Зарина Дияс Страсбургтегі жарысты екінші айналымда аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
Зарина Дияс Страсбургтегі жарысты екінші айналымда аяқтады
Фото ©️ sports.kz

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Францияның Страсбург қаласында өтіп жатқан «WTA Internationaux de Strasbourg» халықаралық турнирінің екінші кезеңінен аса алмады. Отандасымыз жарыстағы екінші ойынында ресейлік Алла Кудрявцеваға есе жіберіп алды.

БӨЛІСУ

Зарина Дияс пен Алла Кудрявцева арасындағы ойын 2 сағат 35 минутқа созылды. Бірінші сетте отандасымыз қарсыласын 6:4 есебімен жеңіп шықты. Екінші сетте ресейлік теннисші дәл осындай есеппен басым түсті. Шешуші сет тай-брейкке дейін жалғасып, Алла Кудрявцева 7:4 есебімен ұтып кетті.

22 жастағы қазақстандық теннисші қазіргі таңда WTА рейтингінің 93-ші орнында. Ал ресейлік теннисшінің нәтижесі 184-орын болатын. Осыған дейін екі теннисші ірі жарыстарда бір-ақ рет кездескен. Ол ойында Зарина жеңіске жеткен болатын. Бүгінгі ойыннан кейін өзара кездесулер нәтижесі теңесті (1:1).

Айта кетейік, бірінші айналымда Зарина Дияс америкалық Шелби Роджерсті ұтқан еді.