Ұлттық компаниялар табысы екі есе қысқарды

Ұлттық компаниялар табысы екі есе қысқарды
Фото: liter.kz

Ұлттық компаниялар ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айлары арасындағы кварталдық табысының көрсеткішін ұстап тұра алмады. Екінші квартал нәтижесі табыстың екі есе азайғанын көрсетіп отыр.

ҚР Статистика комитетінің ақпаратына орай, квазисектордағы компаниялардың екінші кварталдағы қызмет көрсету мен өнім шығару көлемі бірінші кварталға қарағанда 18,2 пайызға, ал өткен жылғы статистикамен салыстырғанда 8,6 пайызға артып отыр. Сәуір-маусым айлары аралығындағы корпоративтік табыс өткен жыл нәтижесінен 22,2 пайызға азайған. Ал табыс мөлшері шығынның екінші кварталда күрт өскендігінен азайып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың бірінші кварталында ұлттық компаниялар 131,6 миллиард теңге табысқа жетті. Бұл өткен жыл көрсеткішімен салыстырғанда 2,7 есеге көп болатын.

Бірақ екінші кварталдағы табыс көлемі 67,2 миллиард теңгеге дейін құлдыраған. Бұл 2016 жылдың табыс статистикасынан 31 пайызға аз. Ал ағымдағы жылдың екінші кварталымен салыстырғанда 2 есе төмен болып отыр.

Ж. Өрісбай