Қызмет көрсетудегі тиімді маркетинг

Қызмет көрсетудегі тиімді маркетинг
Фото: vk.com

Нарық қатынастары басталысымен бизнес саласында, өндірісте алынатын өнімді түріне қарай жіктеу бар. Бизнесте кәсіп түріне қарай тауар, жұмыс, қызмет көрсету үштігі қашанда бірге жүреді. Кәсіпкерге де, өнімді қолданатын тұтынушыға да үшеуінің маңызы зор. Бүгін қызмет көрсету саласындағы бірқатар тиімді шешімдерге тоқталмақпыз.

Қызмет көрсетуде сізге қызмет көрсетіп жатқан даяшы, консъерж, авто тұрақ қызметкері көңіліңізден шықса, шайлық төлеп ынталандыру­– бұрыннан келе жатқан дәстүр. Мұны сіз қалауыңызға қарай жасайсыз. Ал сізді – клиентті еңбек етуге ынталандыратын қандай шешімдер бар?

Жылдам әрекет етуге ынталандыру

Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда сауда-саттық нысандары көп, әр сауда нысанының клиенттермен жұмыс істеу саясаты бар. Сауда орталықтарының автотұрақтары ақылы, алайда бәсеке жоғары. Қайтпек керек? Мәселен, кейбір ірі сауда–ойын-сауық орталықтарында көлік тұрақтарына көлік қою алғашқы бір сағат тегін, ары қарай ақылы. Мұндай мүмкіндікті білген клиент қала ішінен осы сауда нысанын таңдап, бір сағат ішінде шаруаларын бітіріп, тез шығып кете алады. Ал сауда орталығы осындай болмашы жеңілдік арқылы көп клиент тарта алады. Бір сағаттан кейінгі ақылы автотұрақ – қосымша ақша түсіру әрі көліктердің жылдам орын босатуына мүмкіндік береді.

Тиянақтылық үнемділікке бастайды

Супермаркеттер алдында әдетте анда-мұндатұрған тауар арбаларын көруге болады. Яғни супермаркетте сауда жасаған адамдар, өз көліктеріне дейін арбаны сүйреп, тауарды алып, арбаны босатқан соң оны сол жерде қалдырып кете береді. Мұнда ешқандай әбестік жоқ. Арбаны жинап, орнына қоятын арнайы қызметкерлер бар, оларға еңбекақысы төленеді. Алайда ірі супермаркеттерге келетін клиенттердің легі үлкен, ауқымды территорияда арбаларды тез жинап алу қиын, ал қосымша қызметке адам алу тиімсіз. Алматы қаласында кейбір супермаркеттер («Леруа Мерлен» сауда ортылығы) клиенттер арбаларды орнына қою үшін тамаша шешім тапқан. Арбалар бір біріне шынжырмен байланысқан, біреуін шешіп алу үшін 100 теңге төлеу керек. Саудаңыз аяқталып, арбаны орнына қайтарсаңыз 100 теңгеңізді қайта аласыз, арбаны орнына қоймасаңыз, 100 теңге – супермаркетке қалады. 

Бәрін бояп көр де таңдауыңды жаса

Бьюти саласында сауда қызып жатады. Өйткені қыз-келіншектер үнемі тартымды, әдемі, жас болып көрінгісі келеді. Қыз-келіншектермен қатар бьюти өнім мен қызмет көрсететін нысандар да көп. Бәсекеге қабілетті болу үшін сұлулық заттарын сататын дүкендер әйелдерге өнімдерді ұстап, кремдерді жағып, декоративті косметикамен боянып көруге мүмкіндік жасайды.Дүкен консультанттары бетіңізге келетін кремдер жайында ақпарат беріп, тиімді кеңес ұсынады. Тіпті көз қиығы, ерін формасына қарай қалай бояну керек, биыл маусымда қандай түстер сәнге кіретіні жайында ақпарат алуға болады.

Бонустар, бонустар...

Бонустар жүйесі – бүгінде кез келген табысты компанияның маркетингтік саясатында қолданылатын әдіс. Бонустар, әсіресе, сізге қызмет көрсететін банктың картасы бойынша қолдану етек жайған. Әр сауда жасағаныңызға қарай қайтарымды кэш арқылы шотыңызға қайтып келетін қаражат сауда жасай беруге әрі осы банкке тұрақты клиент болуға ынталандырады.Мұндай әдіс клиенттер базасын өсіруде қолданылады. 

Ән айт та, десерт ұтып ал

«Естідің бе, «Пәленбай» караокеде жақсы ән айтсаң, бір тапсырыс жасау тегін», – деп құрбыңыз айтса, кешкі отырысқа сол жерді таңдайсыз. Қызмет көрсетудегі осындай акциялар: «Екі киім сатып алсаң, үшіншісі тегін», «1 пицца құнына екі пицца алыңыз!»,«7-рет көлік жусаңыз, 8-сі тегін» сынды ұсыныстар көңіл аудартады, сіз қаражат үнемдейсіз, ал қызмет ұсынушы клиент жинайды.

Қызмет көрсетуде кәсіп бастауға ниетіңіз болса, бірақ қандай бизнес түрін таңдауды білмесеңіз, «Атамекен» ҰКП сарапшыларының биыл дайындаған «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты нұсқаулықпен танысуды ұсынамыз. Аталған ресурста жоба саласы, жоба құны, өтемділік мерзімі, оны жүргізуге қажет жабдық пен мүккәмал атаулары, құны, маркетингтік жоспар, шығын мен табыс есебі барлығы көрсетілген. Сондай-ақ, кәсіп бастауда өңіріңіз бойынша орналасқан Кәсіпкерлер палатасына жүгінген жөн. Кәсіпті кәсіби мамандармен бастаңыз!

Әлия Кемелбекова

 

А. Оралқызы