Hyperloop жобасы шындыққа жақын ба?

Hyperloop жобасы шындыққа жақын ба?

Америкалық миллиардер Элон Маск күні кеше туиттердегі аккаунты арқылы Hyperloop жобасының Бостон-Нью-Йорк-Вашингтон қалаларын біріктіретіні туралы мәлімдеді. Hyperloop сызылған бағыт бойында Филадельфия және Балтимор қалаларына тоқтап өтуі жоспарланған.

Элон Масктың айтуынша, бұл адам баласы құрған туннельдердің ішіндегі ең ұзыны болмақ. Десе де, миллиардердің жоспарындағы Hyperloop жылдамдығын жүзеге асыру қиынға соғып тұр. Себебі қазіргі технологияның құдіреті ұшақтан да жылдам қозғалатын жаңа транспорт жүйесін құруға қауқарсыз. Сонымен қатар, Бостон-Нью-Йорк-Вашингтон туннелі жерасты бағыты ретінде салынбақ.

Элон Маск жақын болашақта Hyperloop транспортымен Нью-Йорктен Вашингтон қаласына жету үшін небәрі 29 минут жұмсайтыныңызды сеніммен айтады. Дегенмен Bloomberg басылымы аталған транспорт жүйесінің құрылысына көпжылдық инженерлік зерттеу мен қомақты қаржы керек екенін жазады. Нақты дерек ретінде Bloomberg тілшісі Нью-Йорктегі метро құрылысын келтіреді. Айта кетсек, жақында Нью-Йорктің Манхэттен округіндегі жаңа метро бағытының жұмысы басталды. Оның әрбір миліне (1,6 шақырым) 2,2 миллиард АҚШ доллары жұмсалып жатыр.

Hyperloop транспорты АҚШ-тың батыс бөлігіндегі Сан-Франциско мен Лос-Анджелес қалаларын біріктіреді. Дегенмен, жоба әзірге жергілікті билік өкілдері тарапынан мақұлданған жоқ

Bloomberg тілшісінің ақпаратына орай, мұндай бағыттағы жаңа транспорт жүйесін бітіру үшін кем дегенде 10 жыл қажет. Ал Маск мырза Hyperloop жобасын 2019 жылы іске қосуға уәде беріп отыр. Сол жылға дейін Нью-Йорк метросындағы құрылыс бар болғаны 8 мильге жылжуы ықтимал.

Айта кетсек, идеяны жүзеге асырумен айналысып жатқан The Boring Company мамандары осыдан екі ай бұрын Hyperloop транспортын іс жүзініде сынақтан сәтті өткізді. 

Жалпы темір жол құрылысы ерте заманнан оңайға соқпаған. Мысалы, Америка құрлығына алғашқылардың бірі болып келген ағылшын протестанттарының Хартвелл Карвер есімді ұрпағы трансконтиненталды темір жол идеясын көтереді. АҚШ конгресі оның жобасын мақұлдамай қойса да, ол өз дегеніне жетіп, Мичиган көлінен Тынық мұхитына дейін баратын темір жолды салдырады. Оның идеясы 22 жылдан кейін шындыққа айналды.

Hyperloop жобасының инженерлік зерттеулерімен Карнеги Меллон Университетінің ғалымдары айналысып жатқандықтан, болашақта Питтсбургтен Нью-Йоркке қатынайтын транспорт
Carnegie Mellon Hyperloop атауына ие болмақ

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннеди 1962 жылы Райс Университетінің студенттерімен кездесу барысында сол онжылдықта америкалықтың айға баруы тиіс екенін айтқан. "Біз мұндай мақсатты істей алуымызға толық сенгенімізден емес, оның күрделі әрі қиын болғандығынан таңдадық. Қолымыздан келеді деп сенемін",– деген болатын Кеннеди мырза.

Масктың жобасы да осы сынды күрделі кезеңдерден тұратын мәселеге айналған. Ол өзінің үш компаниясының даму барысын бақылай отырып, тағы Hyperloop сынды бірталай футуристік жобаларды жүзеге асыруға тырысып жүр. Сондықтан оны "Темір адам" образын беретін ойдан шығарылған Тони Старк есімді миллиардерге теңейді. Ал Элон Маскпен таныс адамдар оны Говард Хьюз сынды амбицияға ие екенін айтады. Айта кетсек, америкалық кәсіпкер әрі филантроп Говард Хьюз АҚШ авиациясын жаңа деңгейге көтерген азамат ретінде белгілі. Ол АҚШ ұшақтарының КСРО аналогтарына есе жіберіп алмауының амалын жасаған.

Әлемдегі ең жылдам транспорт жүйесін арабтарға ұсыну мақсатында жасалған видеодан Hyperloop транспортының жолға уақыт жоғалтқысы келмейтіндерге тиімді боларын көруге болады

Сонымен, бірталай футуристік идеяның басын ұстаған миллиардер Элон Масктың бұл жобасының да сәтті орындалуына сенім білдірейік. Hyperloop жобасы бір ізге қойылса, тиімді әрі табысты бизнес көзіне айналатыны анық. 

Ж. Өрісбай