Туризм: табыс салымды қажет етеді

Туризм: табыс салымды қажет етеді
Фото: vk.com

Жаз келіп, күн жылына бастағаннан-ақ көпшілік қайда барып демалу керектігін ойластыра бастайды. Бірі өңірлерді аралап, тауға шығуды, енді бірі көлге шомылуды таңдаса, шет ел көруге асығатындар да жоқ емес.

Алматы облысы табиғаты тамаша, көрікті жері көп, демалыс ұйымдастырудың керемет мүмкіндігі бар өңір екені белгілі. Қалаға жақындары Қапшағай су қоймасына баруды жөн санаса, енді бірі Балқаштың балығын аулап, суына малтып келу үшін жолға шығады. Ал Алакөлді армандаған халықтың қарасы мол. Бірақ «Алакөл ғажап, жету азап» деп сипаттап жатқандардың саны одан да көп.

Міне, елдегі туризмнің ақсайтын тұсы осыдан басталады. Инфрақұрылымның басты мәселесі – жол салу. Әуе рейстерін, темір жол арқылы арнайы пойыз бағытын ашқанымен, демалыс аймағына жететін тас жолдың жайы қиын.

Тегісінен шұңқыры көп, асфальтынан тас-құм араласы мол ойдым-ойдым жолмен барып келгендер «Алакөлге тауды айналып тегіс жолмен барасың десе, көнер ем, барып қайтудың азабы суға түскен демалысыңды ұмыттырады» деген ойларын да жасырмайды.

Алакөл, Балқаш, Есіл, Ертіс, Жасыбай, Бурабай сынды еліміздің әрбір өңіріндегі өзен-көлдің маңындағы демалыс орындары үшін жаздың үш айында маусымдық бизнестен пайда табу – басты мақсат. Қай өңірді алып қарасақ та, қажетті инфрақұрылым деңгейі төмен екені айтылады. Бұл сырттан турист қабылдаудан бөлек, отандастар үшін тиімді демалыс ұйымдастыруды күрделендірері анық.

Маңызды мәселе республикалық деңгейде көтеріліп, бүгінде табысты саланы жаңғыртуға назар аударылған.

Туризмді дамытудың маңызды стратегиясы

Мәдениет және спорт министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, туризмнің алдында өр мақсат қойылған — ЖІӨ-дегі сала үлесін 2016 жылғы 1%-дан 2025 жылға қарай 8%-ға дейін арттыру. Алға қойылған міндетке жету үшін 2017 жылы біраз жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда, туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы қабылданды, онда кластерлік қағида туризмді еліміздің қазіргі экономика саласына табысты трансформациялау үшін негізгі болып айқындалды. Отандық туризмді дамыту тарихында алғаш рет дамыған мемлекеттердің ең үздік тәжірибесі бойынша мемлекеттік деңгейде туризмді басқару жөніндегі кеңсе құрылды – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы атынан «Destination management office».

Сонымен қатар ҚР Үкіметі туризмді ұлттық экономиканы әртараптандырудың алтыншы қозғаушы күші ретінде «Олимпиада трассасына» енгізді.  ҚР Үкіметі туризм саласында бірқатар жобаны қолға алған. Қазіргі кезде  құрамына 60-тан астам туристік объектілер кіретін туристификация картасы әзірлену үстінде. Картаға енгізілген жобалар халықаралық алаңдарда дамытылады. Осы топқа кірген 10 туристік жобаны жүзеге асыру үшін инвесторларды тарту қажет. 2023 жылға қарай біз ішкі туризмді 500 мың адамнан 2 миллион адамға, яғни, 4  есеге арттыру көзделген.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі туризмді ұлттық, сондай-ақ шетелдік туристерді тартуға қабілетті Қазақстанның толыққанды бәсекеге қабілетті саласына экономикалық трансформациялау мақсатында заңнамалық өзгерістер үдерісін бастаған.

Сапаның сандағы көрсеткіші

Министрлік берген ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ішкі туризммен келушілер саны 25% артып, 3,5 млн адамды құрады.

Ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың айтуынша Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Тек тиісті жағдайды жасау керек.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика  комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы ішкі туризмді таңдаушылар, 2016  жылымен салыстырғанда 20%-ға өскен. Салыстырмалы түрде 2012-2016 жылдар аралығын алсақ 4 жыл ішінде 6%-ға ғана өскен болатын. Бұл, қазақстандық саяхатшылардың соңғы жылдары отандық туризмді таңдауының нәтижесі. Ал шетелдік туристердің Қазақстанға келуі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2017 жылы 18%-ға артқан.

Сонымен қатар 2018 жылдың бірінші жартыжылдық есебі бойынша отандық туризмді таңдаушы саяхатшылар – 6,8%, Қазақстанға келген шетелдіктердің саны 29,4% артқан. Қазақ туризм басшысының мәліметінше, бұл Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі жоғары көрсеткіш.

«Атамекеннің» айтары бар

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризмді дамыту, туристік саладағы бизнес өкілдерінің мәселелерін шешу, құқығы мен мүддесін қорғау, даму тетіктерін қарастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Тіпті Ұлттық палата Төралқасы жанында Туристік сала комитеті жұмыс істейді.

Ұлттық палата басшысы Тимур Құлыбаев Ішкі және сртқы туризмді дамыту, сондай-ақ туристік бизнесті қолдау тақырыбын Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен «Kazakh Tourism» ҰК Төрағасы Рашид Күзембаевпен талқылау барысында бірнеше ұсыныс білдірді.

Ұлттық палата басшысы Қазақстан туристификациясының бірыңғай картасынан бөлек, туристік сұранысқа ыңғайлау, туристік бизнестің дамуы үшін инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігі үшін жергілікті жерде сервис деңгейін арттыруда өңірлік туристификация картасының болуы маңызды екенін атап өтті. Әкімдіктер осы жұмысқа белсенді қатыстырылуы тиіс, мемлекеттік бюджеттен таяу жылдары инфрақұрылымды дамытуға арнап жалпы 140 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, қазіргі таңда маңыздысы – барлық жүйелі мәселелер мен бағыттар халықаралық ереже мен нормаға сәйкес кәсіби нақты есеппен ескерілген Бас жоспар дайындау.

«Атамекен» басшысы республикалық туристификация картасын тұрғындар мен өңір кәсіпкерлерінің пікірін ескере отырып дайындауды ұсынды.

«Халықтың балаларымен қайда демалатынын ойластыру керек, демалыс жайлы, ең бастысы арзан болуы тиіс. Өңірлік салалық қауымдастықтарды қатыстырыңыздар. Жергілікті жерде тұрғындардан қайда демалатынын, оларға не қажет екенін, қандай талап-тілектері бар екенін сұрап, біліңіздер. Тұрғындар қайда демалу керектігін біледі, сол жерге инфрақұрылымды жеткізу керек», – деді Тимур Құлыбаев.

P.S. Көршілес жатқан «Өзбекстанда «Жібек жолы» халықаралық туризм университеті 2018/2019 оқу жылынан бастап студенттерді оқыта бастайды. Туризм, туризм дизайны, туризм саласындағы маркетинг, туристік қызметтер технологиясы және оны ұйымдастыру, туризмдегі логистика, кәсіптік білім беру, қонақ үй бизнесі, мейрамхана бизнесі, менеджмент бағыттары бойынша университетке 125 түлек қабылданады. Туризмнің әлеуеті де, келешегі де зор екеніне ерекше көңіл бөліп отырған ағайынды халықтан үйренер нәрсе көп-ақ.

Қазақстанның аумағы әлемде 9-орын алады, таулы аймақ, шөлді дала, өзен-көлі, пайдалы бұлақтары және бар. Емдік-сауықтыру шараларынан бастап жабайы табиғатпен танысу, мәдени мұра ескерткіштерін көрсету, экстремалды демалысты ұйымдастыру салаларын дамытып, туризмдегі қаржы айналымының бір бөлшегі ел қазынасына түсіп отыратындай жүйе қалыптасса, нағыз даму да, демалыс та, пайда да болар еді.

Қарлыға Телман

А. Оралқызы