Кәсіпкерлерге арналған жаңа мобильді қосымша қосылды

Кәсіпкерлерге арналған жаңа мобильді қосымша қосылды
Фото: google.kz

«Шеврон» компаниясы мен British Council (Британ Кеңесі) Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «My Business: шекарасыз бизнес» жаңа мобильді қосымшасының тұсауын кесті.

Қосымша Британ Кеңесі мен «Шеврон» компаниясы іске асыратын «I-SEED: Әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасының шеңберінде әзірленген және әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған.

«My Business: шекарасыз бизнес» мобильді қосымшасы кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлерге өз бизнесін бастауға және жүргізуге көмектеседі. Қосымшада кәсіпкерлік бастаманы тиімді іске асыру үшін қажетті, бизнес жобаларды ашуға және одан әрі дамытуға керек анықтамалық және басқа да ақпарат, заңдық база мен бизнес негіздері, сондай-ақ тәжірибелі кәсіпкерлердің пайдалы кеңестері, әлеуметтік кәсіпкерлік туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар, сәтті кейстер мысалдары және тағы басқалары да бар.

«My Business: шекарасыз бизнес» мобильді қосымшасы – Еуразия континентінің кәсіпкерлеріне, кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және оның сандық және сапалық тұрғыдан табысты ету үшін жасалған, бірегей, еш жерде тікелей ұқсастығы жоқ өнім. Біз осы қосымшаға арнап әлеуметтік кәсіпкерлік туралы бөлімді әзірлеуге көмектескені үшін «Шеврон» компаниясы мен Британ Кеңесіне алғысымызды білдіреміз», - деп атап көрсетті Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің төрағасы Ерлан Стамбеков.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Атамекенім» ақциясының қарсаңында «My Business: шекарасыз бизнес» мобильді қосымшасының тұсау кесері I-SEED жобасының кезекті маусымының жабылу сәтінде өтті. 2017 жылы жобаға 300-дей адам қатысып, олар жобаны басқару, қаржы тарту, жобаларды әлеуетті инвесторларға таныстыру, бизнесті жоспарлау бойынша білім алды. Жыл бойы I-SEED қатысушылары өз беттерімен 18 әлеуметтік жобаны іске асырып, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында 12 жоба әзірледі, солардың ішінде екі үздік жоба «Шеврон» компаниясының 2000 АҚШ доллары көлеміндегі қаржыға ие болды.

«I-SEED: Әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасын Британ Кеңесі мен «Шеврон» компаниясы 2013 жылдан бастап іске асырып келеді. Жоба Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті ілгерілету арқылы әлеуметтік тұрғыдан белсенді жастарды қолдауға және әлеуметтік проблемаларды орнықты шешу үшін жағдайлар тудыруға арналған.

А. Қажиев