Жеңіл атлет Татьяна Нерознак Азия чемпионатында алтын алды

О Сансызбай Корреспондент
Жеңіл атлет Татьяна Нерознак Азия чемпионатында алтын алды
Фото ©️ Vesti.kz

Бүгін Иран астанасы Тегеранда жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионаты басталды. Жарыста қазақстандық спортшылар арасында алғашқы алтын медальды 3000 метрге жүгірген Татьяна Нерознак жеңіп алды.

БӨЛІСУ

Бәсекенің финалдық кезеңінде ол екінші келген қырғызстандық Гүлшана Сатаровадан (9.48.03) 15 секундқа озып кетті. Үздік үштікті вьетнамдық Тхи Оан Нгуен (9.48.48) түйіндеді.

Бұл - Қазақстан құрамасының екінші жүлдесі. Бұған дейін биіктікке секіру бәсекесінде Надежда Дубовицкая қоржынымызға қола жүлде салған еді.

Еске салайық, Өскемен қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде Татьяна Нерознак 3000 метрге жүгіруден 35 жыл бойы сақталып келген ел рекордын жаңартқан болатын.

Татьяна алғаш рет жабық кешендегі Азия чемпионатында топ жарды. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары 800 метрге жүгіруден қола жүлде алған.