Цифрлық экономика ел дамуына серпін береді

Капиталистік елдердің экономикасы қаржы нарығындағы ақша айналымының көлемі мен ранзакциялардың жылдамдығына тікелей байланысты. Қаржы нарығында валюталық операциялар үдерісі жылдам өріс алған сайын, оның экономикалық қуаты да өсе бермек.

"Цифрлық экономика дамыған сайын, ел экономикасы да өркендей береді. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлем жасауға қоғамды үйрету үдерісінің жылдам өріс ала бастағаны байқалады",– дейді Altyn Bank АҚ басқарма төрағасы Асқар Смағұлов.

Америкалық Moody's сараптамалық агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, 2011-15 жылдар аралығында тек онлайн транзакция санының артуынан әлемнің жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мөлшері 296 миллиард АҚШ долларына өскен. Бұл Жер тұрғындарының қаржы сауатының артуы мен тұтыну мүмкіндігінің өсуіне байланысты болып отыр.

"Үкімет қызметтерін халыққа қолжетімді ету мақсатында құрылған "Электронды үкімет" жобасының (egov.kz порталы) қәуіпсіздігі жоғары деңгейде. Электронды валюта операцияларына да дәл осы жүйені енгізуіміз керек",– дейді Асқар Смағұлов.

Смағұлов мырза электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ) жүйесін валюта транзакцияларын жасау үшін пайдалану тиімді екенін айтады. Бұл жалған жеке куәліктің көмегімен алаяқтардың ақша жымқыруын тоқтатады. Өкінішке орай, әзірге Қазақстанда қаржы технологиясы (финтех) саласындағы сандық бағдарлама жоқ. 

Бөлісу: