болады" - дейді зерттеуші.

Егер шын ниет, табандылық пен жауапкершілік болса қосымша істі де тұрақты табыс көзіне айналдыруға болады.

Business Insider cауалнамасы байқатқандай, қосымша жұмыс арқылы жылына 1 мың доллардан 30 мың долларға дейін табуға болады. Сарапшылар қосымша кіріс көзінен түскен қаржыны оңды-солды шашпай, өзіңе қажетті іске, мысалы білімді жетілдіру, спортпен шұғылдану секілді пайдаға жаратуға кеңес береді.

3. Бизнеспен айналыс

Бай-бақуатты адамдар қаржысын өзіне-өзі жұмыс істеу арқылы арттыра түседі. Сара Стэнли Фаллоу сұхбаттасқан миллионерлердің 42 %-ы кәсіпкер болған.

"Мансап жолыңда ара-тұра тәуекелге барып жеке бизнесіңді ашу – табысты молайтудың зор мүмкіндігі" - дейді кітап авторы.

Бизнесі барлардың табысы да жоғары. Осы 3 қағиданы ұстанып, миллионер болғандардың саны көп. Кім білер, мүмкін сіздің де қолыңыздан келер. Кәсіп ашуға талпынып жүрсеңіз, онда бүгіннен кеш қалмай бастап кетіңіз.

Н. Үсенова