Ішкі сауда саласына модернизация қажет

Ішкі сауда саласына модернизация қажет
Фото: ptzgovorit.ru

Бүгінде ішкі сауда мәселесі, әсіресе отандық өнімді өткізу мәселесі түйткілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын ұлттық экономиканың драйверіне айналдыру да жүзеге асырылуы маңызды міндет екені белгілі. Осы агроөнеркәсіп саланың даму үрдісі қандай, өңірлердегі ахуал қай деңгейде деген сауалдың аз-кем жауабын ісздестіріп көрейік. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі мен көтерме-үлестіру орталықтарының отандық тауар өндірушілерге тигізетін әсері жайлы ой қорытсақ...

Ауыл шаруашылығы драйверге айнала ма?

2017 жылдың І жартысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2% өскен. Оның ішінде тауар өндірісі 7,2% өссе, қызмет көрсету 2,3%-ға артқан. Ал ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2016 жылдың І жартыжылдығымен салыстырғанда 3,1%-ға артқан. Өсу қарқыны бойынша 62,8 % көрсеткішпен Алматы қаласы көш басында, одан кейін Павлодар облысы (8,2%) және үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысы (4,7%).

Бірақ, өсу қарқыны өңірді салыстыратын базалық көрсеткіштерге байланысты. Сондықтан өңірлердің ауылшаруашылық өнім шығару рейтингін де назарға алу керек. Осылайша 2017 жылдың қаңтар-маусым аралығында Алматы облысы Қазақстан Республикасында ауылшаруашылық жалпы өнім шығару бойынша бірінші орында. Қазақстанда шығарылған ауылшаруашылық өнімінің 16,8% осы өңірге тиесілі. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың бірінші жартысында жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығында өнім жалпы сомасы 887,5 млрд теңге. Өнім шығару бойынша рейтингтегі екінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы –139,1 млрд теңге, үшінші орынды 113,3 млрд теңге көрсеткішпен Шығыс Қазақстан облысы алып отыр.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін шаруалық және фермерлік қожалықтар өндіреді. Елімізде шаруа қожалықтарында 180 мың жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар жұмыс істейді. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сүйенсек, 69 ірі және 277 орта кәсіпорын жұмыс істеген.

Елбасының Жолдауда айтап көрсеткен «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген тапсырмасын жүзеге асыру үшін бүгінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру мен арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.

Көтерме-үлестіру орталықтар – жаңа тетік, тың бастама

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер өз өнімдерін қалай сататындығы, сауда орталықтарының сөрелерінде отандық азық-түлік өнімдерінің қойылу мәселесі өзекті. Импорттық тауарлардың орнына елімізде өсірілген әрі дайындалған өнімдердің сатылуы аса маңызды.

Сол себепті бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде ішкі сауда саласын модернизациялап, көтерме-үлестіру орталықтар желісін құру мәселесін көтеріп, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің пікір талқысына ұсынып келеді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 6 жылда азық-түлік тауарларының көтерме сауда 3 есеге артқан, яғни 1,5 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін артқан. Сауданың 80%-дан астамы ұсақ саудагерлердің үлесіне тисе, тек 9% ғана ірі көтерме сауда желісі арқылы өткізіледі. Тауар жеткізудегі көлік, логистикалық шығын, жүкті тасымалдау, сақтау шаралары өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта тауардың құнын 2-3 есеге дейін қымбаттады. Осылайша тұтынушы қымбат бағада өнім алады, ал пайданы өндіруші емес, ортадағы делдалдар көретіні анық.

Осы ретте көтерме-үлестіру орталықтарын құру арқылы бөлшек саудамен айналысатын базарларға, дүкендерге, мейрамхана, дәмхана, қонақ үй желілеріне көтерме сауданы ұйымдастыру ұсынылып отыр. Бұл бастама шетелдік білікті компаниялар бірлесіп жүргізілген зерттеудің нәтижесі деп айтуға болады.

Испанияның 1966 жылы құрылған Mercasa көтерме-сауда базарының өкілдері еліміздегі бірнеше базарлар мен сауда орындарына талдау жүргізді. Шетелдік мамандар Астана қаласындағы көлік-логистикалық орталығының қойма кешендерін, базарларды мен сауда үйін аралап, басшыларымен кездесіп, көкөністер мен жемістерді сатып алу, оларды сақтау, орам, және одан кейінгі үлестіру жүйесіне қатысты сауалдарға жауап алған.

