Қазақстанның сыртқы қарызы $1,7 миллиардқа өсті

Қазақстанның сыртқы қарызы $1,7 миллиардқа өсті
Фото: www.coindesk.com/

Қазақстанның сыртқы қарызы жылдық жалпы ішкі өнімнен 16,8 пайызға артып кеткен. Орта есеппен, әрбір қазақстандыққа 9 мың АҚШ долларынан тура келеді.

Ағымдағы жылдың бірінші кварталы есебіне орай, Қазақстан сыртқы қарызы 165,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Қарыз үш айда 1,06 пайызға ($1,74 миллиард) өскен. Қазақстан үкіметі 2017 жылдың соңына дейін $19,58 миллиард қарызын толықтай қайтаруы керек. Оның ішіндегі $7,31 миллиарды қысқа уақытта қайтаруға тиіс қарыз мөлшері болса, $12,27 миллиарды ұзақ уақытқа келісілген.

Қазақстан қай елдерге қарыз?

Қазақстан сыртқы қарызының 29,37 пайызын ($48,61 миллиард) Нидерландыға төлеуі керек. Содан кейін тізімде Ұлыбритания ($22,66 миллиард) мен АҚШ ($13,35 миллиард) көш бастап тұр. Еліміз сыртқы қарызының жартысынан көбін осы үш елге беруі тиіс.

Қазақстанның Виргин мен Бермуд аралдарына беруі тиіс қарыз "корпоративтік" болып саналады. Себебі аталған аралдарда тіркелген компаниялар елімізге инвестиция жасағаны үшін қарыз ретінде көрсетілген. Шындығында, ол компаниялардың басшылары қазақстандықтардың өздері. Тек Қазақстанға салық төлемеу үшін арнайы оффшорлық зонада тіркелген болып тұр. 

Жалпы қарыздың 36,49 миллиард АҚШ доллары (22,05% ) мемлекеттік қарыз есебіне кіреді. Ал қалған бөлігі корпоративтік қарызға жатады. Оның ішінде $12,21 миллиарды мемлекеттік басқару органдарының берешегі болса, 1,12 миллиард АҚШ доллары Ұлттық Банктың сыртқы қарызы. Содан қалған $23,16 миллиард мемлекет басқаратын квазисектордағы компаниялардың қарыздары болып саналады.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер ағымдағы жылдың бірінші кварталында сыртқы қарыздарының $0,5 миллиардын қайтарып үлгерді. Ал қалған бөлігі жалпы Қазақстан қарызының 4,03 пайызын ($6,66 миллиард) құрап отыр. 

Ж. Өрісбай