Қытайлық компания Қазақстанда 290 млн тонна мұнай өндірді

Қытайлық компания Қазақстанда 290 млн тонна мұнай өндірді
Фото: russian.news.cn

Қытайдың ұлттық мұнайгаз компаниясы CNPC-тің Қазақстанда энергетика ресурстарын өндірумен айналысып жатқанына 20 жыл толды. Осы уақыт бойында, аталған компания 290 миллион тоннадан астам мұнай өндірген. Бұл туралы Қытайдың Синьхуа басылымы мәлімдеді.

Қазіргі таңда, CNPC Қазақстандағы мұнай кен орындарынан тәулігіне 52 мың тонна мұнай шығарады. Айта кетсек, 1997 жылы қытайлық CNPC "Ақтөбемұнайгаз" компаниясының 66,7 пайыз акциясын сатып алған болатын. Алғашқы жылдары жылдық өндіріс көлемі 3,19 млн тоннаны қамтыған болса, 2010 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 млн тоннаға дейін артты. CNPC компаниясы осы уақыт аралығында жаңа кен орындарын да ашып үлгерді.

Қазіргі таңда, қытайлық компания Қазақстанда 30 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың 98 пайызы жергілікті тұрғындардан тұрады.

Одан бөлек, Қазақстаннан Қытайға мұнай тасымалдайтын құбыр жүргізілді. Құбырдың жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайды. Ағымдағы жылдың наурыз айына дейін Қытайға 100 млн тонна мұнай тасымалданды.

Сонымен қатар, Қазақстан Қытаймен газ секторында да тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. 2017 жылдың 4 маусымына дейін Орталық Азия-Қытай газ құбыры арқылы 180 млрд текше метр газ жеткізілді.

Ж. Өрісбай