Маслоу пирамидасы бойынша бизнестің даму сатылары

Маслоу пирамидасы бойынша бизнестің даму сатылары
Фото: Promdevelop

Маслоу пирамидасы деген сөзді бұрын соңды бірнеше рет естіген боларсыз. Оның сатыларын еске түсірейік:

1. Ең төменгі саты қажеттіліктерді қанағаттандыру, яғни тамақ, киім, баспана.
2. Одан соң қауіпсіздікке қол жеткізу қосылады.
3. Топқа қосылып, сүйіспеншілікке ие болу.
4. Құрметіңіз арта түсу.
5. Таным маңызы.
6. Алтыншы деңгей – эстетикалық қажеттілік.
7. Ең жоғарғы деңгей – өзіңіздің маңызды кейпіңізді таныту (самоактуализация).

Енді осы пирамиданы бизнестің дамуы кеңістігінде қарастырайық. Ең алдымен бизнес бастауға шешім қабылдағанда өзіңізді қажеттілігіңізді қамтамасыз етуге ұмтыласыз. Қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк, жылы, жайлы өмір сүргіңіз келеді. Осылай алғашқы жылдарды қажетті ақша айналымы мен қаржылық деңгейдің өсуіне арнайсыз.

Өзіңіз қалаған жылжитын және жылжымайтын мүлікке қол жеткіздіңіз. Осымен тоқтап қаласыз ба? Әлбетте келесі сатыға өтесіз. Қауіпсіз және тұрақты табысқа ұмтыласыз. Барлығын айқындап алуыңыз керек. Қандай күн туса да тұрақты табыс түсіп тұратындай жағдай жасауға тырысасыз. Бизнесіңізді жандандыратын нақты бағытқа бет аласыз.

Тағы біраз уақыттан кейін барлығы жақсы секілді көрінгенімен алға жылжымай бір орында тұрып қалғаныңызды сезінесіз. Сіз дамымай тұрғанда бәсекелестеріңіз алға жылжып барады, демек көштен қалып келесіз. Мұндайда алдыңызда екі-ақ жол тұрады. Бірі – осы жерден тоқтау, екіншісі – ары қарай қадам басу. Мұндайда екінші жолды таңдағандар әдетте тұтынушылармен тығыз байланыс орнату үшін шара ұйымдастыру істерімен айналысады. Міне, осы кезде көпшіліктің ықыласына бөленіп, үшінші кезеңге жетеді.

Әріптестеріңіз бен тұтынушыларыңыз ыстық ықылас танытқаннан кейін бәсекелестеріңіз де сізді мойындауына жұмыс істейсіз. Мысалы өз бағытыңыз бойынша мақала жазып, блог жүргізіп, аудитория жинап, теледидарға шығып, атыңызды шығара түсуге талпынасыз. Қарапайым халық басқа емес, сіздің ғана тауарларыңызды тұтынғысы келеді.

Одан артық не керек деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бизнес дамуы мұнымен шектелмейді. Одан ары дамыған үстіне дами түсу керек. Біліміңізді жетілдіріп, тұлғалық дамуға кірісесіз. Бұл алға жылжудың ең тиімді, ең дұрыс жолы.

Тұлғалық қасиетіңізді жан-жақты дамыта келе тек білім мен жаңащылдық емес, сұлулық та маңызды екенін түсінесіз. Әр істен, әр өнімнен, тұтынушыларға қызмет көрсетуден, серіктестермен қарым-қатынас құрудан әдемілік іздейсіз. Барлығы сауатты жүргізілгенін қалайсыз. Кезінде тек бір тиынды қалай екі тиын қыламын деп жүгірумен жүріп, басқаға мұршаңыз болмағанына көзіңіз жетеді. Ал енді барлығын әдемі ететін уақыт жетті. Өміріңіз де, бизнесіңіз де жаңа, ашық реңдермен толығады.

Осылай ең маңызды өз бағаңызды арттыру (самоактуализация) деңгейіне жетесіз. Бар тәжірибеңіз, жаратылысыңыз неге арналғанын, бұл өмірге не үшін келгеніңізді бағамдайсыз. Өз бойыңызда жақсы қасиеттің барлығын арттыруға бизнесіңіз себеп болғанын көріп, көңіліңіз тояды. Атқарған істеріңіз сіздің айнаңызға айналады. Бизнесіңіз сізге табыс қана әкеліп қоймай, қуаныш, бақыт сыйлайды.

Ал сіз қай сатыда тұрсыз?

@. @assel_assanova