Мемлекеттік гранттарды қалай алуға болады?

Мемлекеттік гранттарды қалай алуға болады?
Фото: stocksnap.io

Мемлекеттік қайтарымсыз қаржыландыруды алу оңай ма? 
Кәсіп бастауда, жеке бизнесті ашуда мемлекеттік қолдау механизмдері бар. Бұған кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сервистік қолдау көрсету, жеңілдетілген несие беру түрлері жатады. Бизнес бастамаңыз нарыққа анағұрлым икемді болса, соғұрлым жеңілдетілген қаржыландыруға тез қол жеткізуге болады.

Ал бизнес идеяңыз инновациялық мәнге ие болып, экономиканың дамуына әсер етіп, қоғамға әкелетін пайдасы болса, онда мемлекеттік грант алуға мүмкіндік зор. Бұл қандай бастамалар? 

Инновациялық жоба дегеніміз не? 
Әрине, кәсіп бастағысы келетін адамға инновациялық бастаманы қолға алудан гөрі жай кәсіп түрін бастау қиын. Инновациялық жоба – инновацияға қол жеткiзуге бағытталған ғылыми, ғылыми-техникалық, тəжiрибе-конструкторлық, маркетингтiк зерттеулер мен жұмыстар кешенiн жүргiзу жоспарынан, сондай-ақ техникалық- экономикалық көрсеткiштерден тұратын бастама.

Инновациялар түрлі салада болуы мүмкін, мәселен кірді бес минутта кетіретін кір сабын, теріге әжім түсуден сақтайтын, табиғи жақпа май, ауыр дерттердің алдын алатын дәрі-дәрмек, мал шаруашылығында өнімділікті арттыру, жасыл экономикадағы бастамалар және т.б.

Бизнес үшін инновациялық жобаның тиімділігі неде? Алдымен кәсіпкерлік субъектілеріне қайтарымсыз қаражыландыруға қол жеткізудің өзі тиімді. Екіншіден, идея, жоба тиімді болса, демек бастама табыс әкеледі, нарықта сұранысқа ие болады. 

Мемлекеттік гранттар қандай кәсіпкерлік субъектілеріне қарастырылған?
Бірінші кезекте, жобаңыз инновациялық тартымды болса, онда мемлекеттік грантқа өтінім беруге болады. Мемлекеттік грант – бұл бизнесті дамытуға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік көмек. Гранттарды салалық шектеусіз «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы бойынша бірінші кезекте моноқалалар мен шағын қалалар кәсіпкерлері ала алады. 

Экономиканың басымдыққа ие секторларындағы гранттар 
Гранттар сонымен қатар барлық өңірлер бойынша экономиканың басымдыққа ие секторларында жобалары бар кәсіпкерлердің келесі санаттарына беріледі:

а) кәсібін енді бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне,
б) әйелдерге;
в) мүгедектерге;
г) 50 жастан асқан адамдарға.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі! Грант алуға өтінім беру үшін өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау басқармасына жүгінуге болады, сондай-ақ, өтінімді өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасына беруге болады. Өз мүмкіндіктіреңізді сынап көріңіздер. 

Байқау құжаттамасын ұсыну тәртібі: 
байқауға қатысу үшін үміткерлер өз өңірі бойынша көрсетілген мекен-жайға, пошта арқылы немесе өзінің өкілетті өкілі арқылы бекітілген нысан бойынша байқауға өтінім мен толық құжаттама топтамасын береді. 

Ұсынылатын құжаттар тізімі: 

1) Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік грант беру бойынша байқау іріктеуіне қатысуға арналған өтінім; 
2) заңды тұлғаны (дара кәсіпкерді) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі; 
3) өтініш берілген күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екені туралы анықтама; 
4) өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған анықтама; 
5) бизнес-жоба; 
6) Бағдарламаның және/немесе Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі; 
7) кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді немесе жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар; 
8) кәсіпкердің атынан өтінім беру құқығы бар сенімхат, сенім білдірілген адам паспортының көшірмесі (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған). 

Инновациялық гранттар 
Инновациялық жобаларды дамыту үшін кәсіпкерлер грантты «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы арқылы алуға болады. Егер сіз жас ІТ-маманы болсаңыз және жақсы идеяңыз болса, онда Almaty Tech Garden сізді қолдайды. www.techgarden.kz 

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ әр жылдың үшінші тоқсанында инновациялық гранттарға өтінім жинау науқанын жариялайды. 2017 жылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның технологиялық дамуына арналған гранттарды берудің жаңа ережелері бойынша грант сомасы лицензиялық шарт бойынша негізделген шығындардың 70%-ға дейін және (немесе) жабдық сатып алуға негізделген шығындардың 50%-ға дейін, ақшалай 400 млн теңгеге дейін соманы құрады. Грант заманауи/үздік отандық және шетелдік технологияларды трансферттеу арқылы кәсіпорынның технологиялық деңгейін жетілдіруге бағытталған. 

Салалар дамуына арналған инновациялық гранттың мөлшері лицензиялық шарт бойынша негізделген шығындардың 70%-на дейін, жабдық сатып алуға негізделген шығындардың 50%-на дейін, технологиялық біліктілікті арттыруға негізделген шығындардың 85%-на дейін, ақшалай 500 млн теңгеге дейін соманы құрайды. 

Грант негізінен үздік шетелдік технологиялар, тәжірибе, білім мен біліктілікті трансферлеу арқылы жұмыс істеп тұрған салаларды дамытуға бағытталған.Технологияларды коммерциялауға арналған грант мөлшері негізделген аталған шығындардың 50%-на дейін, ақшалай 200 млн теңгеге дейін соманы құрайды. Грант меншік өндірісте ғылыми-ғылыми-техникалық жұмыс нәтижесін енгізуге бағытталған. Инновациялық гранттар қайтарымсыз негізде және бірлесіп қаржыландыру принципімен бөлінеді. 

Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі Инновациялық Қор базасында құрылған. Агенттіктің негізгі міндеті – Қазақстандағы инновация қозғалысына тиімді қолдау көрсету. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ – инновациялық гранттарды бөлудің операторы. Инновациялық гранттарды беру бағдарламасын жүзеге асырудың мақсаты – қазақстандық инновациялық нарыққа қатысушылар мен инновациялық жұмыс субъектілерін қолдау. 

Жалпы экономиканың түрлі саласында инновациялық бастаманы қолға алуға болады. Салалар бойынша шектеу жоқ. Ізденіс, әлем нарығын зерттеу, жақсы бизнес-жоспар, жігер мен ынта арқылы бизнес идеяңызды мемлекеттік қайтарымсыз қаржыландыру арқылы іске асыру әбден мүмкін. Бастамаңыз болса, ары қарай жобаны жүзеге асыруда Кәсіпкерлер палатасы мамандары көмектесуге дайын. Іске сәт! 

Әлия Кемелбекова

Massaget.kz