20 жастағы қазақ студенті қысқа уақытта мол табысқа жету үшін стартап құрған

20 жастағы қазақ студенті қысқа уақытта мол табысқа жету үшін стартап құрған
Фото: massaget.kz

Алматы Энергетика және Байланыс Университетінің 4 курс студенті Мұхаммед Рахметуллаев жастайынан компьютерге бір табан жақын болғанын айтады. Ол 15 жасында Билл Гейтстің автобиографиясын оқып, бағдарламашы болуды мақсат етеді. Ал жасы 18-ге жеткенде жасанды интеллект пен бағдарламалық қамтуды машина оқыту әдісімен қолданып, қор нарығына анализ жасайтын алгоритм құрастыра бастаған.

"Студент атанбай жатып, интеллектуалды компания құру туралы көп ойланатынмын. Бастапқыда жеке бизнесімнің нақты қай салада болатынын анықтай алмай жүрдім. Кейіннен қор биржасына қызығушылығым ояна бастады. Сосын мұнда тек интеллектуалды азаматтар ғана бизнесін дөңгелетінін түсініп, олардың қатарына кіруді шештім",  дейді 20 жастағы студент.

Джордж Вашингтон банкноты

Novus Capital стартап идеясының авторы Мұхаммедтің өзі. Бұл атаудың шығу тарихы да өте қарапайым. Мұхаммед бірде 1 АҚШ долларының банкнотын қарап отырып, пирамиданың астындағы "Novus Ordo Seclorum" (Ғасырдың жаңа тәртібі) сөз тіркесіне көзі түседі. Бұл бүгінгі капиталистік жүйені құрып, әлемнің жаңа қаржы тәртібін бақылап отырған Ротшильдтер мен Рокфеллерлер жанұясы ұраны екені белгілі. Ал Capital сөзі капиталистік қоғамдағы қаржы институттары мен әртүрлі халықаралық хедж-қор атауларында жиі кездеседі.

"Мен де жоғарыдағы алып қаржыгерлер сынды жаңа секторды дамыту арқылы "жаңа жүйе" қалыптастырғым келеді. Сол себепті, компанияның атауын осылай қойдым",  дейді жас бағдарламашы.

Америкалық валютаның бір долларлық банкнотында АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон суреті бейнеленген.

Ол кейіннен өзінің Диас Бибіжанов есімді досына серіктес болуды ұсынады. Соңғы екі жылдан бері екеуі стартаптың бағдарламалық кодын жазып жүр.

"Жобаның идеясы жасанды интеллекті мен машиналық оқыту әдісінің көмегімен қаржы нарығындағы инструменттердің динамикасына болжам жасауға қолдану болып саналады. Нақтылап өтсем, біз жасанды интеллектіні қаржы нарығында сауда жасауға үйретіп жатырмыз",  дейді Мұхаммед Рахметуллаев.

Ғаламды сандар билейді

Пифагор айтқандай, ғаламды сандар билейді. Сәйкесінше, Мұхаммед қор биржасын да сандар билейтінін айтады. Novus Capital стартапының алгоритмдері қор биржасына техникалық талдау жасап, акция немесе облигациялар бағасының өзгеру бағытын анықтайды.

Осыдан бір жыл бұрын АҚШ-тағы ең бай қаржы инстуттарының бірі Goldman Sachs өз штатындағы 600 трейдерді жұмыстан шығарып, орнына 200 бағдарламашыны жұмысқа алды. Бұл да компьютерлік алгоритм негізінде жұмыс істейтін автоматтандырылған бағдарламаларға сұраныстың артуынан болып отыр.

"Біз техникалық анализге басымдылық береміз. Ал саяси тұлғалардың жасаған мәлімдемесінен кейін қор нарығында акциялар құлдырайтын болса, біз алгоритмдерді өшіреміз. Нарықтағы өзгерісті адамның эмоциясы басқарған кезде біздің бағдарламалардың қателік жіберу коэффициенті жоғарылай түседі. Сондықтан ондай сәттерде, сауда жасамауды жөн көреміз",  дейді Мұхаммед.

Классика модернизацияға жол беруі тиіс

Novus Capital классикалық хедж-қорлар сынды трейдерлердің көмегіне сүйеніп, нарықта сауда жасамайды. Мұхаммед өзі жазған компьютерлік алгоритмдердің көмегімен нарықты автоматты түрде зерттеп отырады. Сонымен қатар, техникалық талдау нәтижесінде ұзақ уақытқа болжам жасау мүмкін емес. Себебі адам логикасына сену қиын.

Капиталистік қоғамда АҚШ доллары ең көп қолданылатын ақша массасы болғандықтан, валютаны шығарушы елдің беделі үнемі ескеріледі. Мысалы, жыл басында Трамп өзінің алғашқы медиа брифингінде америкалық фармацевтикалық компанияларға қатысты сыни көзқарасын білдіріп, оларға шара қолдану керек екенін айтты. Сол сәтте фармкомпаниялар нарықтағы 23,5 миллиард АҚШ долларына тең капиталын жоғалтты.