Шетелдік мамандар Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өткізудегі заманауи транспарентті жүйені қалыптастыру мәселесі айтарлықтай маңызды екенін алға тартты. Ең алдымен Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда көтерме-үлестіру орталықтарының пилоттық жобасын іске қосу ұсынылған еді. Сарапшылардың айтуынша, көтерме-үлестіру орталықтары құрылысының бастапқы кезеңінде мемлекеттік қолдау аса қажет. «Mercasa» компаниясының тәжірибесіне қарағанда, бұл қажетті шарт. Осылайша, ақпараттық технологиялар мен МЖС құралдарын енгізе отырып, дұрыс стратегия мен тәсілдерді жүзеге асырғанда Үкімет екі негізгі мақсатқа жетеді: бірі – азық-түлік қауіпсіздігіні қамтамасыз ету, екіншісі – жыл бойы баға тұрақтылығы. Бұл шарт заңнамаға тиісті номаларды енгізумен және қажетті инфрақұрылымды салу арқылы орындалады. Инфрақұрылым ірі және ұсақ шаруашылықтардың емін-еркін кіруіне мүмкіндік беруді қамтамасыз етуі керек, бұл шығынды айтарлықтай азайтып, тауар бағасының қалыптасуына және жыл бойына тұрақты болуына оң әсерін тигізеді.

Мамандар пікірі:

Алтай Қарабеков, «Ауыл береке» базарының басшысы:

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көтерме-үлестіру орталықтарын құру туралы бастамасын толық қолдаймын. Кез келген кәсіпкердің ең басты мақсаты – пайда табу. Пайда арқылы жеке секторда жүрген кез келген

азаматты шабыттандыруға болады. Нәтижесінде, жұмысқа білек сыбана кірісетіні белгілі. Екіншіден, мұндай орталықтардың құрылуы нарықтағы бағаны тұрақтандыруға қатты әсер етер еді. Үшіншіден, кәсіптің тұрақты бизнеске айналу сапалы өнім шығаруға септігін тигізеді. Ең негізгісі азық-түлік саласындағы мәселе болған соң, халықты жыл бойы азықпен қамту үшін өнімді сақтау мақсатындағы әрекеттер жасалуы тиіс. Мәселен, негізгі картоп, пияз, сәбіз немесе жемістерді сақтауға арнайы температуралық режимді сақтайтын немесес құрғақ қоймалар қажет. Кәсіпкер ретінде, бизнес саласында тәжірибесі бар адам ретінде бұл бастаманы қолдаймын».

Алтынбек Садырбаев, «Алтын Тараз» орталық базарының бас директоры:

«Көтерме-үлестіру орталықтар аша отырып, бағаны тұрақтандыру, жалға алу бағаларын төмендету, тұрақты нарық орнықтыру мақсаттарына қол жеткіземіз. Жақын аймақтардағы шаруа қожалықтары бар, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер бар, Қырғызстан мен Өзбекстан шекаралары соңғы уақытта реттеліп қалғаны белгілі, солармен тікелей келісімге отырып, өнімдерді тікелей жеткізе алсақ, өнімнің бағасы мүлдем басқа болар еді. Жеке өз басым бұл жерде пайда іздемеймін. Бір-екі жыл тұрақталып, жұмыс реттелген соң ары қарай бағаны реттеу мәселесін шешуге болады. Базарда 17 павильон, 1200 шаршы метр орын жалға беріліп отыр. Қырық тонналы контейнерлерге бір вагон азық сыйып кетеді. 500-600 шамасында контейнерлеріміз дайын. Делдалдарсыз өріс пен қойма болса, баға төмен түседі».

Сөз соңында

Кәсіпкерлер Ұлттық палатаның бастамасына қолдау білдіріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа сатысына көтерілуге дайын екендерін жеткізіп отыр. Елімізде әрбір азамат туған жердің топырағында өскен таза әрі пайдалы өнімді пайдалануы үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау қажет. Ал көтерме-үлестіру орталықтары арқылы «Made in Kazakhstan» брендін қалыптастырып, нарықта бәсекеге қабілетті өнім дайындау мүмкіндігі арта түседі. Ал әзірге көтерме-үлестіру орталықтарын құруға ірі бизнес өкілдері қолдау көрсетпек, осылайша жаңғырудың үдеріс орындалып жатыр.

Қарлыға Телман

Ж. Жұмағұлов