Джеф Безос қайтадан әлемнің ең бай адамы атанды

Джеф Безос қайтадан әлемнің ең бай адамы атанды
Фото: incrussia.ru

Джеф Безос қайтадан әлемнің ең бай адамы атанды.

Forbes Real-Time мәліметі бойынша, Илон Масктың дәулеті америкалық биржалардағы сауда-саттықтан кейін 175,7 миллиард доллар болған. Екі күн бұрын оның байлығы 14 миллиард долларға немесе 7,4 пайызға азайған.

Amazon құрылтайшысы Джеф Безостың байлығы бір күнде 3,8 миллиард долларға (2,06 пайызға) азайып, жалпы 181,9 миллиард доллар болды.

Илон Маск 8 қаңтарда Безосты артта қалдырып, әлемдегі ең бай адам атанған еді. Сол кезде оның байлығы 9 миллиард долларға өсіп, 186,5 миллиард долларға жеткен. Безос 185,1 миллиард доллар байлығымен екінші орынға түсіп қалған.

Бұған дейін Масктің Марста қала салу үшін өзінің барлық мүлкін сатуға шешім қабылдағаны туралы хабарланған болатын. Кәсіпкер өзінде компаниялардың акцияларынан басқа құнды мүлік қалмайтынын мәлімдеген.

Миллиардер Марстағы құрылысқа көп инвестиция қажет екенін айтты.

Bloomberg-тің есебінше, Масктің дәулеті бір жыл ішінде 100 миллиард долларға өскен.

Осы уақытқа дейін бірде-бір кәсіпкер бір жыл ішінде 100 миллиард доллар таппаған болатын. Ал Масктың қалтасы биыл сонша қаржыға қалыңдады. 49 жастағы Маск Силикон алқабындағы электромобиль шығаратын шағын компанияны әлемдегі жетекші автомобиль өндірушілердің біріне айналдыра алды. Оның SpaceX аэроғарыш компаниясы 2011 жылдан бері алғаш рет АҚШ астронавтарын орбитаға қайта шығарды. Маск кәсіпкер ретінде биыл автомобиль, аэроғарыш және технология нарығына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Тесланың S&P 500 құрамына енуі Маскты әлемдегі бірінші бай адамға айналдырған еді.

Т. Раушанұлы