Павлодарлық кәсіпкер «Денсаулық сусынын» өндіреді

Павлодарлық кәсіпкер «Денсаулық сусынын» өндіреді
Фото: google.kz

«Денсаулық сусыны» – деп атайды өзінің өнімін «Жасыл ферма» дұрыс тамақтану компаниясының иесі Татьяна Ивакина. Бұл сусын бидай өскіндері шырынынан жасалады.

Оның пайдасы қандай? Бидайдың жасыл өскіні витграсс деп аталады. Жасыл өскіндердің сығындысынан шырын әзірленеді. Мұндай шырын хлорофиллге бай, оның малекулалары гемоглабинге ұқсас, демек адам ағзасын қажетті оттегімен қанықтырады. Мұндай шырынды тұрақты тұтынған адам шаршаудан арылып, энергиясы артады. Бұдан бөлек, шырын ішкі органдардың созылмалы ауруларына ем. Бидай шырыны кальций, каротин, В,С дәрумендері, темірге бай. Мамандардың айтуынша, бидай шырынын тұтынудың күндік нормасы – 1 стақан.

Әрине, мұндай сусынды үй жағдайында, тіпті терезе алдында  өсіруге болады.  Ал «Бастау» жобасының түлегі Татьяна Ивакина шырынды өнеркәсіптік ауқымда өндіреді. Сусынды әзірлеуде барлық стандарттар мен технология қолданылады. «Жасыл фермада» бидайдың жасыл өскіндері ғана кәдеге асады. Сарғайған өскіндер сусын дайындауға жарамсыз.

«Органикалық өнімдерді гидропоника әдісімен өсіреміз. Өсірудің бұл түрі топырақты қажет етпейді, мұнда табиғи жарық пен таза тамырлық жүйе қолданылады. Қазір өндірісте шамамен 20 түрлі көк шөп өсірілуде. Бұл руккола, райхан, аскөк, бұйра бұршақ, күнбағыс, дайкон, шалғам, кресс-салат. Өніміміз сертификатталған. Павлодар қаласының бірнеше мейрамханасымен жұмыс істейміз. Олар микро көкшөпті асханаға қолданады, арнайы мәзір әзірлейді, осылайша тағам түрлеріне ерекше сән мен дәм беріледі», – деді Татьяна Ивакина.

Табиғи өнімдерді өсіру идеясы жыл басында қолға алынды. Ол кезде бастауыш кәсіпкер Павлодар ауданы кәсіпкерлер палатасы филиалы көмегіне жүгінді. Филиал директоры Әнуар Қалышбековтың айтуынша, кәсіпкерліктің дамуына жақсы серпінді Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы беріп отыр, оның аясында ауылда шағын несиелеу жолға қойылып келеді.

«2018 жылдың бірінші тоқсанында «Жасыл ферма» жеке кәсіпкерлігі микро көк шөп өндірісін жолға қоюға көмектесуді сұрады. Біз «Бастау» жобасына қатысуды ұсындық. Қазіргі таңда кәсіпкер ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жеңілдікпен қаржыландыруды алды. Осы қаражатқа өндіріске қажет жабдық пен құралдар алынды, өндіріс жұмыс істеп жатыр», – деді Әнуар Қалышбеков.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл кәсіптің   Павлодар облысында баламасы жоқ. Бұған қоса «Жасыл ферма» Астана, Ақтөбе, Алматы мен Өскеменде филиалдарын ашты. «Бастау» жобасына қатысу арқылы іскер ханым өндірісті өнеркәсіптік ауқымда дамыта алды. Енді ол өнімді супермаркеттер, спорт және диеталық тамақтану бөлімшелері арқылы өткізуді көздеп отыр.

«Біз тұтынушылардың кең ауқымына бағдарланып отырмыз. Бастапқыда шағын жабдық сатып алдық, біразын өз қолымызбен жинадық, өсіруді бастағанда сыналдық, қателестік, дегенмен бірінші өнімді алдық. Бірінші алынған өнімді тұрғындар, жақындардың бағасын алу үшін дәм татқызып, ауыз тиюге тараттық. Елден алған оң пікір алға жетеледі. «Бастау» жобасы кәсіп негіздеріне оқып алуға, бизнесті кеңейтуге көмектесті. «Атамекен» қолдауымен бизнесімізді дамытып жатырмыз», – дейді Татьяна Ивакина.

Г. Берік