"Атлетико" - УЕФА Суперкубогының иегері

О Сансызбай Корреспондент
"Атлетико" - УЕФА Суперкубогының иегері
Фото ©️ getty images

Мадридтік дербиде "Атлетико" жеңіске жетіп, 2018 жылғы УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Таллинде өткен кездесу тағдыры қосымша уақытта шешілді.

БӨЛІСУ

Ойын бастала салысымен Диего Симеоне шәкірттері шабуылға лап қойды. Тәжірибелі шабуылшы Диего Коста аянып қалмады. Алғашқы минутта-ақ мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Оның бар күшін сала тепкен добын Кейлор Навас қайтарып үлгермеді.

"Корольдік клуб" 27 минутта таразы басын теңестірді. Гарет Бэйлдің әуелете асырған пасына бірінші жеткен Карим Бензема допты қақпаға баспен бағыттады. Доп қақпа торында тулады.

63 минутта "Реал" екінші голын соғып, есепте алға шықты. Бұл тұста Хуанфран өз айып алаңында қолмен ойнаған болатын. Бас төреші пенальти белгіледі. Серхио Рамос 11 метрлік айып соққысынан сасқан жоқ. Ян Облактан айласын асырды. 79 минутта Диего Коста дубль жасап, қайта есепті теңестірді.

Қосымша уақытта "Атлетиконың" адуыны артты. Шабуылда ширақ ойнап, гол соғуға асықты. Команданың бұл ойын жүйесінен нәтиже шықты. 98 минутта Сауль Ньигес тамаша гол соғып, жанкүйерлерін қуантты. Ал 104 минутта Кокенің соққан голы бұл ойындағы жеңімпазды анықтағандай болды. 4:2 есебі сақталып, "Атлетико" жаңа маусымды жарқын жетістікпен бастады.


"Атлетико" өз тарихында УЕФА Суперкубогын
үшінші рет иеленді. Осыған дейін бұл жүлдені 2010 және 2012 жылдары да жеңіп алған еді. "Реал" болса бұл марапатты үш жыл қатарынан жеңіп алған алғашқы команда атана алмады.