Бұрын трейдерлер телефон арқылы акцияларды саудалаған болса, қазір қаржы операциялардың барлығы онлайн түрде өткізіледі.

Одан бөлек, тамыз айының басында ғана Солтүстік Кореяның көкке ұшырған баллистикалық зымырандарына қатысты Трамптың жауабы қор нарығында негативті тренд алып, көптеген америкалық компаниялардың акциялары арзандап кетті. Осы сынды нарыққа антропогендік әсер болған кезде алгоритмдерді нарыққа жегу қисынсыз. Себебі мұндай кездерде олардың қателік жіберу мүмкіндігі жоғары болады.

"Мемлекеттік есептер мен саяси тұлғалар жасаған мәлімдемелер қор нарығына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Бірақ бұл эмоция деңгейінде жасалатын операциялар болып саналады. Әдетте мәлімдеме жасалғаннан кейін бір сағат өткенде барлығы өз орнына қайта келеді. Novus Capital алгоритмдері осы уақыт аралығында өшіріледі",  дейді Мұхаммед.

Инвесторлар бар ма?

Компания әзірге стартап деңгейінде болғандықтан, Мұхаммедтің командасы жасанды интеллектінің компьютерлік модельдері мен әдістерін кодтаумен айналысып жатыр. Мұхаммед стартапқа инвесторларды кіріктіруге әлі ерте екенін айтады.

"Стартаптың табыс идеологиясы тартымды болса, инвестор кез келген уақытта табылады. Әзірге бірнеше ұсыныстар болса да, оларға біз әлі дайын емес екенімізді айтудамыз. Стартап өнім бере бастағаннан кейін ғана, капитализация мәселесін қарастыруға болады",  дейді Мұхаммед.

"Қазіргі таңда өзіміз жазған бағдарламалар сынақтан өтіп жатыр. Бастапқыда стандартты табыс көлемін компанияның өз капиталының 50 пайызына жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Жоспар бойынша, барлық IT құралдар 2019 жылдың басына дейін дайын болуы тиіс. Содан кейін ғана инвесторлармен келіссөздер жүргізбекпіз",  дейді АЭжБУ студенті.

Алматы әлде Нью-Йорк?

Бүгінде қор биржасында сауда жасау үшін бұрынғыдай биржа алаңында болу міндетті емес. Компьютер мен интернетке кіру мүмкіндігіңіз бар болса болғаны.

"Қазақстан қор биржасын (KASE) S&P500 (Нью-Йорк) немесе РТС (Мәскеу) индекстерімен салыстырсақ, біздің биржадағы сауда көлемінің айтарлықтай кішкене екенін көреміз. Ал біз үшін миллиардтаған АҚШ долларын айналдыратын нарықта сауда жасаған әлдеқайда тиімді. Себебі ол жерде акциялар мен облигациялардың өсуі мен құлдырауы жиі орын алады",  дейді Мұхаммед.

S&P500 индексінде АҚШ-тағы 500 өндірістік компаниялардың капиталы қойылған. Демек мұны АҚШ экономикасының артериясы деуге болады.

Айта кетсек, KASE индексіндегі компаниялардың саны  8. Ал олардың жартысы мемлекеттік сектордағы корпорациялар. Демек индекстің өзгеруіне үкімет әсер ете алады. Бұл ашық бизнес жүргізу ережесіне сай емес. Одан бөлек, Қазақстан қор биржасындағы жүргізілетін сауданың 99 пайызы валюта нарығына тиесілі. Ішкі нарықта дерлік ешкім қазақстандық компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуға қызықпайды. Сондықтан Novus Capital платформасындағы IQ боттар KASE-де қаржы операцияларымен айналыспайды.

"Біз бар мүмкіндікті Нью-Йорк қор биржасына бағыттап отырмыз. Қазіргі таңда америкалық 3 компанияның акцияларымен сауда жасап жатырмыз. Олар JP Morgan Chase, Walmart және Merck&Co",  дейді жас бағдарламашы.

Мұхаммед капиталды қор биржасына инвестиция жасаған кезде әртүрлі сектордағы компаниларға бөліп салған тиімді екенін айтады. Мұны қаржы саласында "активтерді диверсификациялау" деп атайды. Мысалы, JP Morgan Chase АҚШ-тағы ең үлкен 4 банктің бірі болса, Walmart жаңа құрлықтағы ең үлкен супермаркет желілерін біріктіреді. Одан бөлек, Novus Capital инвестиция жасайтын Merck&Co биотехнологиялық сектордағы фармацевтикалық компания болып саналады.

"Нарыққа талдау жасау үдерісі өте қарапайым жолмен жүзеге асырылады. Машиналық оқытудың әзірге нейронды желілер, қисынсыз логика теориясы және тірек векторларының әдісі сынды 3 алгоритмін ғана енгізіп жатырмыз. Бұл алгоритмдердің барлығы нарықтағы өзгерісті сұрыптауға негізделген", - дейді Мұхаммед.

Ж. Өрісбай