EXPO-дан соң әлеуметтік жобалар қайта қаржыландырылады

EXPO-дан соң әлеуметтік жобалар қайта қаржыландырылады
Фото: www.kursiv.kz

Соңғы бір аптада АҚШ доллары құнының 10 теңгеге дейін қымбаттауы халықтың шетелдік валютаны көптеп сатып ала бастауына түрткі болды. Оған әсер еткен негізгі факторлар туралы Massaget.kz "Pro gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халықтың пікірін білген еді.

Астанада халықаралық деңгейде маңызы бар іс-шара басталғалы бері валюта құны біршама құлдырады. Мұның факторларын анықтау үшін алдымен теңге курсының қалай белгіленетінін анықтап көрелік.

"Ресей рублі Қазақстан теңгесіне қарағанда әлдеқайда қуатты. Ресеймен бір ынтымақтастық ұйым құрып отырғаннан кейін, сондай-ақ, ішкі нарыққа қажет тауарлардың басым бөлігі көрші елден келетін болған соң, ұлттық валютамыз оған тікелей тәуелді. Ұлттық банк теңге курсын анықтау үшін рубльдің өзге валюталарға қатысты құнын ескеріп, ешқандай бас қатырусыз, теңгеге аудара салады. Бұл біздің теңгенің әлдеқайда әлсіз екенін білдіреді", - дейді экономист.

Мақсат Халықтың айтуынша, теңге құны өзге валюталарға қатысты тұрақты курсын қалыптастыру үшін оны өндіріспен байланыстыру керек. Импорт пен шикізатқа тәуелді болмай, Қазақстан өзінің ішкі нарығындағы сұранысты өзі толығымен қамтамасыз ете алуы керек.

Ұлттық теңге көрші ел валютасына тәуелді екендігін ескерсек, Ресей Орталық Банкі бірнеше айдан бері интервенция үдерісін доғарып, орыс валютасын девальвацияға жіберуге тырысып келеді. Мұндай пікірмен Teletrade консалтингтік компаниясының қаржы кеңесшісі Дастан Әбдірахман бөлісіп отыр. Сарапшы маманның айтуынша, Ресей үшін, қазіргі жағдайда, девальвация - мемлекеттік маңызы бар іс. Себебі оның құнын жасанды түрде ұстап тұруға біршама қаржы жұмсалады. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы нарықтағы тауар бағасы тұрақтылығын жоғалтады. Бұл дефляцияға алып келуі мүмкін.

Валюта интервенциясына байналысты Ұлттық банк есебі

ҚР Ұлттық банкі ұсынған ресми ақпаратқа сүйенсек, қаржы нарығын реттеуші өткен жылдың қыркүйек айынан бастап валюта нарығында интервенция жасамаған. Себебі оған қомақты қаржы жұмсалады. "Интервенцияға байланысты соңғы рет жарияланған мәліметке орай, Ұлттық банк теңгенің курсын жасанды түрде ұстап тұру үшін 28 миллиард АҚШ долларын жұмсаған. Мұны естіген ел белсенділері мұндай қаржының жұмсалуы туралы не үшін алдын ала білмегендеріне наразылық танытқаннан кейін, кейінгі операциялар туралы ақпараттар Ұлттық банк ресми сайтында жарияланып отыратын болды. Сондықтан 2015 жылдың тамыз айында теңге еркін айналымға жіберілді", - дейді Мақсат Халық.

Мамыр айының басынан теңгенің долларға шаққандағы құны біршама төмендеді. Оған мұнай бағасының тұрақсыздығы мен ОПЕК елдерінің мұнай экспортын қысқартуға байланысты шешімінің кейінге қалдырылуы болып отыр. Одан бөлек, АҚШ тың Орталық Банкі (ФРЖ) кілтті пайыздық мөлшерлемесін көтеруі де әсер етті. Сонымен қатар, Ресей рублінің девальвацияға ұшырау мүмкіндігі туралы сарапшы мамандар пікірі негіз болып отыр. 

Ішкі нарықтағы тауар бағасы теңге курсына қарай бейімделетіндіктен, валютаның бірқалыпты бағамын сақтауы өте маңызды. ҚР Ұлттық банк теңгенің мұнай өндірісінің көлемі мен оның нарықтағы бағасының артуына орай, теңге қуатталса, ішкі нарықтағы тауар айналымы бәсеңдейді. Сол үшін Ұлттық банк теңгенің белгіленген бағадан артық қуаттталып кетпеуін де қадағалайды.

Ұлттық банк нарықты үдету үшін пайыздық мөлшерлемені 4 пайызға дейін түсірмек

Ұлттық банк белгілейтін кілтті пайыздық мөлшерлемесі жоғары болуы экономиканың тежелуіне алып келеді. Себебі пайыздық мөлшерлеме төмен болған сайын кәсіпкерлер бизнесін дамыту мақсатымен алатын несие үстемақысы да төмен болады. Бұл нарықта көбірек қаржы операцияларының болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда, ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге 10,5 пайызбен капитал ұсынады. Жоспар бойынша, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 пайызға дейін төмендетілуі керек.

"Теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін шетелдік валютадағы құны тұрақсыз түрде өзгере берді. 1 АҚШ доллары бағасы 300 теңге жақындай түскен кезде, халық бір даурығып, алаңға шыққан кезде, Ұлттық банк халықтың ашуын болдырмау үшін интервенцияға көшті. Күнде 1,2 миллиард АҚШ долларын нарықта сата бастады. Нәтижесінде нарықта америкалық валюта көлемі артып, бағасы арзандады. Сондағысы $1 құнын 270 теңгеге түсіру еді. Небәрі 5-6 күннің көлемінде интервенцияға 5 миллиард АҚШ доллары жұмсалып кетті", - дейді "Pro gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі.

Соңғы бір жылда ел аузында болған ЭКСПО көрмесі Астана қаласында жүріп жатқаны белгілі. ЭКПО-ға бөлінген қаржы жымқырылып, үкімет тарапынан тағы да қомақты капитал жіберу шешімі қабылданды. Нәтижесінде мемлекет тапсырысы бойынша жасалып жатқан әртүрлі әлеуметтік жобалардің біршама бөлігі тоқтатылып, мемлекеттік бюджет қаржыландырып жатқан квазимемлекеттік сектордің шығыны қысқартылды.

"ЭКСПО көрмесі өз мәресіне жеткеннен кейінгі қуантарлық жағдай, аталған іс-шараға бағытталған қаржы қайтадан әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталады. Ал теңге бағамына нақты болжам айту қиын. Әдетте халық үлкен мерейтойдан кейін теңге құлдырауы мүмкін деп уайымдайды. Бірақ қыркүйекке қарай мұндай шұғыл ауытқу болмайды деп ойлаймын", - дейді экономист Мақсат Халық. 

Ж. Өрісбай