Жадыра Ахметжанова: "Астана нарығына сапалы өнімдермен ғана шыға аласың"

Жадыра Ахметжанова: "Астана нарығына сапалы өнімдермен ғана шыға аласың"
Фото: Атамекен

Заманауи қоғамда салауатты өмір салтына бет бұру тенденциясы байқалады. Спортпен айналысу, артық салмақтан арылу, дұрыс тамақтану – салауатты өмір салтын ұстанған адамның күнделікті орындап жүрген қағидалары.

Пайдалы  тамақтануға келгенде, әсіресе, елорда тұрғындары талғампаз. Іскер әрі талғампаз адамдарды тамақтануда немен таңқалдыруға болады, үй жағдайында кондитерлік өнімді жасау мүмкін бе? Балаларға дәруменге бай, пайдалы тәттілерді қалай дайындауға болады? Шығыс мәзірінің құпиясы неде? Құрманың адам ағзасына беретін пайдасы қандай? Бұл сұрақтарға жас кәсіпкер, ізденімпаз, шығыс тәттілерінің бірегей рецептісінің авторы, екі баланың анасы Жадыра Ахметжанова жауап береді.

– Жадыра Серікқызы, бүгінде табысты бизнеске айналған хоббиіңіз туралы қысқаша айтып кетсеңіз? Идея қалай келді?

– Қазіргі таңда шоколадты құрма әзірлеймін, бұл өте дәмді әр пайдалы десерттің түрі. Оны табысты бизнес деп атауға әлі ерте. Дәл қазір мен сүйікті ісімнің бизнеске айналып келе жатқан үдерісін бақылап отырмын. Бастысы маған бұл кәсіп ұнайды, өзгелер қызығушылық танытып, қолдап жатыр. Құрма кәмпиттерін жасау идеясы 2-3 жыл бұрын келді. Үйде балкүлшелер, пирожныйлар мен тәттілер пісірдім, құрма қосылған шоколад – ол кезде жай ғана идея болды. Өйткені жаңа іс бастарда үнемі қорқыныш бірге жүреді, батылдық жетпей тұрады... Кейін мен тәттілерді пісіруді азайтып, тоқуға көштім, бір сөзбен айтқанда өзімді іздедім. Биылғы жылдың басында «Немен айналыссам екен? Өзіме де, басқаларға да қызықты болатын не бар?»деп жолдасымнан сұрадым. Дәл осы мезетте ол ертеректегі идеямызды еске түсірді. Шоколадқа малынған құрманың бір партиясын жасап көруді ұсынды. Жасап көрдім, ұнады, тәтті болып шықты (күледі). Бұл Қасиетті Рамазан айының қарсаңында болды. Барлық жұмыстарымызды Инстаграмға салып отырдық. Клиенттер пайда бола бастады. Ал Астанада ұсынған өніміңіз сапалы, қаптамасы сапалы, тартымды болмаса, танылу, өнімді өткізу – өте қиын. Астана нарығына сапалы өнімдермен ғана шыға аласың.

Мотиваторыңыз кім? Кәсіпке дайындалып келдіңіз бе, жоқ барлығы аяқ асты болды ма?

– Ең басты мотиваторларымыз – кішкентай балаларымыз. Себебі нені қолға алсаң да балаларыңның болашағы үшін жасайсың. Үнемі солар үшін еңбек еткің келеді. Жоғарыда айтқанымдай, мен екі жыл бойы кондитерлік өнімдерді әзірлегем, ас үйде көптемеген эксперимент жүргіздім, сондықтан қазіргі кәсібіме дайындықпен келдім деп айтуға болады.

Кондитерлік әзірлемелеріңіздегі басты ингредиенттің пайдасы қандай?

– Құрманың пайдасын қасиетті дінімізде айтылған. Оның пайдасы оте зор. Құрманы балалардан бастап, жүкті әйелдерге де, ер адамдарға, әжелерімізге де пайдалы. Шығыс тәттісін тұтыну адам ағзасында  магний, мыс, темір, күкірт, кальций, В топтағы дәрумендердің тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұған қоса құрма байырғы заманнанбері емдік қасиеттерімен танымал өнім, оны үнемі тұтынған адамның төзімділігі мен энергиясы артып, өмірі ұзарады.

Әлеуметтік желіде сіз ұсынған өнім көптің көңіліненшыққанын байқауға болады. Маркетинг, танылу, жарнама жасауды қалай жолға қойдыңыз?

– Қазіргі таңда қандай кәсіп болмасын, оны өткізу, жарнама, маркетингі жоспарын ойластыру қажет. Ең танымал желі Инстаграм болғандықтан біз содан бастадық. Нәтиже жаман емес. Бірақ осымен тоқтап қалмай ары қарай еңбектену керек. Жақын арада өз бизнес-жоспарыммен Астана қаласы кәсіпкерлер палатасына бармақпын. Бизнесімнің әлеуетін түсірмеу үшін кәсібилердің кеңесі мен қолдауы керек.

– Бәсекелестеріңіз бар ма?

– Қазақстанда кәсіпкерлер көп, әсіресе кондитерлік салада. Астана ауқымында құрма, өрік қағын кәмпиттерге негіз еткен әзірге біз ғана. Мәзіріміз құрманы жай ғана шоколадқа малу ғана емес. Бүгінде 5-6 түрлі шоколад және басқа да жаңғақ қосылған қоспалар бар. Ал қоспалардың құрамы – құпия.

– Азық-түлік өнімдерін әзірлегенде тәуекелдер қандай?

– Азық-түлік өнімдерін өзім жүріп таңдағанды ұанатамын. Тәттілерді күнделікті жасаған соң кептірілген жемістердің сапасы қандай болу керектігін білесің. Сапаны бірден айырасың. Алайда сапалы дүниені табу қиын, кей кездері өзіме қажетті ингредиентті бірнеше күн іздеп қаламын. Кәсібіміз науқанды. Яғни діни, басқа да мерекелер науқанына қарай сұраныс көбейеді, қазір тойларға тойбастарға деп тапсырыстар түсе бастады. Кейбір клиенттер ерекшелікті жақсы көреді, өзге қалалардан тапсырыс жасайды. Тұтынушыларымыз сан алуан. Біздің өнімді әдеткі «Рафаэлло», «Мерси» маркалармен бір қатарға қойып, жақындарына сыйлайды. Шоколадты құрма көп уақыт бойы бұзылмай тұрады. Біз өніміміздің ішкі сапасына, да сыртқы келбетіне де мән береміз. Мұндай тәтті кәдесыйды ұялмай сыйлауға болады. 

– Алдағы жоспарларыңыз?          

– Жоспарлар өте көп. Оның көбі маркетингке байланысты. Сондықтан кұпия болып қалсын.

– Сұхбатыңызға рахмет. 

Cұхбат алған: Әлия Кемелбекова

А. Оралқызы