Тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған

Тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған
Фото: Atameken

Түркістандық Жанболат заңгерлік мамандықты қызыл дипломмен тәмәмдаған. Ақтөбедегі заң институтын лейтенант шенімен бітіріп шыққан ол Түркістан қалалық ішкі істер басқармасына бірден тергеуші болып жұмысқа қабылданады. Бірақ, жас маман бұл жауапты жұмыстан 1,5 жылдан кейін өз еркімен шығып кетеді. Себебі, біреу. Албырт жас азын-аулақ жалақыға қарап отырғысы келмей, мол ақша тапқысы келеді. Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы мемлекеттен 3 млн. теңге грант алып бөдене шаруашылығын дамытып,  табыс тауып отырған Жанболат Бахтиярұлы осылайша тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған жан.

Осыдан 12 жыл бұрын отбасымен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген Жанболат Әлімқұлов мектепті жақсы оқиды. Бірақ ол жұмыстан шыққан соң Кореяға жұмыс істеуге кетеді. Корея мемлекетіне 2017 жылдың тамыз айында кеткеннен ауылға 2018 жылдың наурызында оралады. Міне, Жанболатқа бөдене шаруашылығымен айналысу идеясы осы Кореяда жүргенде келіпті. Себебі онда бөдене өсіретін шаруашылықта жұмыс істейді. Бөдененің адам денсаулығына пайдалы тұстары мен оны бағудың технологиясын терең меңгерген ол ауылға келген соң бірден әрекетке көшеді. Бизнес жоспары дайын, тек ақша болса болғаны. Мемлекеттен беріліп жатқан қолдаулар туралы естіп, кәсіпкерлік мектебіне барады ғой. «Менде кәсіпкерлік мектебінен алған 2 сертификатым бар. Алдымен тренерлерден 3 күндік кәсіпкерліктің қырлары жөнінде  дәріс алсам, одан соң, 1 айлық «Бизнес бастау» курсына қатыстым. Өткен жылдың мамыр айында инновациялық жобалар бойынша конкурс болатынын есітіп, қажетті құжаттарды өткіздім. Тақырыбым – «Түркістан қаласы бойынша бөдене шаруашылығын дамыту». Маусым айында конкурстың қорытындысы жарияланды. Осылайша 3 миллион теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Бұл «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған мемлекеттің қолдауы екен. Тиесілі қаржы шілде-тамыз айларында қолыма тиіп, қажетті құрылғылар, 1000 дана бөдене сатып алдым», – дейді Жанболат бізбен әңгімесінде.

Жас кәсіпкер бөденені бағу үшін оған өз үйінің бір бөлмесін арнайды. «1,5 шаршы метрге 200 бөдене бағуға болады. Ал менің бөлмем 15 шаршы метр. Бүгінде отбасымызбен осы кәсіпті дөңгелетіп отырмыз. Әкемнен бастап, үйдегі 2 жасар ініме дейін бөдененің жұмыртқасын шикілей жұтамыз. Адам көзі жетпей білмейді ғой. Шынында да жұмыртқаны шикілей жұтқалы інімнің тәбеті ашылды. Жалпы, бөдене құсының адам денсаулығына пайдасы зор. Мәселен, тауықтың жұмыртқасын шикілей жұтқанда адам лоқсып, өзін біртүрлі сезінеді ғой. Ал, салмағы бар-жоғы 10-12 грамм болатын кіп-кішкентай теңбіл шұбар жұмыртқа өте жұмсақ, дәмі сезілмей де қалады. Ал тауықтың мәйегімен салыстырғанда онда А және В дәрумендері 5 есе көп болады. Оның құрамындағы пайдалы элементтер ағзаның радионуклидтерін шығаратын, қуықасты безін емдейтін, жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан, ұйқы безін қалпына келтіретін қасиетке ие.Егде жастағы адамдарға да өте пайдалы. Өйткені онда холестерин мөлшері аз. Қант диабетіне, аллергияға, созылмалы шаршау синдромына қарсы ем ретінде ұсынылады. Сондай-ақ бөдене жұмыртқасы кальций, калий, мыс, темір, фосфор секілді көптеген аминқышқылдар мен минералдарға өте бай. Сол үшін де дәрігерлер нәрестелерге бөдене жұмыртқасын беруге кеңес береді. Бұл құстың дене температурасы 42 градустан жоғары, сондықтан ол жұқпалы ауруларға төзімді болып келеді, соның ішінде, бөдене ешқашан сальмоннелез ауруымен ауырмайды. Демек оны шикілей жей беруге болады. Балаға күніне 2-3 дана бөдене жұмыртқасын берген абзал. Сондықтан келешекте балабақшалар мен мектептердің асхана рационына бөдене жұмыртқасы мен етін енгізу қажет деген ұсынысты айтып жүрмін. Тіпті, әрбір адам күнделікті тамаққа пайдалануды қолға алу керек. Әсіресе асқазан жарасына да бірден бір ем. Ресейде бөдене еті мен жұмыртқасымен емдейтін арнайы емдеу-сауықтыру орталығы бар» дейді Жанболат.

Айта кету керек, инкубациялау мерзімі 16 күнге тең үй бөденесінің салмағы 125-150 граммға дейін барады. Бұл құс жұмыртқаны 45 күнде басады. Бір бөдене жылына 250-300 жұмыртқа туады.  Жалпы бөдене жұмыртқасын өндіру тауыққа қарағанда арзан, әрі ол құс шаруашылығының ең тиімдісі саналады.

Міне, шаруашылықтың қыр-сырын толық меңгерген жас кәсіпкер толық табыс көзіне енді шығамыз деп отыр.  Жеке кәсіпкерлігін «Best Green House» (Үздік жасыл үй) деп атаған оның болашаққа жоспары көп.

Е. МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы.


Т. Есқали