Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ: Кәсіптің нәсібі қоғамға арналған

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ: Кәсіптің нәсібі қоғамға арналған
Фото: vk.com

Елімізде өмірлік мақсатын жүзеге асыруды армандаған жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы өз кәсібі арқылы өзіне де қоғамға да пайдасын тигізетіндей іс атқарып, қайтарымсыз берілген гранттың өтеуін адал өтеп, өзгелердің де мемлекет қолдауын ұтымды пайдалануына үлгі болса болғаны.

Бұл әсіресе кәсіпкерлік салада жетістікке жетуді мақсат еткендер үшін мол мүмкіндік.

Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды нәсібіне айналдырған жандардың қатарының көрсеткіші Атырау өңірінде де артып келеді.

Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасының халықпен етене тығыз жұмыс істеуінің нәтижесінде, өз кәсібін ашуға ниетті жандар қатарында Мақат ауданының тұрғыны Жақсылық Жұмағалиев те бар. Екі мамандықтың,атап айтқанда денешынықтыру және психология мамандықтары бойынша білімі бар Жақсылық Амангелдіұлы Мақат аудандық емханасында жұмыс істейді. Атырау облысындағы қимыл-тірек аппараты зақымданған, зейін тапшылығы синдромы, Даун синдромы секілді түрлі ақаулары бар балаларға арналған оңалту орталығы, сондай-ақ ересектерге арналған инсульттан кейін оңалту бағдарламасымен жұмыс істейтін «Болашақ К»Қоғамдық қорында екі жылдан аса емдік дене шынықтыру нұсқаушысы болып қызмет еткен Жақсылық Жұмағалиев өз алдына кәсіп ашуды мақсат еткен.

-Менің психолог және денешынықтыру маманы деген екі мамандығым бар. Бұл мамандықтар қазір сұранысқа ие,бастысы мамандығынды қоғамға пайдалы ететіндей жолдарды іздеу керек. Елімізде кәсіпкерлік саласына беріліп отырған мемлекеттік қолдаудан хабардар болып, өз кәсібімді ашуға ниет еттім. «Болашақ К» ҚҚ жанындағы оңалту орталығынан көп тәжірибе жинақтадым. Алыс –жақын шетелдер мен ТМД елдерінің оңалту саласы бойынша тәжірибелі мамандарының дәрісін алдым. Ауданымызда емделуге мұқтаж жандардың көптігіне байланысты «Ем болсын»жеке кәсібін ашып, емханадағы жұмыстан тыс уақытымда, қимыл-тірек аппараты зақымданған, инсульттан кейін оңалтуды қажет ететін жандарға көмектесуді мақсат еттім. Дегенмен әр істің басында жеткілікті қаражат болмауы қол байлау болып тұрады. Менің ниетім болғанмен де қажетті құрал жабдықты сатып алуға қаражатым болмай,кәсіп ашуға ниетті жандарға арналған бағдарламаға қатысуға ниет еттім. Атырау облыстық Кәсіпкерлер Палатасы жанынан «Бизнес кеңесші» курсына барып, қайтарымсыз грант алуға қол жеткіздім. Курсты оқу кезінде кәсіпкерлікке дайындау, істі сауатты жүргізу, құжаттарды заң шеңберінде дайындау секілді әр адам білуі тиіс көптеген жайттарды үйрендім. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының маркетолог-кеңесшісі тегін бизнес-жоспар жасақтап берді. Соның нәтижесінде адамдарды сауықтыратын құрал-жабдықты алып, қазір адамдарды емдеп жүрмін,-дейді кәсіпкерлік саласына берілген қолдауды нәсібіне айналдырған Жақсылық Амангелдіұлы.

Оның айтуынша, Мақат ауданында сырқаттанып қалушылар көп. Әсіресе инсультқа шалдығып, қимылсыз төсекке танылғандарға итальяндық аппараттың көмегі бар. «Мүгедек болдым, енді ешкімге керек емеспін деп өмірден баз кешкендей күйдегі адамдар, емдеу курстарынан соң, өмірге деген құлшыныстары, еңбек етіп табыс табуға ниеттері артып, онысы көздерінен көрініп тұрады. Мен де науқасты емдеу кезінде психологиялық білімімді қолданып, жігерлендіретін сөздер айтып, үміттендіріп, жақсылыққа сендіртіп сауығып кетуіне жан-жақты ықпал етудемін» дейді аз қамтылған, жағдайы жоқ жандарды аз ғана ақшамен емдеуді қолға алған Ж.Жұмағалиев.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау» төртінші бағытының операторы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болып табылады. Бағдарлама шеңберінде «Бизнес мектеп» жобасы жүзеге асырылады. Міне, осы бағдарлама арқылы қаражатқа ие болу, мақсаты айқын көп адамдарға көмек болып отыр.

-«Бизнес мектептің» мақсаты – кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар бұл екі күндік қысқа мерзімді «Бизнес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курсты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек, қандай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жылжу керек деген сияқты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей тоқырауға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады. «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шектеу қойылмаған. Осы курсты аяқтаған азаматтарға сертификат беріледі. Сертификат бизнес ашам дегем адамдарға жеңіл несие алуға мүмкіндік береді, дейдіАтырау облысы Кәсіпкерлер Палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.

Айтарлығы «Бизнес кеңесші» курсын онлайн және оффлайн түрінде оқуға мүмкіндік бар. Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша 327 адам оффлайн және 77 адам онлайн түрінде осы курсты оқып шыққан.

Сайып келгенде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы мақсаты айқын жандарды кәсіпке ынталандырып қана қоймай, оның кәсіп иесінің өзіне де қоғамға да орасан зор пайдасы болуын көздеген мақсаттарына жету жолында жұмысты жүйелі жолға қоя алып отыр. Ал, оның тиімділігін білген азаматтар ел экономикасы мен әлеуеті үшін жұмыс істеп ілгерілетіп әкетсе, елімізде өз кәсібінің риздығын көргендер қатары толығары сөзсіз.

А. Оралқызы